Accessibility links

Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдинге 30900 теңге айыппұл салынды


Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын ӘБДІЛДИНГЕ "заңсыз митингі ұйымдастырды және оған қатысты" деген айып тағылып, 30900 теңге айыппұл салынды. Мұндай шешімді наурыздың 3-і күні Алматы әкімшілік соты қабылдады. Алайда, жауап беруші өз кінәсін мойындамайды, сол себептен қалалық сотқа шағымдануға мүдделі. Ал, дәл сондай айыппен 15 тәулікке қамалған Асылбек ҚОЖАХМЕТОВТІҢ адвокаты Сергей УТКИННІҢ әкімшілік сот шешімін өзгеру туралы өтінішін наурыздың 3-і күні қалалық сот қанағаттандырмай тастады.

Жасы 70-ке тақаған Қазақстандағы «бас коммунист» Серікболсын Әбділдин, өз айтуынша, өмірінде алғаш рет сотқа жауапкер ретінде қатысып отыр екен. Оған «Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы» кодекстің 373-ші бабының 3-ші тармағы бойынша айып тағылды.

«Серікболсын Әбділдин бейбіт жиындар, митингілер, шерулер өткізу тәртібін бұзды. Бұл ретте оның кәнісі толық дәлелденді. Сондықтан, 50 айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл салуңызыд өтінемін», - деді прокурор ӨМІРЗАҚОВ сот мәжілісінде.

Оның сөзіне қарағанда, Әбділдин қала әкімшілігі рұқсат етпеген, қала прокуратура заңсыз деп таныған жиынды ұйымдастырған және оған қатысқан.

«Оны хаттама, куәгерлер мен жауапкер тараптың сөздері дәлелдейді», - дейді прокурор.

Мысалы, сотқа куәгер ретінде тартылған Төлеген ЫСМАИЛОВҚА судья ӨТЕГЕНОВА Серікболсын Әбділдинді нұсқап: «Мына кісіні жиында көрдің бе?» дегенде, ол: «ия» деп жауап берді. Сондай-ақ куәгер жиын кезінде машиналарға кедергі келтіру сияқты жалпы тәртіпсіздіктер орын алғанын айтты:

- Машиналарды тоқтатып, машиналарды тепкілеп жатқанын көрдім.

Екінші куәгер - өзін «фотографтың көмекшісімін» деп таныстырған Жігітжанов та Әбділдинді көргенін айтты. Оған Серікболсын Әбділдин: «Неліктен жиынға келген 3 мың адамның арасынан мені таңдап алып, түсініктеме бердің?» деп сұрағанында, ол: «өйткені, мен сізді танымаймын», деп жауап берді. Серікболсын Әбділдиннің қорғаушысы Дүйсенбек БАЙМАХАНОВТЫҢ сөзіне қарағанда, бұл күәгерлер бұған дейінгі осы айып бойынша әкімшілік жауапқа тартылған оппозициялық саясаткерлердің сотында сөйлегендер. Тіпті хаттама мазмұны да дәл сондай дейді қорғаушы:

- Бірінен-бірі көшіріп алғандай ғой. Қолдан жасалған, орысша айтқанда, «фальсификация». Бұлардың бәрінің істерімен таныстым - бір-бірінен айнымайды. Куәгерлер де бірдей - сол 4 адам.

Ал бұрынғы судья Өтеген Ықсанов сот процесі кезінде судья төрешіден гөрі прокурорға көбірек ұқсап кетті дейді.

- Заң бойынша, соттың этикасы бойынша бұлай жүргізуге болмайды. Судья соттың этикасын әрі көптеген процесуалды нормаларды бұзды. Соның ішінде соттың жариялылығы, соттың алдын-ала бірден бір бағыт ұстауы секілді талаптар орындалған жоқ. Судья прокурордың функциясын өзіне алып алды, - дейді бұрынғы судья.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған сот мәжілісінен кейін судья Роза Өтегенова шешім қабылдау үшін дәл сондай уақытқа оқшауланды. Ақыры, сот Қазақстан коммунистер партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдинге «Әкімшілік заң бұзышылықтар туралы» кодекстің 373-ші бабының 3-ші тармағы бойынша айып тағылып, 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 30900 теңге көлемінде айыппұл салуға шешім шығарды.

Ал Серікболсын Әбідлин өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Сондықтан ол әрі қарай қалалық сотқа арызданғалы отыр.

- Мұндай мәселені сотта қарауға ешқандай заң жоқ. Себебі, өлген адамның жоғын жоқтау деген біздің ұлттық әдет-ғұрпымыз. Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға 3 мыңға жуық адам жиналды. Олардың барлығын кінәлі деп ойлау – барлық халықты соттау деген сөз. Мен мына соттың шешіміне қарсымын, оны әрі тексеруге өтініш беремін.

Бұл уақытта бұған дейін дәл сондай айыппен 15 тәулікке қамалған Асылбек Қожахметовтің адвокаты Сергей Уткин қалалық сотқа шағымданған болатын. Алайда, қалалық сот адвокаттың бірде-бір талап-тілегін қанағаттандырмай, әкімшілік соттың шығарған шешімін сол күйінде күшінде қалдырды.
XS
SM
MD
LG