Accessibility links

Тегеран полициясы Ислам талаптарына лайықсыз деп саналатын киім кигендерге қарсы жаңа науқан бастады


Иран билігі көшелерде қатаң Исламдық киім үлгісі кодексін бұзатын азаматтардың қарсылығын басатын жаңа науқан бастаймыз деп жария етті. Полиция басшысы Мортеза Талей сейсенбі күні мұндай науқанды полиция қызметкерлері 21 сәуірде қолға алады деп мәлімдеді.

Әдетте мұндай шаралар күн жылынып, жазғытұрым жақындап қалған мезгілмен тұспа-тұс келіп жатады. Бұл соңғы науқан бұған дейін консерваторлар жүзеге асырып келген шаралардан гөрі табыстырақ бола ма, жоқ па, біздің тілшіміз осындай сауал төңірегінде зерттеу жүргізіп көрген еді.

Соңғы екі күн бойына шамамен 100-дей әйел Иран парламенті алдында исламдық киім үлгісінің сақталмауына қарсылықтарын танытып шеруге жиналды. Олар исламдық киім талаптарын сақтамай, оны бұзушылық - исламдық қоғамда етек алып бара жатқанына наразылық білдіріп, бұған жемқорлық пен жезөкшеліктің жайлауы айыпты деп кінәлады.

Бұл шерулер Тегеран полициясының басшысы дін талаптары мен қоғамдық құндылықтарды құрметтемейтін азаматтарға қарсы бағытталған шаралар жүзеге асырылады деп айтқанының ізін ала ұйымдастырылды. Тіпті, исламдық киім талаптарына орай лайықты киінбеген әйелдерге такси қызметін көрсетушілер болса, олар да жазаға тартылады делінген. Дегенмен де Тегеранның бір тұрғыны Акбар деген азамат биліктің мұндай әркеттерінен ештеңе шықпайды дегенді айтады.

«Қашанда үкімет ауысқан соң, олар біз бұл мәселені қолға аламыз деп, жастарға қысым көрсете бастайды. Президент Мохаммед Хаттамидің үкіметі билікке келгенде олар да жастарды қысым астына алған. Бірақ кейіннен олар мүлде еркіндікке жіберді, жастар қоғамдық орындарға, ел алдына қалай шыққысы келсе, солай шығып жүрді. Қазіргі де соған ұқсас жағдай, біраздан соң бәрі де еркін бола бастайды», - деп санайды Акбар.

Полиция бастығы Талей жаңа жоспар бойынша арасында әйел полиция қызметкерлері бар, 50-ге тарта полиция исламдық киім үлгісінің сақталуын қадағалайтын болады деп атап көрсетті. Ол қысқа көйлек, шалбар киген, басқа да ашық-шашық киіммен көшеге шыққан, басына орамал салмаған қыз-келіншектер қиындықтарға тап болады деп ескертті. Тәрбиелілік пен ибалылық ережелерін ұстануға үндейтін шаралар ер адамдарға да бағытталған сияқты көрінгенімен, ол негізінен әйелдерді нысанаға алған.

Иранда көшеде, қоғамдық орында исламдық киім үлгілерін сақтау талаптары 1979 жылғы төңкерістен кейін қатаң талап етілетін болды. Ерлерге тізеден ғана келетін қысқа жаздық шалбар киюге тиым салынса, әйелдер шаштарын көрсетпей, маңдайаларына дейін жауып, жағасыз,жеңсіз киім кимей, денелерін тұмшалап, ашық-шашық жүрмеуі керек. Мұндай шектеу талаптары онжылдықтар бойынша түрліше өзгеріп отырды. Дегенмен де, Иран астанасы Тегеранға зер салып қарар болсаңыз, ирандықтардың көбінің бұл қатаң талапарға мойынсұнбайтындығын байқауға болады. Көптеген қыздар мен келіншектердің қызылды-жасылды, денелеріне жабысқан тар киім киіп алғанын немесе шашын ғана орамалмен бүркеп алғанын көруге болады.

Жаңа науқан консерваторлар көпшілік болып табылатын парламенттің «нашар хежаб» кигендерге қарсы үкіметтің шара қолдануын сұраған жақындағы өтінішінен соң қолға алына бастады. Заң шығарушылар, сондай-ақ, иран халқының діни және дәстүрлі нышандары сақталған ұлттық киім үлгілерін ойластырып, оны кеңінен енгізуге де ұсыныс жасады. Бірақ, мұндай қатаң шектеу шаралары тұрғындарының басым бөлігі жастар болып табылатын мемлекетте өзіндік наразы қозғалыс тудыруы да мүмкін. Азер есімді Тегеран қаласының жас тұрғыны, замандастарына мұндай қатаң шектеулер қолданылып жатқанына наразылығын Фарда радиосына былай білдірген:

- Бұл әрекеттерден пайда жоқ. Ол тек жастардың қарсылығын өсіріп, оларға жасалған қысым болады. Мәселен, жас адам мен егер далаға шықсам, мені тұтқындауы мүмкін. Одан да мен үйде отыра берейін, соның өзі дұрыс болар деп ойлайды. Тегерандағы социология профессоры Аманолла Гарай Могадам мұндай қатаң киім үлгісін ұстану талабы ұзақ мерзімге жалғасатын толқуларға, тұрақсыздыққа бастауы мүмкін деген көзқарасын білдіреді. Бірақ, Иран билік басылары өздерінің әлеуметтік жемқорлыққа қарсы күресуді мақсат етіп отырғандарын айтады.

19-сәуір күні Тегеран прокурорының орынбасары Махмұд Саларкия Ислам шарттары мен оның киім үлгісінің ережелерін құрметтеп, сақтамайтын азаматтармен полиция айналысатын болады деді. Оның айтуына қарағанда, заң бойынша ереже бұзғандар екі айға дейін түрмеге қамалып, оларға 50 доллар көлемінде айыппұл салынады.
XS
SM
MD
LG