Accessibility links

Рамсфелд пен Райс жаңа премьер-министрге қолдау көрсету үшін Ираққа барды


Сәрсенбі күні АҚШ-ң жоғары лауазымды екі бірдей шенеунігі жаңа үкімет жасақтау ісімен айналысып жатқан Ирақ үкіметбасына қолдау танытуға Ираққа сапар жасады. Бағдадқа бірінші болып, АҚШ-ң қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд ұшып барса, одан бірнеше сағаттардан кейін АҚШ-ң мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс та Ирақ астанасына ат басын тіреді. Үкімет билігі қолына тиген шиит саясаткері Жауад әл-Малики өткен сенбіде ғана Ирақтың келесі үкіметін жасақтауға өкілеттік алған болатын.

Бағдадтың әуежайына алғашқы болып, АҚШ қорғаныс министрі Доналд Рамсфелд мінген әскери жүк ұшағы келіп қонды. Ол Ирақтың жаңа үкімет құру жолында атқарып жатқан шаралары ел үшін өте маңызды кезең деп атап көрсетті.

- Біз қазір тағы бір маңызды кезеңге қадам басып тұрмыз, ол- жаңа үкіметті жасақтау ісі, ол- Ирақтың тәуелсіз үкіметі, бұл осыдан басқа сипаттама келмейтін Ирақтың бірінші үкіметі. Бұл өтпелі үкімет емес, уақытша үкімет те емес, Басқару кеңесі де емес. Бұл Ирақ үкіметі, міне осының өзі өте маңызды жайт. Бұл тәулесіз үкімет және олар өте жақсы алға басушылықтар жасауда, - деді Рамсфельд.

Міне Бағдадқа келген АҚШ қорғаныс министрі Ирақ үкіметін жасақтау процесінің маңыздылығын осылайша атап өтті. Мұнан соң Түркиядан оралып келе жатқан сапарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс та Ирақ астанасына келіп тоқтады. Ол Европа елдері сапарында жүрген болатын. АҚШ-ң екі бірдей жоғары лауазымды шенеунігінің Бағдадқа бұл сапарлары Ирақ саясаткерлері бірнеше айға созылған пікірталасты аяқтап, шиит өкілі Жауад әл-Маликиді 22 сәуір күні Ирақтың алғашқы конституциялық үкіметін жасақтау құзырына таңдаған соң, бірнеше күн өтісімен-ақ жасалып отыр.

Желтоқсанның 15-де өткен парламент сайлауынан бергі уақытта жалғасып келген бұл дау-дамай Ирақтағы саяси процесті біршама тығырыққа тіреген еді. Енді міне Министрлер кабинетінің құрамын анықтайтын уақыт келді, сондықтан да Вашингтон бұл процестің тез арада жүргізіліп, Ирақтың ұлттық біріккен үкіметінің құрылғанын қалайды. Әл-Малики де өз кезегінде көпке созбай ,Ирақ үкіметін жасақтап, министрлерді тағайындауды екі аптаның ішінде жүзеге асырамын деп уәде еткен.

АҚШ-тың да, Ирақтың да ресмилері елде тұрақтылық орнатып, көтерілісшілерді басуға көмектесетін, конститутциялық жолмен сайланған үкіметтің жасақталуына көп үміт артқан болатын. Ирақтағы қақтығыстар ақпан айында Самарадағы шииттердің қасиетті ғибадатханасында жарылыс орын алғаннан кейін тым өршіп кеткен болатын. "Қанға қан, жанға жан" деген шииттер мен сунниттердің көтерлісші топтары арасындағы қақтығыстарда жүздеген адам құрбан болды.

Қарапайым ирақтықтар жаңа үкіметтің тұрақтылық пен экономикалық дамуды басты бағыт етіп алғанын қалайды. Мосул қаласының тұрғыны мәселен былай дейді:

- Біз олар ең бірінші болып, бір Алланың қолдауымен тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізеді деп үміттенеміз. Бұл жоспардың, бағдарламаның ең алдыңғы шебіндегі міндет. Екіншіден олар Ирақтағы қазіргі жұмыссыздық мәселесін шешуді қолға алуы тиіс.

Мосулдың тағы бір тұрғыны да "Азат Ирақ" радиосына өзінің осы тектес ойын білдірген:

- Елге газ, мұнай, азық-түлік пен қауіпсіздік қажет. Және көп нәрсені құрбан еткен ирақ ұлты үшін нақты, тиімді көмек керек.

Рамсфелд пен Райс сәрсенбі күні Ирақ басшыларымен, ондағы АҚШ дипломаттарымен және Бағдадтағы АҚШ-ң әскери өкілдерімен кездескеннен кейін сапарларын аяқтап, қайтып кетулері тиіс болатын.
XS
SM
MD
LG