Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.25.2006 жыл


Қазақстан президенті басқаратын демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының басталғаны сенбі күні жарық көрген газеттердің басты тақырыбына айналыпты. Бұл комиссия Қазақстанда нақты қандай саяси өзгерістер әкеледі? Неліктен оның алғашқы отырысына оппозцияның басым бөлігі келмеді?

«Билік пен қоғам сұқбаты жаңа деңгейге көтерілді» деп жазады «Казахстанская правда» газеті Астанада өткен демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы жайында. Мақала авторы «Мемлекеттік комиссия бұған дейінгі саяси реформалар жөніндегі құрылымдармен салыстырғанда теңдессіз бедел мен салмаққа ие» деп түйеді. «Бұл оны ел президенті басқарғанымен ғана байланысты емес, оның орынбасары болып Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов тағайындалды», дейді газет тілшісі.

Ал Оралбай Әбдікәрімов «Айқын» газетінде бұл комиссияның алғашқы отырысына бірқатар саяси қайраткерлердің не үшін қатыспағандығына орай түсіндірме беріпті. Оның айтуынша, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарабева мен Коммунистер лидері Серікболсын Әбділдин сырқаттанып қалуына байланысты отырысқа келе алмаған, ал «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбайдың не себепті қатыспағаны белгісіз екен. «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев осы газетке берген сұқбатында «республикада тіркелген партиялардың барлығы да, мейлі ол оппозциялық болсын, мемлекеттік комиссия жұмысына қатысуы керек» екендігін айтыпты. Ал билік «қайсібір пікірлер ұнамаса да, өзінің өміршеңдігі үшін жұмыс істегісі келсе, оларды тыңдауы керек. Бұл пікірлер, мейлі ол кімнен, биліктен не оппозциядан шықсын, егер пайдалы ұсыныс болып жатса, оны салмақтап көріп, пайдалануға тырысу керек», дейді Ғани Қалиев «Айқын» газетінде.

Оппозцияның бірқатар өкілдерінің комиссия жұмысына қатыспағандығына «Экспресс К» газеті де «Ойландырады» деген мақалада назар аударыпты. «Неліктен билікпен тікелей сұқбат құрудың шынайы механизмі құрылған кезде бұған дейін соны көксеп жүрген олардың лидерлері одан бас тартады? Бұған дейін олар президент осындай сұқбаттан қашады деп талай айтып келген. Онда неге өз ойларын ашық айтып, қазіргі қоғамдық күштермен бірлесе отырып, елде саяси өзгерістер жасаудың тиімді нұсқаларын жасауға қатыспайды, сөйтіп, неліктен, конструктивті оппозиция пайда болмасқа?» деген сауалдар тастайды «Экспресс К» газетінің тілшісі. «Олардың лидерлері осындай қадамдар арқылы елдегі демократиялық ахуал мен тұрақтылыққа жағымды жақтан әсер етпейтіндіктерін түсіне ме екен? Оппозиция нені қалайды? Оның түпкі мақсаты не?» деп тәмамдалады «Экспресс К» газетіндегі мақала.

Ал «Право. Экономика. Политика. Культура» газетінде мемлекеттік комиссия жұмысының басталуы оппозциялық «Нағыз Ақ жол» партиясының тіркелуіне түрткі болғандығын айтады саясаттанушы Досым Сәтпаев. «Оппозцияның қатысуынсыз бұл органның легитимді болатындығына көпшілік күмән келтіргені құпия емес», дейді саяси сарапшы.

«Егемен Қазақстан» газеті болса, комиссия отырысында өздерін конструктивті оппозиция санайтын «Ақ жол» партиясы төрағасының айтқан пікірін келтіреді. Сонымен бірге, газет тілшісінің сөзіне қарағанда, «демократиялық күштердің тарапынан Парламенттің өкілеттігін кеңейту туралы мәселе көтеріліп келе жатқаны жасырын емес» және бұл мәселе комиссия отырысында да сөз болған. Мысалы, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов «парламент депутаттарының санын арттыру туралы пікірге келсек, бұл мәселе жан-жақты қарастыруды, абайлауды қажет етеді» деп айтқан.

Алайда, «Айқын» газетінің тілшісі: «Президент мемлекеттік комиссияда Мәжілістің де, Сенаттың да депутаттарының санын тиімді көлемге дейін ұлғайту мәселесін қарастыру керек» деп сенсациялық деуге тұрарлық тоқтамын жария етті, дейді. «Ендеше, президент төменгі палата депутаттарының қатарын қарайтып, есесіне Жоғарғы палатаны таратып жібереді деген саяси жорамалдар жайына қалғалы тұр», деген байлам жасайды газет тілшісі.
XS
SM
MD
LG