Accessibility links

Әл-Қаида күдіктілері Йемен түрмесінен қашып шыққан


Йемен түрмесінен қатарында 13 Әл-Қаида күдіктісі бар, жиыны 23 адам қашып шыққаны жөнінде халықаралық Интерпол полиция ұйымы ескертіп отыр. Интерполдың айтуынша, жұма күні Йемен түрмесінен қашып шыққандардың қатарында 2000 жылы американдық әскери кеме "USS Cole"-ге және 2002 жылы Францияның "Limburg" танкеріне қарсы шабуылдарға тікелей қатысты адамдар бар .

Қашып шыққандардың қатарында 2000 жылы американдық әскери кеме "USS Cole"-гe қарсы шабуылды ұйымдастырған деп Йемен соты тарапынан айыпталған Джамал Ахмед әл-Бадауи бар.

2000 жылы шабуылдаушылар Йеменнің Аден су бекеті жанында тұрған американдық әскери кемеге қарсы жарылғыш заттар тиелген қатарынан екі қайықты бағыттаған болатын. Шабуыл салдарынан 17 американдық әскери теңізші құрбан болды.

Йемен түрмесінен қашып шыққандардың ендігі бірі – Фаяз Яхия Рабейей 2002 жылы Францияның "Limburg" танкеріне қарсы шабуылды ұйымдастырушылардың бірі ретінде күдікке ілінген. Бұл шабуыл кезінде кеме экипажының мүшесі Болгариялық бір азамат құрбан болып, 90 мың баррел шикі мұнай теңізге төгілген еді.

Өз мәлімдемесінде Интерпол қашып шыққан 23 адамның кемінде 13-і Әл-Қаида мүшесі ретінде күдікке ілінгенін хабарлайды. Йеменнен сыртқары шығып кететін болса, бұл адамдар шет мемлекеттерге қауіп төндіруі мүмкін делінген Интерполдың мәлімдемесінде.

Әлемдегі терроризм қаупін зерттеумен айналысатын кеңес беруші Control Risks ұйымының Әл-Қаида бойынша талдаушы маманы Нэйл Куиллиан бұл тұрғыда Азаттық радиосына берген сұхбатында былай дейді:

"Әл-Бадауи Осама бин-Ладен және оның Әл-Қаидасымен арадағы байланысты бұл ұйым Йеменде болған кезінде негіздеген. Ол Әл-Қаидамен тығыз ынытмақтастықта болып, бұл ұйымнан көп нәрсе үйренген, Ауғаныстанда жаттығудан өткен".

Лондондағы Control Risks ұйымының Әл-Қаида бойынша талдаушы маманы Нэйл Куиллиан-ның айтуынша, бұл әл-Бадауидің Йемен абақтысынан алғаш қашып шығуы емес.

"Әл-Бадауи түрмеден 2003 жылы да қашып шыққан еді. Оған сол жолы түрме күзетшілерінің әрекеті көмектескен еді. Сөйтіп бұл Әл-Қаида мүшелерінің Йемен абақтысынан алғашқы рет қашып шығуы емес", - дейді Control Risks ұйымының Әл-Қаида бойынша талдаушы маманы Нэйл Куиллиан.

Бұл жолы әл-Бадауи және онымен бірге отырғандар түрмеден жер астымен қазылған 100 метрден ұзын туннел арқылы қашып шыққан. Мамандардың пайымдауынша, бұл жолы да қашып шыққандарға сырттан жәрдем бергендер болған.

Әл-Қаидамен күрес мәселесінде Йемен Американың аймақтағы басты одақтастарының бірі деп саналады. Алайда, Әл-Қаида мүшелерінің Йемен түрмесінен бұлайша қашып шығуы Йеменге бұл мәселеде қаншалықты арқа сүйеуге болады деген сауалды да тудырып отыр.
XS
SM
MD
LG