Accessibility links

Грузия президенті Қытайға келді


Грузия президенті Михаил Саакашвили Қытайға 6-күндік сапармен келді. Ал оның алдында ғана Бейжинге Түркменстан президенті Сапармұрат Ниязов және Беларус президенті Александр Лукашенко барып қайтқан болатын. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Грузия Мәскеумен арадағы қарым-қатынастарын үзгісі келетін ел. Шығысқа қарай бет бұрған Саакашвили неге қол жеткіземін деп үміттенеді?

Өздеріне мықты серіктес іздеген президенттер экономикасы шапшаң басып келе жатқан Қытайға баруды әдетке айналдырып отыр. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің Қытаймен қарым-қатынастары аймақтағы Ресейдің ықпалын теңестіруге көмектесуі мүмкін.

Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында Мәскеумен қарым-қатынастары қиын болып тұрған мемлекет бұл Грузия десе болады. Жақында ғана Ресей Грузия шараптарына тиым салды. Оның салдарынан Грузия шамамен 60 миллион доллар жоғалтуы мүмкін.

Тбилисиде орналасқан Грузияның стратегиялық және халықаралық зерттеулер қоры президенті Александр Ронделидің айтуынша, Саакашвили өте қолайлы кезеңде Қытайға мемлекеттік сапарын жасап отыр.

Ронделидің айтуынша, президент Саакашвили Ресей базарына кеткен Грузия шараптарының мәлім бір бөлігін ақыр аяғында Қытайға экспорттамақшы. Бірақ Саакашвилидің Қытайға сапары барысында тек шарап мәселесі ғана қаралмайды, сондай-ақ, Қытай инвестицияларын мемлекеттік өнеркәсіптерін жекешелендіріп жатқан Грузияға алып келу мәселесі де талқыланатын болады. Қытай бұдан бұрын Грузияның онша дамымай жатқан аймақтарындағы су электр станцияларына қаржы бөлген еді.

Саакашвили 2009 жылға дейін Грузияны өзін-өзі тәуелсіз түрде энергиямен қамтамасыз ете алатын елге айналдырғысы келеді.

Орталық Азия елдері энергия көзіне өте зәру Қытайға газ бен мұнайды ұсына алатын болса, ал Грузияның мұндай байлықтары жоқ. Дегенмен де, Қытайда бұрынғы Кеңес Одағының әрбір кішкентай елі үшін бір нәрсе табылады, дейді Рондели.

Бұл Грузия президентінің Қытайға жасап отырған алғашқы сапары. Дүйсенбі күні келген Саакашвили Қытай президенті Ху Жинтао және премьер-министр Уен Жибаомен кездесіп, Грузия-Қытай бизнес форумына қатысады.

Ал Ресей президенті Владимир Путин Қытайға өткен айда барып қайтқан еді. Путин мен Қытай басшылары энергия саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылаған болатын.

Осыған байланысты Лондонда орналасқан тәуелсіз зерттеу орталығындағы Ресей мен Евразия бағдарламасының жетекшісі Джэймс Никсей Грузия кішкентай ел болғандықтан Қытайдың сыртқы саясатына айтарлықтай әсер ете алмайды, бірақ Ресейліктер Саакашвилидің сапарына қатты қуанбайды дейді.

Ресейге Грузияның Батысшыл бағыт ұстануы, әсіресе НАТО-ға мүше болуға ұмтылуы ұнамайды. Ал Грузия болса Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазиядағы сепаратисттік режимдерді қолдап отыр деп айыптайды.
XS
SM
MD
LG