Accessibility links

Қырғызстан басшылары оппозиция жетекшілерімен пікірсайыс өткізді


Қырғызстан президенті Құрманбек Бақиев, бас министр Феликс Құлов, парламент төрағасы Мұрат Сұлтанов реформа мәселелері жөнінде оппозиция жетекшілері Өмірбек Текебаев және Құбатбек Байболовтармен сөз жарыстырды. Пікірсайыс сәрсенбі күні ұлттық телекомпанияда өтті. Қырғызстанда саяси текетірес соңғы кезде өсе түсті. Президент Бақиев уәделерін орындамай жатыр, реформа баяу жүреді деген сын көп айтылады. Екінші жағынан, саяси билікке, үкіметке кейбір қылмыс топтары ықпал жасайды деген алаңдаушылық бар.

Елді ұзақ билеген бұрынғы президент Ақаев халық көтерілісінің нәтижесінде биліктен кеткеннен кейін де Қырғызстан қоғамында толқу басылмай тұр. Билікке қылмыс топтарының басшылары ықпал жасамасын деген талап та қойылып келеді. Көпшілік мафия басшысы деп қабылдайтын Рыспек Ақматбаев деген азамат парламент сайлауына қатысты, бірқатар қоғамдық ұйым бұған наразылық танытып отыр. Наразылық шаралары соңғы кезде көбінесе президент Бақиев пен бас министр Құловқа қарсы бағытталады. Ұлтық теледидардан сөйлеген президент Бақиев елдегі жағдайды нақты білемін, ереуілдерді кім қоздырып жүргенін білемін деді:

- Бұл ереуілдерді ұйымдастырып жүрген адамдардың не ойлағандарын да білемін, қарапайым халықтың, үлкен-кіші, әйел азаматтар және басқаларының да не ойлайтындарын білемін. Менім қызметім, үкімет жұмысы Қырғызстандағы тұрмысты жақсартуға бағытталған. Олар мұны жақсы біледі.

Теледидарда өткен пікірсайыста конституциялық реформаның басталмай жатқаны да сөз болды. Президент Бақиев мәселені парламенттің бұрынғы төрағасы Текебаевқа бұрып жіберді.

«Парламент конституциялық кеңесті асығыста құрды, нәтижесі оңды болмады», - деді президент Бақиев.

Ал Бақиевтың саяси қарсыласы Өмірбек Текебаев "Азаттық" радиосына берген сұхбатында жалпы пікірсайысты қанағат тұтпаймын, нақты қойылған мәселелерді Бақиев ашпады, жаңа реформаларға жол береді деп үміттеген едім дейді. Пікірсайыс барысы көңілімнен шықпады деп, радиомызға берген сұхбатында, оппозицияның тағы бір басшысы Құбатбек Байболов та айтты.

«Бақиев елдегі шын жағдайды нақты білмейтін сияқты. Бәлкім, Бақиев хабардар емес шығар, елде нақты өсу жоқ», - дейді Құбатбек Байболов.

Бишкекте 29 сәуір күні қоғамдық ұйымдар үлкен митинг өткізбек. Демократиялық күштер одағы митингті ұйымдастыру штабтарын сейсенбі күні ашқан болатын. Мұнда елу шақты партия мен қоғамдық ұйымдар белсенділік танытып отыр. Митингті ұйымдастыруға оппозиция ұйымдары да қатысып жатыр. Қойылып отырған талаптардың арасында бір қатар жоғары ресми өкіл қызметтерінен кетсін деген талап бар. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік мекемесінің бастығы Таштемір Айтпаев, президент әкімшілігінің бастығы Үсен Сыдықов, мемлекеттік хатшы Дастан Сарығулов, бас прокурор Қамбаралы Қонғантиевтер кетсін деген ұран айтылмақ.
XS
SM
MD
LG