Accessibility links

Тәжікстанда президенттік сайлау басталмай жатып, қуғын-сүргін күшейе түсті


Тәжікстанда қараша айында президенттік сайлау өтпек. Президент Эмомали Рахмонов билікке қайта өтеді деген әңгіме басым. Тәжік оппозициясының ықпалы да аз, олар президент Рахмоновтың қайта сайлану жоспарына кедергі жасай алмайтындай халде. Дегенмен, оппозиция басшыларына қудалау соңғы кезде өсе түсті. Бір партия басшысы қылмыстық жазаға тап болды, екіншісі прокуратураға шақырылып жүр.

Тәжікстан Демократиялық партиясының басшысы Махмадрузи Исқандаров былтыр қазан айында сотталып, 23 жыл түрме жазасын өтеп жатыр. Ол терроризм және бандитизммен айналысты, қаржы жымқырды деп табылды. Биыл көктемде оның партиясы бөлініп кетті. Тағы бір партия – Социалистік партия да былтыр ыдырады. Социалистік партияның кейбір адамдары іріткіні үкімет салды дейді. Содан бері Социалистік партия Тәжікстан саяси сахнасынан түсіп қалды. Осының алдындағы президенттік сайлау елде 1999 жылы өткен. Рахмоновқа бәсеке құра алады деген үш саясаткердің барлығы сайлау додасынан алыстатылған еді. Енді міне сол жағдай тағы қайталанып отырғандай.

Социал-Демократиялық партиясының төрағасы Рахматулло Заиров үкімет саясатын сынап еді, енді өз басына пәле шақырып алды. Рахматулло Заиров осы айдың басында бір сөзінде былай деген еді:

- Тәжікстанда қазір кемінде бір мың саяси тұтқын бар. Олардың арасында отыз адам саяси белсенділіктері үшін жөнсіз қамалған. Екі жүзден астам адам саясат үшін емес, саяси партияларға қатысқандары үшін отыр. Ал енді үшінші топ мемлекет саясатының салдарынан зардап шегіп отыр.

Рахматулло Заировтың бұл сөзіне үкімет орындары бірден қатты шамданды. Тәжікстан бас прокуроры Бободжон Бобохонов Социал-Демократиялық партияның төрағасы Рахматулло Заиров айтқан сөзі үшін енді тергеуге тартылу керек дейді:

- Әрине, Зоировты прокуратураға шақырамыз. Ол бір мың адамның әр қайсы саяси тұтқын екенін дәлелдеп беруі керек. Дәлелдей алмаса - заң алдында жауап беретін болады.

Оппозициялық партияның басшысын заңға тарту Тәжікстан үшін жаңалық емес. "Ислам қайта дәүірлеу" партиясының басшысы Абдулло Нури, мәселен, бір сөзінде үкімет адамдары шетелден келген қаржы көмегін талан-таражға салды деп айтып еді, енді жауапқа тартылып жатыр. Абдулло Нури жала жапты деп айыпталды. Абдулло Нуридың орынбасары Мұхиддин Қабири іс жөнінде радиомызға былай деп айтты:

- Бұл іс қолдан жасалды деп әу бастан білетінбіз, сотқа барудың қажеті жоқ деп жүрміз. Бірақ кейбір топтар Абдулло Нуриды қудалауға мүдделі, сондықтан олар істі сотқа жеткізді. Не болатынын көреміз енді.

Міне, Тәжікстанда президенттік сайлау науқаны басталмай жатып, оппозицияға осындай сес көрсетіліп жатыр. Прокуратура оппозицияға тым қатты көңіл бөліп жатқанына қарағанда қуғын-сүргіннің саяси астары бар. Тәжікстан конституциясына өзгерту жасалып, президент Рахмонов екі реттен артық сайлану қамын да қарастарып қойған.
XS
SM
MD
LG