Accessibility links

Қазақстанда 3-ші бассейн кеңесі ашылуда


Сәуірдің 20-сында Тараз қаласында Қазақстандағы үшінші бассейн кеңесін құру бойынша мүдделі топтардың алғашқы кездесуі өтті. Оған 60-тан астам Қазақстан мен Қырғызстан мамандары қатысты. Үшінші бассейн кеңесі құрылғаннан кейін осы өңірдегі азаматтар су мәселелерін шешуге қатысты кез-келген ақпаратқа еркін қол жеткізе алатын болады дейді Шу-Талас бассейндік басқармасының бастығы Нұртаза Құдайбергенов «Азаттық» радиосына. Әзірге Қазақстан - Орталық Азия аймағындағы Бассейндер кеңестерін құрып отырған жалғыз мемлекет дейді БҰҰ-ның Даму бағдарламасы өкілдері.

Қазақстанда жалпы саны 8 су бассейні бар. Ал олардың негізінде құрылған бассейндер кеңесінің саны соңғы кезде артып отырғандығын Ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан КЕНШІМОВ «Азаттық» радиосына бейсенбі күні айтты:

- Екеуін құрдық. Енді, міне, үшіншісі – Шу-Талас бассейн кеңесі.

Сәуірдің 20-сы күні осы Шу-Талас бессейн кеңесін құру бойынша мүдделі тараптардың алғашқы кездесуі өтті. Бассейн кеңесін құру заң талаптарына сәйкес екендігін хабарлады Шу-Талас бассейндік басқарамасының бастығы Нұртаза ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ:

- Су Кодексінің 43-ші бабы бойынша су бассейні құрылуы керек. Кодекс қабылданған, президенттің жарлығымен белгіленген. Су деген барлық саланы қамтиды ғой: ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, гидроэнергетика, экология... Бассейндік кеңес бұл ақылдасу, кеңесу орны болмақ.

Қазақстандағы үшінші бассейн кеңесін құру бойынша алғашқы кездесуге қазақстандық мамандармен қоса қырғызстандықтар да келген:

- Судың 80 пайызын Қырғызстаннан аламыз. Сондықтан, жиынға келген қырғыз ағайындары бар...

Жалпы, Қазақстан су бассейн кеңестерін құрған Орталық Азиядағы әзірге жалғыз мемлекет. Ал су ресурстары осы аймақтағы шекаралас елдер үшін негізгі мәселелердің бірі, сондықтан, мемлекетаралық бассейндер кеңесін жасау жоспары бар екендігін айтады БҰҰ-ның Даму бағдарламасының өкілі Мария ГЕНИНА.

- Сол кезде, мысалға, Қырғызстанның су ресурстарын басқару өкілдері мен су пайдаланушылар да осындай кеңеске кіретін болады. Сонда олар қазір құрылған бассейндер кеңесін пайдалана отырып, өз мәселелерін шеше алатын болады, - дейді БҰҰ Даму бағдарламасының қызметкері Мария Генина.

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйым Қазақстанда Бассейндер кеңесін құру үшін техникалық-қаржылай көмектер көрсетіп отыр. Ал Шу-Талас бассейндік басқармасының бастығы Нұртаза Құдайбергенов Бассейн кеңесінің құрылуы ең алдымен елді-мекендердегі қазақстандықтар үшін тиімді болмақ деп есепетейді:

- Ауылдағы елдің барлығы да енді бассейндік кеңес болғаннан кейін су мәселесі қалай шешіліп жатыр деген мәселе төңірегінде ақпараттарға қол жеткізе алатын болады. Ал біз бұл мәселелерді әкімшіліктің, мәслихаттың, үкіметтің алдына қоя алатын боламыз.

Қазақстандықтар, әсіресе оңтүстік өңірдегілер үшін жаз мезгілі түскеннен кейін су мәселесінің өзектілігі арта түседі. Мысалы, Алматы облысында тұратын Қуаныш Оспанұлы - су тапшылығын тартып отырғандар тұрғындардың бірі. Ол су көздерін пайдалану бойынша шынымен ақпараттың қарапайым азаматтарға жетпей жататындығын айтады:

- Су машиналармен тасып әкелінеді. Ал ол су қоймасынан алынды ма, әлде арықтан алынды ма, инфекциядан тазаланды ма, жоқ па, - ол жағын білмейміз. Су алған кезде біреу шелегін салады, біреуін қолын тығады. Әлі ауруға да шалдығармыз...

Қазір Қазақстанда суға қатысты мұндай даулардың, кереғарлықтардың өте көп екендігін айтады БҰҰ-ның Даму бағдарламасының қызметкері Мария Генина.

- Қазір Қазақстандағы бар мәселе – су ресурстарымен айналысатын ұйымдардың бытыраңқы жұмыс істеуі, бағдарламаларының сәйкессіздігі және су шаруашылықтары мен су пайдаланушылар арасындағы әр түрлі деңгейдігі кикілжіңдердің көп болуы. Ал Бассейн кеңесін құру су ресурстарын басқару ісіне тек құзырлы орындардың ғана емес, су ресурстарын пайдаланушылардың да тікелей қатысуын көздейді. Әзірге олардың мүддесін қорғайтын Қазақстанда ешқандай қауымдастық жоқ, - дейді БҰҰ Даму бағдарламасы қызметкері.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылы Қазақстанда жалпы саны 5 бассейн кеңесін құру жоспарланып отыр. Ал 2007-ші жылдың ортасына таман Қазақстандағы барлық 8 су бассейні жанынан Бассейн кеңестерін құру жұмыстары аяқталмақ.
XS
SM
MD
LG