Accessibility links

Сенбі күні таңертеңгісін Индонезияның Ява аралында қуатты жер сілкінісі орын алды


Әзірге белгілі болған мәліметтерге қарағанда, зілзала салдарынан қаза тапқан адамдар саны 2600-дей болады. Ал көптеген адамдар түрлі жарақат алып, ауыр жараланса, тұрғындардың тағы бір бөлігі цунами келіп қалды ма деп қорқып-үріккендіктен үйлерін тастап қашқан.

Жергілікті уақыт бойынша мезгіл таңғы сағат алтыға жақындап қалған кезде жер сілкінісінің алғашқы қуатты тербеліс-қозғалыстары білінген. Бұл кезде жұрттың көбі әлі төсектерінен тұра қоймаған. Жер қабатының осы алғашқы қуатты қозғалыстарының өзі-ақ үйлер мен ғимараттарды, көпірлерді, жолдарды бұзып, талқандап үлгерген. Әп-сәтте-ақ дүрліккен жұрт қолына ілінген киім-кешекті ала салып, бала-шағасын жетектеп көшелерге өріп шыққан. Азан-қазан, у-шу дыбыстардың өзі айқайға аттан қосқанмен бірдей, оның үстіне көпшіліктің есінен 2004 жылы желтоқсанда Үнді мұхитында болған цунами апатының зардаптары ұмыт бола қоймағандығы белгілі.

Сондықтан үрейден дүрліккен елдің көпшілігі жеңіл көліктеріне міне салып, тезірек алыстау қашып кетуге тырысқандары айқын, жолдарда кимелесіп, бір-біріне жол бермей, мотоциклдер мен жеңіл көліктер көше қиылыстарына кептеліп әбден дүрбелең туған. Мұндайда қорыққанға қос көрінетіндігі де заңды құбылыс.

- Мен оңтүстік жақтан судың арындап келе жатқан дыбысын естідім де жалма-жан қаша жөнелдім, - дейді зілзала куәсі болған бір тұрғын.

Әрине, бұл арада цунами апаты болған жоқ. Ал зілзала қатты зардап шектірген Ява аралы тұрғындар тығыз орналасып, қалың қоныстанған жағалау аймақ. Рихтер бағанасымен 6 балдан асқан зілзаланың ең орталық нүктесі - Джокьякарта қаласына жақын жерде болған, жерасты дүмпуінің қуаттылығынан Мерапи тауындағы жанартаудың атқылау қаупі бар.

Индонезияның билік өкілдері әзірге зілзала құрбандарының саны екі жарым мыңнан асты деп хабарлады, бірақ бұл көрсеткіш әлі де өсе түсуі мүмкін дейді мамандар. Өйткені, құлаған үйлердің үйінділері астында көптеген адамдар қалған, құтқарушылар оларды аршып алу, шығару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тастар мен қираған кірпіштерден пайда болған төбелер, үйінділердің астынан жаралылар көптеп табылуда.

Мыңдаған жаралылар мен аман қалғандар мешітттер мен шіркеулерге келіп паналаған, ауруханалар да адамға толып кеткен. Кей жерлерде көмек көрсететін дәрігерлер мен дәрі-дәрмектің тапшылығы байқалды.

Индонезия президенті Сусило Бамбаң Йодхойоно зілзала аймағынан адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіруге әскерлердің көмек көрсетуіне бұйрық берген. Денсаулық министрі Сити Фадилла Супари дәрігер мамандар тобы мен аса қажетті дәрі -дәрмектер ең үлкен зардап шеккен аудандарға жіберіледі деді.

Халықаралық қызыл жарты ай және қызыл крест ұйымының апатты жағдайлардағы үйлестірушісі Ратифул Рахман Джакартадан телефон арқылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында былай деді:

- Мен сізге бұл апат зардаптарының мөлшерін анықтап, бағалап жатқанымызды айта аламын. Бірақ, біздің қолымызға түскен кейінгі ақпараттарға қарағанда, зілзаладан құрбан болғандар саны 3 мыңнан асуы да мүмкін, - дей келе, Қызыл крест ұйымының апат аймағына оншақты арнайы командаларын жіберілгендігін, олардың құтқару шараларына кірісіп кеткендігін айтты.
XS
SM
MD
LG