Accessibility links

Қазақстанда алдағы екі жылда мобильді байланыс тұтынатын абоненттер саны 7,5 миллионға жетеді деп күтілуде


Қазақстанда бүгінде мобильді байланысты қолданатын 5 миллион 600 мың абонент бар. Ал 2008-ші жылы олардың саны 7,5 миллионға жетіп, Қазақстан халқының 50%-ға жуығын құрамақ. Бұл туралы «Азаттық» радиосына Ақпарат және байланыс агенттігінен мәлім болды. Сондай-ақ биылғы жылы «Қазақтелеком» қарапайым телефондардан ұялы телефондарға қоңырау шалуды арзандату жоспарланған.

Шағын қызыл телефон - алматылық Арайлым Хамитованың ажырамас серігі. Ол онсыз өзінің бірде бір күнін елестете алмайды.

- Маған ұялы телефоным оттегі сияқты. Мен ол арқылы ақпарат аламын, байланысқа шығамын, кейде ойын ойнаймын. Ол мені таңертең оятады. Ғашығыма және достарыма үнемі SMS жіберемін, - дейді Арайлым.

Қазақстанда мобильді байланыс қызмет түрін пайдаланатындар саны жыл санап артып отыр. Мәселен, егер былтыр олардың саны 3 жарым миллион болса, биыл 5 миллион 600 мың мобильді қызмет түрін пайдаланатын абонент тіркелген дейді Ақпараттандыру және байланыс агениттігінің өз аты-жөнін айтудан бас тартқан мобильді байланыс бөлімінің қызметкері.

Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің таратқан деректеріне қарағанда, 2008-ші жылы ұялы телефон қызметіне 7,5 миллион, яғни, Қазақстан халқының шамамен тең жартысы жүгінбек. Егер абоненттер саны артса, онда мобильді байланыс қызмет тарифі де кемімек дейді агенттік басшылығы. Бұл ең алдымен студент жастар үшін тиімді болар еді дейді Қазақ ұлттық университетінің студенті Сәуле Барлыбаева.

- Өте жақсы болар еді! Себебі, студенттердің бәрі дерлік телефонды пайдаланады. Мысалы, біздің топтағы 25 студенттің бәрінің, кейбіреуінің бірнешеден мобиль телефондары бар, - дейді Сәуле.

Оның айтуынша, өзінің тобындағы 25 студенттің арасында телефон трубкасына байланысты үнемі бәсеке, жарыс бар екен:

- Телефонның қызметіне байланысты. Бәрі сапалы телефон трубкасы мен түрлі байланыс қызметтерін пайдаланғысы келеді.

Қазақстандағы ұялы байланыс абоненттері арасында ғана емес, оларға қызмет көрсетуші компаниялар арасында да бәсеке бар. Сондықтан, мобильді байланысқа қатысты қызмет аясына кеңейе түсуде. Мысалы, «Қазақтелеком» президенті Хайрат Кәрібжанов қарапайым телефоннан ұялы телефонға қоңырау шалу ақысын биылғы жылдан бастап кемітуді көздеп отырғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан телефон байланыс рыногындағы қызмет көрсету аясы кеңи түспек.

- Бүгінде телефон тек қана абоненттің дауысын жеткізуші ғана емес, сонымен бірге біз оны түрлі ақпараттық өнімдермен толтырамыз. Қазіргі рыноктағы бәсекелестіктің күшейе түсуіне байланысты сапа мәселесі одан сайын өзекті бола түсті, - дейді «Қазақтелеком» басшысы.

Алайда, телекоммуникация маманы әрі ұялы байланыс тұтынушысы Арман Құлжанов Қазақстандағы мобильді байланысқа көңілі толмайтындығын жеткізді. Қазір бұл салада сан бар да, сапа жоқ деген пікір білдіреді ол.

- Қазіргі біздегі байланыс жүйесінде үш ірі оператор бар: KCell, K Mobile және Dalaсom. Олардың алғашқы екеуі көп абоненттер тартады. Ал бірақ оларды сапалы қызметпен қамтамасыз етуге қуаты жетпейді. Соншама абоненттерге базалық стансасының қуаты жете ме? Шетелдегі қызмет көрсету ақысымен салыстырғанда бізде бұл қымбат әрі қызмет көрсету аясы тар. Оған қоса ұялы телефон арқылы интернет байланысына шығу да жетілмеген. Өте баяу ашылады әрі бағасы арзан емес, - деген уәж айтады тұтынушы.

Алайда, бұл кезде Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігі биылғы жылғы қазан айының 1-іне дейін Интернет қызметі қазіргі бағасынан 50 пайызға арзандайтынын айтып отыр. Сөйтіп, олардың пікірінше, биылғы жылдың соңына дейін Қазақстандағы 100 адамға шаққанда 6 адам интернет пайдаланатындай жағдайға жеткізбек.
XS
SM
MD
LG