Accessibility links

Беларуста сайлау аяқталғанымен, бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсету әлі жалғасуда


Наурыз айында, Беларуста президент сайлауы өтер қарсаңда, тәуелсіз басылымдар жаппай қысым мен қудалауға ұшырады. Газеттер түрлі тақырыптағы материалдарды басу құқығынан айрылып, редакторлар мен журналистер әртүрлі шабуылдарға душар болды. Қарапайым беларустықтар саясат пен оппозиция турасындағы ақпараттарды ешбір басылымдардан таба алмай қалды. Тіпті президенттік сайлауда Александр Лукашенконың 80 проценттен астам дауыс жинап, жеңіске жеткені де мерзімді басылымдарға қарсы биліктің шабуылын бәсеңдете алмады. Қазір Беларустағы ең байырғы мемлекеттік емес басылым – "Наша Нива" газеті жабылып қалудың алдында тұр.

Бұдан 100 жыл бұрын ең алғаш Литвада жарық көрген "Наша Нива" басылымы биылғы жылды біраз қиындықтармен бастады. Ең алдымен бұл апталық басылым мемлекеттік мерзімді басылымдарға жазылу каталогындағы тізімінен сызылып тасталды. Бұндай әрекет Беларус билігінің тәуелсіз басылымдарға қарсы қолданатын ең тимді шараларының бірі десе болады. Ендігі кезекте билік тарабы аталған басылымның Минскідегі кеңсесін жабамыз дегенді ескертіп отыр.

"Наша Нива" апталығының бас редакторы Андрей Динко Азаттық радиосының Беларус редакциясына берген сұхбатында Минскідегі Литва елшілігіне қайырылып, БҰҰ-ның бұл өзіндік тарихы бар, Беларус мәдениетінің бір бөлігі болып табылатын апталықты жабылудан сақтап қалуға көмектесуді сұрап отырғанын айтқан.

- Біз Литва президенті мен оның үкіметбасына "Наша Нива" газетін БҰҰ ЮНЕСКО агенттігінің Адамзаттық мәдени мұрасы тізіміне қосу туралы өтініш даярлап, оны беруге әзірміз деп айттық. Бұл тұрғыда Литва дипломаттары бізді дұрыс түсініп, өтінішімізге көмектесетін болды, - деді Динко мырза.

«Наша Нива» газеті өткен аптада қала басшылығынан сіздердің мұнда бұдан әрі қалуларыңыз мүмкін емес деген мазмұндағы ескерту хат алған болатын. Оған басты себеп - Андрей Динконың 10 күндік әкімшілік қамауға алынуы болған еді. "Наша Нива" газетінің редакторына А.Лукашенко Беларус мемлекетінің президенттігіне үшінші мерзімге қайта сайланғанына наразылық білдірушілердің жанында жаман, лайықсыз сөздер қолданды деп айыпталған болатын.

Минск билігі Динконың әкімшілік жазамен қамалғаны үшін газеттің өзі не себепті қаладағы орнынан қуылуға мәжбүр екендігін түсіндірмеген де. Осы жайлардың бәрін мұқият бақылап, зерттеп отырған топтың бірі - Францияда орын тепкен "Шекарасыз репортерлер" деп аталатын медиа ұйым. Бұл ұйым Беларус үкіметін президент сайлауы қарсаңында және одан кейінгі жалғасқан оқиғалар тұсында мерзімді басылымдарға қысым көрсетіп, сөз бостандығын тұншықтырды деп айыптады. Осы ұйымның жаңалықтар редакторы Жан-Францоус Джуллиард "Наша Ниваға" қарсы жасалып жатқан әрекеттерді былайша сынады:

- Біз бұл шешімді айыптаймыз, себебі бұл газетті тоқтату үшін оған қауіп төндірудің жаңа жолы. Бұл тәуелсіз дауысты тұншықтырудың жаңа жолы. Біз Беларустағы сөз бостандығына әрдайым да алаңдап келеміз.

Бақылаушылардың көпшілігі президент сайлауы алдында мерзімді басылымдардың жан-жақты қысымға алынуы Лукашенконың оңай жолмен қайта сайлануына ықпал етті деп есептейді. Бірақ Лукашенко үшінші мерзімге президенттік тізгінді қолына алса да, өз атына сын айтқандарға, оның қатарында "Наша Нива" басылымы да бар, қысым көрсету әрекеттерін тоқтатқан жоқ. Джуллиард Лукашенконың президент болып қайта сайлануы - бұл елдегі тәуелсіз журналистердің басына төнген бұлтты қоюлата түседі дейді.

"Наша Ниваның" алғашқы саны 20 ғасырдың басында, яғни 1906 жылдың қараша айында Литваның астанасы Вильнюсте беларус тілінде жарық көрген болатын. Газет кириллица және латын қаріптерімен терілген. Жалпы шыға бастағанына бір ғасыр болғанымен де, оның толықтай жарық көріп тұрған мерзімі - 24 жыл болады. 1906-1915 жылдар аралығында және 1991 жылдан қазірге дейін.

Журналист және саяси сарапшы Александр Фядута "Наша Нива" газеті авторларының бірі. Ол бұл басылым турасындағы өз көзқарасын былайша білдіреді:

- "Наша Нива" жай ғана газет емес, ол қоғамдағы беларусша ойлап, сол тілде сөйлейтіндердің ажырамас бір бөлігі. Ол - орталық басылым. Ол оқырмандарын Беларуста өзгерістер жасауға болады, ондай мүмкіндік өз қолдарыңда дегенге үндеп келе жатқан басылым.

Енді "Наша Нива" өз қолдаушыларының қаржысын пайдалана отырып, веб-сайтын шығарып, Беларуста газетті таратуды жалғастыра бермекші. Дегенмен де егер жағдай өте қиындап, күрделене түссе, онда "Наша Нива" апталығы өзінің алғашқы отаны - Вилньюсқа қайта оралып, сонда басылуы да мүмкін.
XS
SM
MD
LG