Accessibility links

Мәскеуде Ресей тарихында бұрын-соңды болмаған бір жынысты ғашықтар – гомосексуалистердің шеруі өтпек


Бірақ ол шараға Мәскеулік әкімшілік рұхсат бермеген. Соған қарамастан ресейлік гейлер мен лезбияндар Мәскеу орталығына шығып, бір жынысты махаббат жөніндегі өз тілектерін жұртқа жайып салмақ.

Бұрынғы советтік заманда айтуға да тыйым салынған мұндай құбылыс жөнінде енді сол советтік аймақта да ашық айтыла бастады. Мәскеуден тілшіміздің хабарлауынша, мамырдың 27-сі, сенбі күні, гей, лезбияндар, анығырек айтсақ, бір жынысты ғашықтардың жиыны, тіпті шеруі өтуі жоспарланып отыр екен. Бірақ, оған әзірше ресмилер рұхсат бермеген.

Гейлердің бірі Александр ол шеруге баруға жүрексінгенімен оның ғашығы Вячеслав деген жігіт ондай жиынды қолдайтындығын білдірді.

- Меніңше ол шеру өтуі керек. Бірақ, ол арада топалаң, жанжал болуы да мүмкін, сондықтан мен ол жиынға бармаймын. Оның ақырын күтемін. Тіпті, жай тамашалауға барғандар да таяқ жеп қалуы мүмкін. Полиция, тақырбастар ештеңеден аянбайды. Ұл демей, қыз демей таяққа жығып, сұлайтып салуы әбден мүмкін, - дейді гей жігіт.

Бірақ Мәскеудегі бұл жиынды ұйымдастырушы гей белсенділерінің бірі Николай Алексеев, Мәскеуде енді гомосексуалистердің жасырын шарадан ашық әрекетке кірісетін уақыты болды деп санайды. Ал бұл шеру Ресейдегі гомосексуалистерді алалау, қудалаудың 13 жылдығына арналмақшы екен. Дегенмен бұл шараға қарсы көңіл-күйдегі гейлер де аз емес. Олардың айтуынша, бұл жиын кесірінен олар елде ксенофобия, жеккөрушілік, қарғысқа тап болуы мүмкін екен.

Өткен айда Мәскеудегі гейлердің түнгі клубына әсіре ұлтшылдар шабуыл жасап, есік-терезелерін қиратып, барынша балағаттаған болатын. Бұл үшін түнгі клубтың бастығы Слава Андросов шеруді ұйымдастырушыларды кінәлайды.

- Бұндай қырғын олардың гейлер шеруі жөніндегі хабарынан кейін басталды. Мәскеу ондай шараға дайын емес қой. Міне енді гейлерге қарсы шабуылдар қызып тұр, - дейді клуб иесі.

Батыстан келген бұл үдеріске қала әкімшілігі де, діни жетекшілер де барынша қарсы. Мәскеу қаласы әкімі Лужковтың өзі бұл қоғамды арандату деп шеруге рұхсат бермеді. Ал оның өкілі шеруді ұйымдастырғандар аяусыз жазаланатындығын жеткізді. Гомосексуалистердің жиынын Мәскеу патриархаты үлкен күнә десе, Рабби Лазар мұндай арандатуға жол бермеу керек дейді. Ал мұсылмандардың бас имамы Талғат Таджуддин егер гейлер көшеге шығатын болса оларды қанжоса еткен жөн деген пікірде.

1993-жылғы заңға дейін Ресейде гейлер өз іс-тірлігі үшін 5 жылға қамалса, лезбияндар психиатриялық ауруханаларға салынатын. Ал қазір ол заң өз күшін жоғалтқан. Әйтседе де Ресей қоғамында бұл құбылысқа қатысты түрлі пікір-көзқарас қалыптасып отыр.

Жасы 27-дегі Вячеславтың Александр деген ғашығына оның ата-анасы да қарсы емес секілді. Бірақ олардың көшеде қыз-жігіттей қол ұстасып, аймаласып жүргендерін қаламайды. Оның үстіне 32-жастағы менеджер Александр арақ-шарап сататын өз компаниясында өзінің гомосексуалист екендігін жасырады екен. Оның гейлік тірлігін әке-шешесі де мойындамайтын көрінеді. Бұл екі гей кезінде Сочиде коммуналкада тұрғанда олардың сүйісіп тұрғанын көрген көршілері, жағасын ұстап, оларды сабапты. Кейін гейлерді қыру керек деген оларға қарсы науқан басталғанда екеуі бас сауғалап, ақыр соңында Мәскеуге кетуге мәжбүр болған. Міне, қазір енді екі гей жігіт үйленіп, перзент тәрбилеуді көксейді.

Ал жұртшылыққа өзінің ерсі қылықтарымен әйгілі депутат, Ресей парламенті төрағасының орынбасары В.Жириновский гомосексуалистерді өлім жазасына кесу керек дейді. Сондықтан Ресейдегі гейлер мен лесбияндардың Батыс елдеріндегідей тайраңдап еркін жүруіне құқ алу үшін оларға әлі талай жылдар қажет болатынға ұқсайды.
XS
SM
MD
LG