Accessibility links

Алматыда Еуразиялық 5-ші Медиа Форум жұмысы аяқталды


Сәуірдің 20-22 аралығында Алматыда болып өткен 5-ші Еуразиялық Медиа Форумға әлемнің 40-шақты елінен келген 500-ге жуық журналистер, түрлі ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен сарапшылар қатысты.

Осы жолғы Форумның ашылуына о баста Қазақстан президенті Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйлейді деп бағдарламаға енсе де, Медиа Форумның ашылуында президент болмады. Президент Н.Назарбаевтың Медиа Форум қонақтарына арнаған құттықтау хатын президент әкімшілігі жетекшісінің жақында жаңадан тағайындалған орынбасары Мәулен Әшімбаев оқып таныстырды. Еуразиялық 5-ші Медиа Форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева осы жолғы медиа форумның ашылуында сөйлеген сөзінде бүгінде Еуразиялық Медиа Форумның қажеттілікке айналғанын мойындамаудың мүмкін еместігін алға тартып, Медиа Форум болашақта тек оқиға ғана ретінде ғана емес, шынайы құбылыс ретінде қалыптасса деген тілегін білдірді.

Еуразиялық 5-ші Медиа Форумға осымен 5-ші рет қатысқан, АҚШ-тың белгілі саясаткері, Азия қорының президенті Ричард Холбрук осы жолғы Форумда айтылған, таласқа түскен тақырыптардың ішінен қазіргі әлем қауымдастығының алаңдаушылығына қарамастан өзінің ядролық бағдарламасын жүргізіп жатқан Иран мәселесіне байланысты Иран мен АҚШ қарым-қатынасы, бұл мәселедегі Ресей мен Қытайдың және батыс Еуропаның ұстанып отырған саясаттары туралы пікірталастар медиа форум мәжілістерінде үнемі айтылып отырды деді.

Сондай-ақ, медиа форум мәжілістерінде қазіргі Ауғанстан мен Ирақтағы жағдай да кеңінен сөз болды. Журналистер мен БАҚ өкілдерінің қызығушылығын тудырған тағы бір тақырып - НАТО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас туралы болды. Медиа Форумға қатысушы қазақстандық және шетелдік журналистер тарапынан Еуразиялық Медиа Форумда медиа мәселесіне аз көңіл бөлініп, негізінде саяси тақырыптарға көп уақыт берілгенін сынға алған пікірлер де айтылды. Сондай пікір білдірушінің бірі, «Айғақ» медиа холдингінің президенті Дулат Әбіштің айтуынша, осы жолы қазақ журналистикасы туралы бірде бір сөз болмаған.

Ал «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам форум мәжілісінде қазақстандық журналистерге микрофон берілмей, олар елеусіз жағдайда қалғандықтан тақырыпқа қатысты өздерінің пікірлерімен бөлісе алмады деген өз ренішін білдірді. Медиа Форум жұмысының екінші күні, яғни жұма күні бір топ оппозиция өкілдері Медиа Форум қонақтарымен кездесіп, өздерінің осы халықаралық жиынға шақырылмағандарын айтып, елдегі қазіргі саяси жағдай және Қазақстандағы БАҚ-ның жағдайы жөніндегі өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Еуразиялық 5-ші Медиа Форум жұмысының жабылу салтанатында Д.Назарбаева: «осы 5 жылда талқыланған түрлі тақырыптар: халықаралық терроризмнен бастап ислам фундаментализмі, демократия экспорты, түрлі-түсті төңкерістердің орын алу оқиғаларын журналистер, БАҚ-тың қалай тарқатып таратулары керек, шынайы ақпаратты халыққа қалай жеткізуге болатындығы туралы талқылаулар форум қонақтары тарапынан үлкен қызығушылық туғызғаны бұл Медиа Форумның өз мақсатын орындағанын білдірмекші» деді.
XS
SM
MD
LG