Accessibility links

Коммунистер билігіне өткелі бері Қытайда әлем буддистері өзінің алғашқы форумына жиналып отыр


Қытайдың Хаңжу қаласына бүкіл әлемнің көптеген елінен белгілі буддист өкілдері келіп, буддистердің бүкіләлемдік форумы өз жұмысын бастады.

4-ші форум 1949-жылы Қытай билігіне коммунистер келгелі бергі бұл елдегі алғғашқы халықаралық діни конференция болып тұр. Ал, Қытайда диссиденттерге, тіпті интернетті пайдаланушыларға дейін қысым жасалып жатқан кезде мұндай жиын өткізудің де өзіндік себептері бар.

Кезінде коммунистік қоғамның негізін қалаушылардың бірі Карл Маркс, «дін – апиын» дегені белгілі. Сол үрдіс жалғасып, Қытайда коммунистік жүйе орнаған 57 жыл ішінде бұл елде халықаралық деңгейде діни конференция өтпеген екен. Ал енді буддистердің бұл басқосуына бүкіл әлемнен 1 мыңдай монах, буддист ғалымдар келіп отыр.

Буддист өкілдер «Өзара үйлесімді әлем адамның сана-сезімінен басталады» деген тұжырымдама төңірегінде өзара пікір алмаспақ. Ал Австралия ұлттық университетінің профессоры Унгердің айтуынша, форумға жиналғандар әлем елдеріне, әсіресе азиялықтарға, Қытай өзге діндерге төзімділік сезімін таныта бастады деген түсінікті жеткізбек көрінеді.

– Меніңше, Қытай үкіметі бұл форум арқылы Қытайдың қазіргі келбетін дұрыс жағынан жарқыратып көрсетуге тырыспақ. Сонымен қатар, буддистердің де кім екендігін әлемге кеңірек таныту, - дейді Канберралық профессор.

Жонатан Унгердің айтуынша, будданың бір сектасы Фалун Гоң қозғалысы қысымына Қытай компартиясы жаңа қауіп-қатер ретінде қарай бастағандығы да белгілі. Сондай-ақ, форум ұранындағы «гармониялық - үйлесімді әлем» деген тіркес президент Ху Жинтаоның Қытайда үйлесімді қауым құрамыз деген сөздеріне жақындығы да көрініп тұр дейді талдаушылар.

Дегенмен бұл жиынның саяси, экономикалық мақсаты да жоқ емес. Бұл орайда қытайлық ресмилер, буддизмді соңғы жылдардағы жедел өнеркәсіптік даму кезіндегі әлеуметтік күрделі мәселелерді реттеу үшін де пайдалануға болады деп ашық айтып келеді.

Буддизмнің Адвайавада тармағының рухани басшысы Уилленсеннің айтуынша, буддизм жақсылық, ізгілік пен жамандыққа тең түсінікпен қарайды екен. Сондай-ақ, кедейшілік пен дәулеттілік қатар жүретіні - табиғи дейді дін өкілі. Бірақ Уилленсен Қытай мұндай философиямен өз экономикалық мәселесін шеше алмайды деген пікірде.

- Көптеген будда елдерінде, мысалы Мьянмар, бұрынғы Бирма, тіпті Тайланд пен Шри Ланкада халықтың әлеуметтік мәселелері толық шешімін тапқан жоқ, - дейді Уилленсен.

Дегенмен, британиялық талдаушы Йи Йи Лудың айтуынша, Қытайдың дінге, кемінде буддизмге деген көзқарасы біршама өзгергендей. Лудың пікірінше, бұл әрине 1960-жылдардағы Маоның мәнсіз мәдени революциясынан кейінгі дұрыстау өзгеріс екен.

– Қытайдың дәстүрлі мәдениетін дамытып, ұрпаққа жеткізу мұраға деген жаңа игі көзқарас десе болады. Бұл бәрін қиратқан «мәдени төңкеріс» саясатына қарсы игі өзгеріс, - дейді британиялық зерттеуші.

Тағы да бір айтпай кетуге болмайтын нәрсе, Тибет буддистерінің қазіргі кезде Үндістанда сүргінде жүрген рухани жетекшісі Далай Лама бұл Қытай форумына келмеді. Далай Лама Қытайдың Тибет жөніндегі саясатын әу бастан-ақ қатты сынап келеді. Ал Тибеттің екі деңгейдегі рухани тұлғасы Панчен Лама форумның ашылу салтанатында сөйлеп, Қытайдың буддаларға ыңғайлы жер екендігі жөнінде мақтау сөзін айтыпты. Бірақ өзге ел буддистері Панчен Ламаға салқындау қарапты, деген де хабар бар.
XS
SM
MD
LG