Accessibility links

Сот шешімімен жабылған Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет басшылығы Қазақстан президентіне хат жолдады


Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитетті жабу туралы Астанадағы Сарыарқа сотының шешімін Астана қалалық сотының қадағалау коллегиясы көкектің 11-інде өз күшінде қалдырды. Енді комитет басшылығы Жоғарғы сотқа шағымданбақ. Сонымен бірге олар Қазақстан президентіне хат жолдады. Комитеттің басқарма төрайымы Людмила ЖУЛАНОВАНЫҢ айтуынша, комитет швейцар банктерінен шамамен 130 миллион долларды елге қайтару туралы халықаралық уағдаластыққа қол қойған. Бұл – қоғамдық комитетті жабудың бір себебі болар дейді Жуланова.

Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес биылғы жылдан бастап екі кезеңнен тұратын жемқорлықпен күресуді көздейтін жаңа мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Ал оның 2006-2008-ші жылдарға арналған алғашқы кезеңінде сыбайласқан жемқорлықпен күрес науқанына азаматтық қоғам ұйымдарының қатыстырылатындығы жазылған дейді саясаткер Людмила Жуланова.

Алайда, Жуланова басқаратын сыбайласқан жемқорлықпен күресетін Қазақстандағы жалғыз қоғамдық комитет қаңтардың 24-і күні прокуратураның талап-арызымен жабылған болатын. Ал көкектің 11-і күні Астана қалалық сотының қадалау коллегиясы комитет басшыларының шешімді өзгерту туралы шағымын қанағаттандырмай тастады.

Астана қалалық прокуратурасының өкілі Думан ҚАРЖАСБАЕВТЫҢ сөзіне қарағанда, олар қоғамдық ұйымдар құзырына жатпайтын, тек мемлекеттік органдар айналысатын қадағалау, бақылау, тексеру тәрізді өкілеттіліктерді мойындарына алған. Ал мұндай тексерулерді қоғамдық ұйым жүргізе алмайды дейді прокуратура өкілі.

Десек те, қоғамдық комитет төрайымы Людмила Жуланова комитет жарғысында ешқандай заң бұзушылық жоқ деп отыр.

- Ал егер бізге сыбайласқан жемқорлық туралы шағымдар түссе, бұқаралық ақпарат құралдарында сондай мазмұндағы материалдар шықса, онда неге оларды анықтамасқа? - дейді комитет төрайымы.

Ол істің барысына қарап, «комитетті жою керек деген нұсқау бар» деген қорытындыға келіпті. Жемқорлыққа қарсы комитеттің атқарушы директоры Талғат ҚҰСДӘУЛЕТОВ өздерінің комитет тіркелген уақыттан бері 10-ға жуық сыбайлсқан жемқорлық фактілерін анықтағандарын айтады. Бұл ретте бұрынғы тергеуші Құсдәулетов өзіне қоқан-лоққылар да жасалғанын айтады.

- Тергеу сияқты бірдеңе жасасаң, «арты жаман болады» дейді – «кездейсоқ» жол апаты тәрізді... Бірақ мен айттым: біз тек заң шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Президенттің жарлығы, Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы заң - барлығы біздің ісіміздің дұрыс екендігін көрсетеді. Керісінше, олардың шешімі - заңсыз! – дейді Т.Құсдәулетов мырза.

Сонымен бірге комитет атқарған істердің елеулісі - шетелдегі Қазақстан қаржысын елге қайтару ісіне қатысты деген пікір айтылып отыр.

- Швейцария банктерінен Қазақстанға үлкен көлемдегі ақшаны, яғни, 130 миллион долларды қайтару туралы халықаралық уағдаластыққа қатысып, оған қол қойдық. Комитетті жабудың бір себебі осында жатқан шығар, - дейді Людмила Жуланова.

Қазіргі таңда билік орындары сыбайласқан жемқорлықпен дұрыс күрес жүргізіп отырған жоқ, ал ондай жұмыс атқаруға тырысқан қоғамдық ұйымдарға тосқауыл қойып отыр дейді комитет құрылтайшысы - «Ақ жол» партиясы төрағасы Әлихан Байменов.

- Бұл біздің елде жемқорлыққа қарсы күрес туралы ешқандай саяси жігер, ой жоқ екендігін көрсетеді. Соңғы кезде комитетке үміт артқан адамдар саны көбейіп, өтініштер мен келушілер саны артқан. Комитет Павлодар мұнай өңдеу зауыты, «Қазақмыс» сияқты өте үлкен істерге ешқандай дау-дамайсыз, кәсіби түрде бара бастаған. Бірнеше сотты, оның ішінде, заңсыз жер алғандар ісін ұтты. Мінеки, осының бәрі билікті үрейлендірсе керек! – дейді Ә.Бәйменов.

Ал Астана прокуратурасы «Азаттық» радиосына бұл істе ешқандай саяси астар жоқ, бәрі - сот құзырында деген жауап айтты. Қоғамдық комитет басшылығы болса, әрі қарай Жоғарғы сотқа шағымдануды көздеп отыр. Сонымен бірге олар Қазақстан Президентіне осы іске байланысты араша болуды өтініп, хат жолдады.
XS
SM
MD
LG