Accessibility links

Қытай экономикасы өркендеп тұрғанымен, алыстағы ауыл тұрғындарының наразылығы елдің артта қалғандығын аңғартқандай


Қытай экономикасы өткен жылдың алдында тағы да алға басты, жалпы өсім деңгейі 10 процент болды деп бағаланды. Жақын жылдардағы бірқалыпты өсу деңгей миллиондаған қалалық қытайлықтарды жетістікке жеткізіп, табысқа бөледі.

Алайда Қытайдың алыс аудандары мен ауылдарында тұратын тұрғындар мен фермерлер мұндай табыстарға қол жеткізе алды деп айтуға келмейді. Қытай елінің басшылары бұдан елдің ішкі тұрақтылығына қауіптің бар екендігін мойындағанымен, мәселені шешудің жолын таба алмайтын сияқты.

Қытай мемлекетінің жетекшілері ұзақ уақыт бойына елдің индустриялық және технологиялық негіздерін дамытумен айналысып келді. Алайда осы жақын арада ғана олар ауылдар мен алыс аймақтардың экономикасын көтеру үшін жеткілікті шаралар жасай алмағандарын көріп-біліп отыр. Ауыл тұрғындары бұл ретте мүлде артта қалған, кейбірі тіпті кедейлікті бастан кешіруде. Сол себепті де жекелеген аймақтарда тұрақсыздық белгілері өсіп барады.

Қаңтар айында ғана Жейанг провинциясындағы бір ауыл тұрғындарының шерулері басты назарға іліккен болатын. Ал енді Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі жариялаған деректерге қарағанда, өткен жыл бойына бүкіл ел көлемінде 87 мыңдай шерулер, наразылық акциялары, ереуілдер болған екен. Бұл көрсеткіш оның алдындағы жылдармен салыстырғанда 7 процентке жоғарылап кеткендігін көрсетеді.

Ресми «Синьхуа» агенттігі Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің аты аталмаған шенеунігіне сілтеме жасай отырып, Қытай ұзақ мерзімге жалғасатын әлеуметтік келеңсіздіктер, тұрақсыздық алдында тұр деген сөздерін келтірген. Бұл аралықта Қытайдың премьер-министрі Уен Жибао әлеуметтік әділеттіліктерге бағытталған жаңа шараларды қолға алуға шақырды. Ал алдағы наурыз айының басында Халық Конгресі осы мәселелерге арналған сессиясына жиналғалы отыр.

Париждегі халықаралық зерттеулер мен ізденістер орталығындағы Қытай жөніндегі сарапшысы Жан-Филиппе Бежа бұл күрделі мәселеде оны шешуге бағытталған нақты істен гөрі, бос сөз көп дегенді айтады.

- Мұнда әлеуметтік әділеттіліктер турасында пікірталас пен әңгіме көп. Олар бұл жөнінде айтқанымен, ешнәрсе істемей отыр, өйткені проблеманың тамыры - режимнің үлгісінде, жұмыс істеп тұрған системада жатыр. Оның ішінде жергілікті кадрлардың билігінде шек жоқ. Өйткені жергілікті партиялық мықты құрылымдар коммунистік партияның бақылауының негізі болып табылады.

Алайда талдаушы Қытай бас министрі Уен әзірге мұндай жұмыс үлгісін өзгерте қоятындай әзірлік таныта қойған жоқ деп атап көрсетеді:

- Бұл системаны, жүйені қайта құруға байланысты, аз да болса демократия орнатуға қатысты сұрақтар және ол өте қауіпті. Үкімет Қытай қоғамында, әсіресе ауылдық жерлерде автономиялық ұйымдарды көбейтуден қорқады. Және орталық жетекшілер партияның жергілікті деңгейіне тәуелді, үкіметтің де билікте қалуы соған байланысты. Сол себепті де бұған тиісу соншалықты қиын.

Бұл ретте Британияның Оксфорд университетінің талдаушысы Рэн Миттер былай дейді:

- Шын мәнінде сіз бұл жағдайға бүкіл әлем жүзінде қарайтын болсаңыз, мұнда көп қоғам бар, мәселен мен Колумбия сияқты біреуін атасам, ол жарқын мысал болар еді, мұнда мемлекет пен ауылдық қоғамның қарым-қатынасы толықтай ретке келмеген, бұзылған жағдайда. Қытайға ондай ел болу үшін ұзақ жол қажет, өйткені мұнда үкімет көбірек күшке ие.

Миттердің айтуынша, Бейжіннің бұған қосымша бұл проблеманы шешудің екі баламалы стратегиясы бар. Оның бірі - өзгеше ойлайтын, пікірқайшылығы барларды мемлекетке қарсылар деп басып-жаншу, ал келесі бір жолы - кәсіпкерлік экономикалық өсу жолына дейін болған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қалпына келтіру болмақ.
XS
SM
MD
LG