Accessibility links

Павлодар облыстық сотының қадағалау алқасы саясаткер Ғалымжан Жақияновтың жүріп-тұруын шектейтін шешімді мақұлдады


Павлодар облыстық сотының қадағалау алқасы биылғы жылы мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан оппозициялық саясаткер Ғалымжан Жақияновтың еркін жүріп тұруын шектеу туралы бұған дейін қылмыстық коллегия шығарған шешімін өз күшінде қалдырды. Бұл жайында "Азаттық" радиосына бейсенбі күні Павлодар облыстық сотынан белгілі болды. Ал Ғалымжан Жақияновтың өзі бұл шешімдердің саяси астары бар деп есептейді.

Алматы қаласы Медеу ауданында шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан 18 азамат тікреуде бар. Алайда, солардың тек біреуі ғана Алматы қаласынан, Қазақстан шеңберінен тыс жерге ішкі істер басқармасының арнайы жазбаша рұқсатынсыз аттап шыға алмайды. Ол – Павлодар облысының бұрынғы әкімі, оппозициялық саясаткер Ғалымжан ЖАҚИЯНОВ. Оның өзі осы жайтқа байланысты «Азаттық» радиосына былай деген болатын:

- Алматыдан шықпай, осында отыр деп шарт қоюы маған арнайы жаңадан сот шешімінің шығарылғандығын көрсетеді.

Ғ.Жақияновтың өзінің еркін жүру құқығын қалпына келтіру бойынша, яғни, Павлодар облысының қылмыстық істер коллегиясының шешіміне қарсы шағымын сәрсенбі күні Павлодар облыстық сотының қадағалау алқасы қабылдамай тастады. Бұл туралы «Азаттық» радиосына қадағалау коллегиясының өз аты-жөнін айтқысы келмеген хатшысы хабарлады.

- Ия, бізге одан арыз келіп түсті. Біз оны қанағаттандырмау тұрғысынан жауап бердік. Сөйтіп, бұл ретте қадағалау өндірістік ісін қозғаудан бас тарту туралы шешім шығардық, -деді Павлодар облыстық сотының қадағалау коллегиясының хатшысы.

Ал мұндай шешімге қандай себептер негіз болғандығы жөнінде сот өкілдері қандай да бір мәлімет бермеді. Жақияновтың қорғаушысы Жолдасбек НҮСЕНОВТІҢ сөзіне қарағанда, қаңтар айында Павлодар облыстық сотының қадағалау коллегиясы Жақияновқа қатысты оның тек құқық қорғау орындарын хабардар ету арқылы еркін жүріп-тұруына кеплідік беретін шешім шығарған. Алайда, биылғы сәуір айының 28-і күні, бұл шешімде байқаусыз қате кеткен деп, Павлодар облыстық соты Жақияновты жазбаша рұқсатпен ғана қаладан шығуына мүмкіндік беретін шешімді қайта шығарған. Жақияновтың қорғаушысы Жолдасбек Нүсенов бұны – заңсыз шешім деп отыр. Оның келірген уәжіне жүгінсек, қаңтар айында қабылданған шешім ақтық болып табылатындықтан, ол тек ерекше жағдайда ғана өзгертілуі мүмкін.

- Қосымша қаулы шығаруға болмайды деп біз қарсы арыз бергенбіз. Егер негіз болса, қосымша қараңыздар деп. Бірақ, қосымша қарауға негіз жоқ. Себебі, алғашқы әлгі шешімге қатысты «қайта қарауға жатпайды» деген заң нормасы бар. Қайта қарау тек ерекше жағдайда жүзеге асады: егер өлім жазасы қолданылса, жазықсыз басқа адам жазаланса, елдің қауіпсіздігіне қатер төнсе. Ал басқа жағдайда қайта қарауға жатпайды.

Сәуірдің 24-і күні Еуропарламенттің шақыруы бойынша Алматыдан аттанбақшы болған Ғалымжан Жақияновты заң орындары ұстап, Қазақстаннан шығармай қойды. Олар Жақияновтың арызы негізінде өткен сотты бұл оқиғадан бірнеше күн өткеннен соң, яғни, сәуірдің 28-і күні шыққан Павлодар облысының жаңа шешіміне сілтеме жасаған. Жақиянов болса, бұл шешімдердің бәрінің астарында тек саясат жатыр деп санайды.

- Басқа шет мемлекеттерге өзім босағаннан бері 5 мәрте барып қайтқан едім. Дәл Еуропарламентке саяси мәселемен барамын деген кезде маған кедергі етіп, мені шығармады. Сол сияқты АҚШ-тың вице-президенті Чейни мырзамен кездесуге де мені Алматыдан Астанаға жібермеді. Сондықтан, бұны тек қана менің саяси белсенділігімді басу үшін істеліп жатқан әрекеттер деп есептеймін, - дейді оппозиция қайраткері.

«Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА оппозция белсенділерін қудалау Қазақстандағы бірнеше оппозиция қайраткерлерінің өлімінен кейінгі жағдайды одан сайын ушықтыра түседі деп бағалайды.

- Мұның таза саяси астары бар! Жақиянов бостандықа шыққаннан кейін билік оның саяси белсенділігінен қауіптене бастады. Себебі, Жақияновтың саяси беделі өте жоғары, оның пікіріне қоғамда көпшілік құлақ асады. Сондықтан, билік оның аузын жапқысы келеді! -дейді Гүлжан Ерғалиева.

Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов 2001-ші жылы қараша айында сол кездегі бірнеше жоғарғы лауазымды азаматтармен бірге «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған болатын. Алайда, көп ұзамай ол басқа құрылтайшылармен бірге мемлекеттік қызметтен босатылды. Ал 2002 жылы тамыз айында мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен сот үкімімен ол жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ғалымжан Жақияновты адам құқығын қорғайтын бірқатар халықаралық ұйымдар саяси тұтқын деп таныды. Ал, жаза мерзімінің жартысын қамауда өтегеннен соң, биылғы жылы қаңтар айында ол мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығарылды.
XS
SM
MD
LG