Accessibility links

Әлем елдері құс тұмауы дертіне қарсы шараларды күшейтіп отыр


Әлем елдері құс тұмауы дертіне қарсы күрес шараларын ерекше күшейтуде. Грузия үкіметі елдің батысындағы Аджара аймағында бірнеше ауылдағы үй құсы атаулынының көзін жаппай жойып жатыр. Европа Одағы елдері мен Азияда құс тұмауы дертіне қарсы қатаң шаралар қолға алынды.

Адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін құс тұмауы дерті барған сайын кең тарап барады.

Грузия үкіметі Аджара аймағында жұма күні құс тұмауынан мерт болған аққу табылған көл маңындағы 11 ауылдың бар үй құсын толығымен жою жөнінде жарлық шығарып, соны жүзеге асыртуда.

Грузин астанасы Тбилисидегі базарларда құс еті саудасы мүлде тоқтап қалған. Рейтерс телеарнасына берген сұхбатында Тбилиси базарындағы құс етін сатушы Русудана есімді әйел қарапайым жұрттың енді тауық етін асқа қолданудан қорқып қалғанын айтқан.

"Сатып алушылар келеді, бірақ ештеңе алғылары жоқ. Ауыру жұқтырып, соның салдарынан қайтыс болуымыз мүмкін деп қорқады. Ал ол құсты бауыздап, тазартатын біз ғой, бұл дерт біз үшін қауіптірек болуы тиіс", - дейді Тбилиси базарындағы құс етін сатушы әйел.

Құс тұмауы дерті бұл күндері жабайы құс пен үй құсы арасында Европа елдерінде кеңінен тарай бастады. Сенбі күні Германиядағы осымен төртінші аймақта жабайы үйрек пен аққудың өліктері табылып, олардың құс тұмауы дертінен өлгені анықталды. Бұл жолғы құс тұмауы Польшамен шекаралас Шведт қаласы маңында байқалған.

Бұған дейін Германияда құс тұмауы дерті салдарынан өлген жабайы құстардың басым бөлігі Балтық теңізі жағасындағы Мекленбург-Форпоммерн уәлаятынан, нақты айтқанда, осындағы Рюген аралынан табылған еді. Осы уәлаяттың Ауыл шаруашылығы Министрі Тилль Бакхаус тексеріс жұмыстары күшейтіліп, қосымша шаралар қолға алынуы тиіс деп мәлімдеп отыр:

"Мал-құс шаруашылықтарын тексеруді күшейте түсеміз. Қорадан басы шаққан құс атаулының көзін жойып отырамыз", - деді аталмыш уәлаяттың Ауылшаруашылығы Министрі Тилль Бакхаус.

Германияда құс тұмауы дертіне қарсы күреске әскер де жұмылдырылып отыр. Мәселен, Рюген аралындағы өлі жабайы құстарды тауып, олардың көзін жою шараларына Герман армиясы 250 жауынгерді жіберген. Сенбі күні Германия Қорғаныс Министрі Франц Йозеф Юнг Рюген аралында болып қайтқан әскерге арнайы барып, өз алғысын білдірді.

Үндістанда елдің денсаулық сақтау саласының ресми қызметкерлері бір аймақтан екінші аймаққа заңсыз түрде әкелініп жатқан құс етін толығымен жойып жатыр.

Қытайда тағы екі адамның құс тұмауының H5N1 түріне шалдыққаны мәлім болды. Бұл тұрғыда Қытай Ауыл шаруашылығы министрлігі "құс тұмауының жаппай таралуы" мүмкіндігі жөнінде арнайы ескерту жасады. Mинистрліктің мәліметтері бойынша, өткен жылы Қытайдың 32 аймағында құс тұмауы шығып, 163.100 үй құсының көзі жойылған.

Қазан айынан бері Қытайда жалпы саны 14 адам құс тұмауына шалдыққаны мәлім. Жалпы әлем бойынша 2003 жылдан бері құс тұмауының H5N1 түрінен 90-нан астам адам құрбан болған. Мамандар құс тұмауы мутацияға түсіп, адамнан адамға жұға алатын жағдайға жетсе, бұл дерт әлемдік деңгейде миллиондаған адамның өліміне алып келуі мүмкін деп ескертіп келеді.
XS
SM
MD
LG