Accessibility links

Иранда тұратын еврейлер ел президентінің Холокост болмады деген сөздерін сын астына алды


Иранда тұратын еврейлер қауымдастығының жетекшісі Хароун Яшаяей ел президенті Махмуд Ахмединежадқа оның Холокост болмады деген сөздеріне орай хат жолдады. Өз хатында Иран еврейлерінің жетекшісі мұндай мәлімдеме халықаралық қауымдастықты абыржытқанын, ал Иранда тұратын шағынсанды еврей қауымдастығы арасында үрей тудырғанын атап көрсетіпті.

Иранда тұратын еврейлер қауымдастығының жетекшісі Хароун Яшаяей бұл хатында, сондай-ақ, 2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде еврей ұлтының басына түскен зұлмат Холокостты XX-шы ғасырдағы ең қаралы оқиға деп атаған. "2-ші Дүниежүзілік соғыс кезінде Европада еврейлерді өлтіру мен қудалауға орай нақты дәлелдерді қалайша жоққа шығаруға болады?"- деп сауал қояды ол.

Бұл Иранда тұратын еврейлер қауымдастығы жетекшісінің Иран Президентінің Холкостқа қарысты мәлімдемелерін алғаш рет ашық сынауы болды. Мәлім болғанындай, Иран Президенті Махмуд Ахмединежад соңғы айларда бірнеше рет нацисттік Германия кезінде еврейлер Холокостты бастан өткерді дегенді күмән астына алып, оны тіпті "аңыз" деп те атады.

Мұндай соңғы мәлімдемесін ол ақпанның 11-інде Иран революциясының 27 жылдығын атап өту салтанаты кезінде жасады.

"Айтқаныңыз жалған болмаса, онда тәуелсіз, әрі әділ зерттеушілер тобын Европаға жолдап, сонда [Холокостқа қатысты] құжаттарды тексерткізіп, ел-жұртты сол Холокост деген аңыз туралы зерттеудің нәтижелерімен таныстыру ұсынысын да жасадық", - деді Иран президенті.

Қаңтардың 26-сында президентке жолдаған хатында Иранда тұратын еврейлер қауымдастығының жетекшісі Хароун Яшаяей Холокост аңыз емес, керісінше "Батыс өркениетіне жұққан жара" боп қалып отыр деген.

Иранда тұратын еврейлер қауымдастығының жетекшісі Холокостты 1988 жылы Халабчедегі күрдтерді жаппай қырған химиялық шабуылмен, 1982 жылы Сабра және Шатила босқындар легеріндегі палестиндықтарды жаппай өлтіру оқиғасымен салыстырған. Мұндай оқиғалардың ешбірін аңыз деп атауымызға болмайды,- дейді өз хатында Иранда тұратын еврейлер қауымдастығының жетекшісі Хароун Яшаяей.

Иран Президенті Махмуд Ахмединежадтың Холокостты аңыз деп атауы, Израиль мемлекетін Европаға немесе Аляскаға көшіріп жіберу қажет деген мәлімдемелерін бірқатар мемлекет, оның қатарында А.Қ.Ш., Европа Одағы қатаң сынап шықты.

Иранның өз ішінде де кей талдаушылар Ахмединежадтың Израильге қарсы мәлімдемелері Иранның ұлттық мүдделеріне кері әсерін тигізуі мүмкін деп ескертті.

Иран парламентіндегі ұлты еврей жалғыз депутат Морис Мотамед Азаттықтың парсы тілінде хабар тарататын Фарда радиосына ақпанның 11-інде берген сұхбатында Холокост болмады деген сөзді әлемдегі барлық еврейлер қорлық деп қабылдайтынын мәлімдеді.

"Еврей қауымдастығына тікелей қатысты мұндай ғаламат тарихи трагедияны мойындамау әлемдегі бар еврей қауымына қарсы тіл тигізу ретінде ғана қарастырылуы мүмкін", - деді өз сұхбатында Иран парламентіндегі ұлты еврей жалғыз депутат Морис Мотамед.

Алайда оның сөзінше, Холокостқа қарсы мәлімдемелер Иранда тұратын еврей қауымдастығының өміріне теріс әсерін тигізе қоймайды.

"Ирандық еврейлер бұл елде ықлым заманнан бері, шамамен 2.700 жылдан бері жасап келеді. Осы 2.700 жыл барысында олар бұл қоғаммен толық түсіністікте, достық, ағайындық жағдайда өмір сүрді. Сондықтан, мұндай мәселенің көтерілуі Ирандағы еврей қауымдастығына қандай тұрғыдан болсын кері әсер ете қояды деп ойламаймын", - деді Иран парламентіндегі ұлты еврей жалғыз депутат Морис Мотамед.

Иранда 1979 жылғы Ислам революциясына дейін 85 мыңға тарта еврей ұлты өкілдері тұрған. Бүгінгі күні олардың саны 25 мыңнан 30 мыңға дейін деп топшыланады.
XS
SM
MD
LG