Accessibility links

Ресей Думасы Терроризмге қарсы заңды екінші оқылымында қолдады


Сәрсенбі күні Ресейдің мемлекеттік Думасы терроризмге қарсы даулы заңды екінші оқылымында мақұлдады. Бұл заң террорлық шабуыл орын алған жағдайда қауіпсіздік күштерінің бәріне де жауапкершілік жүктейді. Онымен қатар, бұл аталмыш заң лаңкестік шабуыл кезінде биліктің әскерді жұмылдыруына рұхсат беріп, террорлық қауіп төнген қандай да бір аймақты құпия түрде басып алуына жол ашады. Заң авторларының сөзіне қарағанда, осындай заң үкіметтің дер кезінде террорлық қауіпті байқап, оларға тосқауыл қоюға көбірек мүмкіндік береді. Алайда, заңға сын айтушылар оның Ресей конституциясын бұзып, азаматтардың наразылығын тудыратындай теріс бағытта пайдаланылуы мүмкін.

Заң жобасы екінші оқылымында Думада мақұлданып, онда жобаны қолдап 408 адам дауыс берсе, 1-еуі қарсы болып, 5-еуі мүлде дауыс бермей қалыс қалған. Бұл құжаттың мақсаты - әскери, құқық қорғау органдары мен басқа да қауіпсіздік күштерін террорлық шабуылдардың алдын алуға міндеттейді.

Бұл жобаны Думаның Қауіпсіздік комитеті 2004 жылғы Беслан тұтқындарының 330 адам қаза болған оқиғасынан кейін қолға алған еді. Оның бірінші оқылымы 2004 жылдың желтоқсанында қаралып, жан-жақты айтылған сындардан кейін ол өзгертулер енгізуге жіберіліп қазірге дейін қаралмай келген. Думадағы комитет мүшесі Геннадий Гудков Азаттық радиосына айтқанында, федералды күштердің жүйелі әрекеті болмағаннан Беслан трагедиясы орын алғанын айтады:

“Ресей үкіметінің проблемасы - жүйелі түрдегі әрекеттің болмауы, терроризмге төтеп беру үшін билік құрылымдары мен арнайы қызметтердің арасындағы жауапкершілік. Міне, осы проблемалар Кавказдағы сәтсіздіктердің бір себебі болды. Бесландағы жағдай бірнеше күн бойы шапшаң қадамдарды анықтап, шабуылға төтеп беретіндей бастапқы әскери басқарудың болмауынан орын алды”.

Бұл заң жобасының бірнеше даулы тұстары болды. Бұл халықаралық келісімдер мен Мәскеу қол қойған келісімдер бойынша, Ресейдің халықаралық күдікті террористердің нысандарын өз шекарасынан шеттетуді қарастырады. Ол сонымен қоса, Ресейдің террористермен күресетіндей қарулы күштерін пайдалануға жол ашады. Ресей Думасының қауіпсіздік мәселелер жөніндегі комитетінің жетекшісі Владимир Василев, тілшілерге берген сұхбатында, бүгінгі дауыс берулер заң бойынша әскерилердің террористер басып алған ұшақты атып құлатуға мүмкіндік береді деп айтқан:

“Ұшақтар атылуы керек, және егер де онда 11-ші қыркүйекте АҚШ-та болғандай қауіп болса олар бүгінде атылуы тиіс. Мемлекет үнемі халықты осындай қорқынышты қауіптен сақтауы керек. Бүгін біз оны заңға енгіздік және ол өте маңызды”.

Бұл жағдай бойынша, заң жобасында ұшақты немесе жолаушылар кемесін лаңкестер басып алса, оның ішінде жолаушылары болғанына қарамастан қолға түсуі керек дегенге, қарама-қайшы пікірлер айтылды. Тұтқынға алған жағдайда, заңда тұтқындаушылармен келіссөз өткізуге мұрсат береді, бірақ, олардың саяси талаптарына жол бермейді. Жаңа заң жобасында террорлық шабуылдардың баспасөзде жарық көруіне шектеу алынған. Алдыңғы жобада оған шектеу енгізіліп, ол баспасөз еркіндігін қорғаушылардың наразылығын тудырған болатын. Бірақ сәрсенбі күні мақұлданған жобада билікті басқа жағынан күшейтіп, террорлық шабуыл болады деп жоспарланған аймақта 60 күн бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді енгізген. Осы аралықта билік телефонды тыңдау, жүріп-тұруды шектеу, бақылауды күшейту мен қоғамдық мерекелер мен шерулерге тыйым салуға және жеке меншік мекемеге ордерсіз кіруге болады делінген.

Көптеген бақылаушылар, мұндай шаралар азаматтық оппозицияға қарсы қолданылып, әсіресе Солтүстік Кавказ аймағындағы бейбіт тұрғындардың құқығын бұзуға жол беруі мүмкін деген күдік айтады. Құқық қорғаушы топтар Ресей федералды әскерінің Шешенстандағы соғыста адам құқықтарын аяқ асты еткенін қатты сынға алады.

Жалпы бұл заң жобасы президент Владимир Путиннің шешімімен терроризмге қарсы ұлттық комитеттің құрылуымен тұспа тұс келіп отыр. бұл мемлекеттік құрылым барлық федералды деңгейдегі терроризмге қарсы күрес саясаты мен операцияларын жүргізеді. Оны Ресейдің қауіпсіздік қызметінің басшысы Николай Патрушев басқаратын болады. Терроризмге қарсы күрес туралы заң жобасы бойынша ақырғы үшінші рет дауыс беру 26-шы ақпанға белгіленген.
XS
SM
MD
LG