Accessibility links

НАТО ресмилері Ауғанстанның солтүстігінде Мұхамед Пайғамбар сайқымазақ етілді деп өршіген наразылық шерулері бәсеңдей түседі дейді


Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында орналасқан НАТО бастаған халықаралық бейбіт күштердің басқарушылары бұл аймақта Европа басылымдарында Мұхамед Пайғамбар әжуаланды деп етек алған наразылық шерулері жақын арада басылады дейді. Кейбір жергілікті ауғандар мұндағы наразылықтарға кең қолдаудың жоқтығымен де келіседі. НАТО өкілдері мұндай бей-берекеттіктерді елдің оңтүстігіндегі көтерілісшілермен немесе шекаралас жатқан Пәкістан, Иран сияқты елдермен байланысты элементтер басқарып отырған болуы керек деп күдіктенеді.

Ауғанстандағы НАТО одағы офицерлерінің ойынша, наразылық қақтығыстары әсіресе елдің солтүстігінде Маймана, Шеберган, Мазари-Шариф сияқты қалаларда өзінің шыңына жетіп, енді олардың екпіні бәсеңдей түскен тәрізді.

БҰҰ-ның халықаралық бейбіт бітімгершілік күштерінің бір бөлігі болып табылатын НАТО-ның офицерлері Батыс газеттерінде жария болған суреттерде Мұхамед Пайғамбар келемеж етілді деп ереуілдерге жиналған адамдардың саны оншалықты көп болған жоқ дейді. Ауғанстанның солтүстігінде Халықаралық бітімгершілік күштердің заңдылықты қатаң сақтауға тырысуының арқасында алдағы бірнеше күнде бұл наразылықтар басылып та қалады дейді олар.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында осы бітімгершілік жасақтарының капитаны Гарец Дэвис мұндай шерулер Ауғанстандағы тұрақтылыққа ұзақ уақыт бойына әсер ете алмайды дегенді айтады.

- Менің ойымша бұл қақтығыстар ұзаққа бармайды және барылғы да өз қалпына келеді. Осындай жағдайлар бұрын да болған, Ауғанстанда да, әлемнің басқа да жерінде, мәселен, Гуантанамо оқиғасы немесе соған ұқсас басқа да жайттар. Ұқсас жайттар осында да болған және ол бірден жойылған. Мұнда НАТО жасақтарына қарсы ұзаққа жалғасқан ешнәрсе де болмайды.

7-ақпан күні солтүстік-батыстағы Маймана қаласында бірнеше жүздеген шерушілер осындағы аймақта реконструкция жүргізетін Норвегия командасы орналасқан базаға шабуылдаған. Олар қолдарына таяқ, тас, бөтелкелер алып алған, ал кейбір хабарларға қарағанда, тіпті гранаттар да болған көрінеді. Олар сондай-ақ генерал Абдул Рашид Достумның милиция топтарымен атысуға дейін барған. Бұл аталған топтар Фариаб және солтүстіктегі басқа да аймақтардың қауіпсіздігіне жауап береді.

НАТО Майманаға бірден Британия солдаттарымен екі ұшақ жіберген. Ал халықаралық бітімгершілік күштерінің қатарындағы Данияның алты жасағы да Мазари Шарифке көшірілген. Мазари Шарифтегі НАТО базасындағы Халықаралық бітімгершілік күштер офицері, майор Фред Уичело наразылық шерулері бейбіт күштердің жергілікті халықпен қарым-қатынасына қауіп төндіреді деп ойламайтындығын айтқан.

- Біз мұнда жалпы алғанда Ауғанстанның солтүстігіндегі тұрғындармен өте жақсы келісім, байланыстамыз. Мұнда басқа даулы мәселелер өткен уақытта болған. Олардың бәрі де ешқандай қақтығыссыз немесе қиындықсыз шешілген. Міне, мұның бәрі де біздің жерглікті халықпен жақсы қарым-қатынасты ұстап тұрғанымызға байланысты.

Уичело мен Дэвистің екеуі де қазіргі таңда мұнда соншалықты бір қиындықтарды көріп тұрғанымыз жоқ десе де, орын алған шерулерді елдің оңтүстігіндегі көтерілісшілер немесе Пәкістан, Иран сияқты шекаралас елдердегі әлдебір элементтер ұйымдастырып отырған болу керек деген күдік айтады.

Мәселен, капитан Дэвис қақтығыстарды Халықаралық бітімгершілік күштер мен Батысқа наразылық көрсеткісі келетіндер ұйымдастырды дегенді айтады:

- Менің ойымша, Кабулдағы қақтығыстар осындай жалпы мақсатты көздегендердің ұйымдастыруымен болды. Олар тек қана Данияда жарық көрген карикатураларға наразы болып отырған жоқ, олар бұнымен Халықаралық бітімгершілік жасақтарына немесе батыстықтарға қарсылық білдіргісі келгендер. Кабулда осылай ойлайтын адамдар жеткілікті.

Өткен жарты жылдың ішінде Мазари Шариф бірнеше шабуылдарға тап болды. Полиция басшысы Мохаммед Нұр Ауғанстаннан тыс жерлердегі кейбір элементтер елдің карикатураларға байланысты ашулы көңіл-күйін халықаралық күштердің Ауғанстанда тұрғанына қаламайтын адамдар өз мақсаттарына пайдалануға тырысады дегенді айта келіп, ауғандықтардың 90 проценті НАТО мен халықаралық бітімгершілік күштердің болғанымен өздерінің тыныштығын байланыстырады деп атап көрсетеді.
XS
SM
MD
LG