Accessibility links

Нью-Йоркте Әндіжан оқиғасы туралы дөңгелек үстел отырысы өтті


Өзбекстанның оппозиция белсенділері дүйсенбі күні Нью-Йорктегі Колумбия Университеті ұйымдастырған Өзбек билігінің Әндіжан оқиғасына тәуелсіз зерттеу жүргізуге рұхсат етуден табанды түрде бас тартып келе жатқаны турасындағы пікір-таласқа қатысты. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Өзбекстан үкіметі Әндіжанда көтерілген халыққа қарсы оқ атып, онда жүздеген адам қаза болған еді. Нью-Йоркте өткен бұл жиынға қатысушылар Өзбек өкіметінің қоғамдық пікір білдірушілерді басып-жаншып, қорқыту-үркіту әрекеттерін үзіліссіз жалғастырып отырғанына алаңдаушылық танытты. Әндіжан оқиғасының құрбандары ішінде, сарапшылардың айтуынша, Өзбекстанның азаматтық құқығын дамытуға күш салып жүрген азаматтар бар.

Өзбек үкіметі Еуропалық елдер мен көптеген құқық қорғаушы ұйымдардың Әндіжан қанды оқиғасына халықаралық зерттеу жүргізуге шақырғанын қабылдамай келеді. Әндіжан оқиғасында болып, ол туралы мақалалар жазғаны үшін сұраққа алынған соң, елден шығып кеткен журналист Галима Бұхарбаева, қазір Колумбиядағы журналистика саласы бойынша аспирантурада білімін шыңдап жатыр. Ол «Азаттыққа» берген сұхбатында, кейбір кезде адамдар Әндіжандағы қырғынды 1989 жылдың мамырында Қытай астанасы Бейжиннің алаңында болған оқиғамен салыстырады. Алайда, оның ең үлкен айырмашылығы жөнінде ол былай дейді:

“Көп адамның айтуынша, Қытайдағы әскерлер адамдардың жолдарын бөгеп қоршауға алып, оларды қоршауда ұстауға тырысып, одан кейін оларға оқ атпады. Олар дүйім жұртқа оқ атты, бірақ олардың жолын бөгемеді, көтеріліске қатысушыларды жүйелі түрде өлтірмеді. Олар, сондай-ақ, жаралыларды өлтірген жоқ. Әндіжандағы әскерлер түні бойы көше аралап тұрғындардан “жаралылар бар ма” деп сұрап, кейбір адамдар оларды көмектесуге келді екен деп ойлап, “бар” деп көрсеткенде, ол жаралыны өлтіріп тастады”.

Галима Бұхарбаеваның айтуынша, Өзбекстанда оның өзіне қарсы да қылмыстық тергеулер басталып, одан кейін ол тамыз айында АҚШ-қа кетіп қалған. Оның сөзіне қарағанда, басында билік өкілдері оның анасын да біраз мазалап, дегенмен кейін оны жайына қалдырған сияқты. Оған қарсы тергеулер әзірге сотқа жетпеген, бірақ Әндіжанда қауіп-қатер болмайды немесе оны бұрынғы қалпына келеді деу “иллюзия” дегенді айтады ол.

“Қалада әлі де терең үрей қалған. Адамдар кәдімгідей қорқады. Адамдар болған оқиға туралы айтпайды. Олар бірге жиналғанда да біріне-бірі сенбейді. Олар бұл оқиға туралы тек өз отбасылары ішінде ғана айтуы мүмкін, бірақ менің оған да сенімім аз. Бұл қала қауіпке толы”, - дейді Галима Бұхарбаева.

Адам құқықтары жөніндегі халықаралық ұйым, “Human Rights Watch”-тың Орта Азия бойынша аға зерттеушісі Aкасия Шиелдс, «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, Әндіжан қайғылы оқиғасының тағы бір жағы - Өзбекстандағы адам құқығын қорғаушылардың қуғын-сүргіні жалғасып отырғанын айтты.

«Өзбекстандағы адам құқығын қорғаушылар Әндіжан оқиғасына дейін өте әлсіз қауымдастық құра алған. Қырып-жоюлар сияқты Үкіметтің науқанынан кейін олар тіпті жоғалды. Ондаған ғана адам құқын қорғаушылар қашып кетуге мәжбүр болды. Үкімет қатты қарқынмен бұл топты тарпа бас салды», - дейді “Human Rights Watch” ұйымының сарапшысы.

Кейбір адам құқын қорғау саласының белсенділері Өзбекстаннан кетіп, басқа қауіпсіз жерден пана тауып үлгерген. Саяси баспана іздеген біразының қағаз-құжаттары әлі реттеліп жатыр. Ал, елде қалған белсенділер түрмеге жабылмаған, бірақ оларды қатты қорқытып тастаған, қазір олар бұрынғы саяси әрекеттерін жалғастырудан бас тартады. Ал, соңғы хабарларға қарағанда, сейсенбі күні Өзбекстан соты тағы бір адам құқығын қорғаушы ұйым белсендісі Мұхтабар Тойбиевті 8 жылға түрмеге жапқан.

Колумбия университетінің халықаралық және қоғамдық істер жөніндегі адъюнкт профессоры әрі осы конференцияны ұйымдастырушы Питер Синноттың пікірінше, Өзбек үкіметінің әділетсіздігі мен басып-жаншуы, керісінше, Ислам қозғалысының радикалдануына әкелді.

Колумбияда өткен бұл конференцияға, сондай-ақ, өз аттарын айтпай келген екі дипломат та қатысып, ол екі кісі «Азаттық» радиосының тілшілеріне бұл жиын тақырыбы туралы сұхбат беруден бас тартқан. Және олар бұл отырыста айтылған жайттарды, пікірталастарды тізіп жазып алып, конференцияға қатысушыларды суретке түсіріп әкеткен.
XS
SM
MD
LG