Accessibility links

Қырғызстан саясаткерлері демократиялық революцияның нәтижелерін талқылай бастады


24 наурызда Қырғызстан демократиялық революциясына бір жыл толады. Бұл күн президент Құрманбек Бақиевтың жырлығымен мемлекеттік мереке деп жарияланды. Былтыр осы күні халық толқуы шарықтаған тұсына жетіп, бұрынғы президент Асқар Ақаевтың үкіметі құлаған болатын. Революцияның алғашқы нәтижелері қандай болып жатыр екен? Ел саясаткерлері бұл жайында әр түрлі пікір айтады.

Саясаткер Роза Отынбаева Қырғызстан парламентіне бұрынғы президент Ақаевтың да тұсында, қазіргі президент Бақиевтың да тұсында өте алмады. Ақаевтың кезіндегі жаппай сайлауда Роза Отынбаева Ақаевтың қызы сайланып жатқан аймақтан түсіп, сайлау додасынан шығарылып тасталды, билік Отынбаеваға жол бермеді. Қырғызстандағы даулы парламенттік сайлаудың арты халық көтерілісіне әкелгені аян. Былтыр ақпан айында күшейген наразылық демонстрациялары наурыз айында демократиялық революцияға ұласты. Оппозиция басшысы Құрманбек Бақиев хылықты бастап, 24 наурызда революция жеңіске жеткенде сол кездегі оппозиция белсендісі Роза Отынбаева майданның алдыңғы шебінде болды. Революция жеңе салысымен кәсіби дипломат Роза Отынбаева уақытша сыртқы істер министрі болып тағайындалған еді, жаңару жолына түскен Қырғызстан атынан БҰҰ мінберінде сөйледі. Алайда билік басында қалып қалған ақаевшыл парламент Роза Отынбаеваны министр қызметінде ақыры бекітпеді. Қырғызстан заңы бойынша министрлікке кандидаттарды президент ұсынады да, парламент бекітеді.

Министрлікке өте алмаған соң Роза Отынбаева парламентте босаған жерге сайланбақ болды, алайда қажет дауыс жинай алмай қалды. Енді міне Роза Отынбаева қайтадан оппозиция қатарынан табылды. Ақаевтың кезінде де оппозицияда болған Роза Отынбаева қазір жаңа үкіметке қарсы күресіп жатыр. Роза Отынбаева байырғы оппозиция басшысы Әзімбек Бекназаров басқаратын "Асаба" партиясында табылды. Роза Отынбаева жаңа революцияны қаламаймыз, революцияның бір жылдығына шейін күтейік, революция нәтижесін бере бастамаса халыққа қайырыламыз дейді.

Роза Отынбаева билік басындағы кейбір тұлғалар елге берген уәделерін ұмыта бастады, елдің көңілі жаңа биліктен қала бастады дейді. Революция жасалғалы бері бір жыл өтті, қойылған мақсаттарды іске асыра бастауға жетерліктей уақыт өтті дейді:

- Біз кінәлі боп сезінеміз өзімізді. Қазіргі үкіметтің қолынан түк келмей отыр. Бұрынғы әріптестіріміз министрлік қызметтерде отыр, бірақ олар көп нәрсе істей алмай отыр. Тоса тұрайық. Біз оларға 24 наурызға дейін өздерін танытуға уақыт беріп отырмыз.

Роза Отынбаева үкіметті коррупцияға қарсы белсенділеу жұмыс істеуге шақырып отыр. "Асаба" партиясы елде конституциялық реформа жасап, президенттік билік жүйесін парламенттік билік жүйесіне ауыстыру керек дейді.

"Азаттық" радиосына пікір айтқан Қырғызстан жоғары ресми өкілдері Роза Отынбаеваға қарағанда өзгеше пікірде. Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев, бас министрі Феликс Құлов ел экономикасын түзеу, қоғамдық басқару өзгерістерін жасау өте қиын шаруа деп айтып келеді. Мәдениет министрі Досбол Нұрұлы революцияның бір жылдық тойы қарсаңында бұқара халықтың көңілі қанағат танытып отыр дейді. Үкімет коррупцияға қарсы кең күрес жариялады. Ақаевтың тұсында іріктелген парламенттің үш депутаты атып өлтірілді, мәселен, көпшілік ол депутаттар қылмыс әлеміне кіріптар болған дейді. Парламент реформаға кедергі жасайды деп президент Бақиев те мәлімдеген. Президент пен парламенттің текетіресі революция мақсаттары оңай орындалмайтынын көрсетсе керек.
XS
SM
MD
LG