Accessibility links

Ауғанстанда қақтығыстар аяқ астынан неге ұлғая түсті?


Ауғанстанда соңғы екі айда қақтығыстарда қаза тапқан адамдардың саны күрт өсті. Мұндай жағдай 2001 жылы АҚШ бастаған коалиция соғыс ашып, Талибан үкіметі құлатылғалы бері болмаған. Елдің оңтүстігінде коалиция шабуылдарында талибаншылар деп күдіктелетін жүздеген азамат өлтірілді. Талибан жауынгерлері де соңғы жылдарға қарағанда шабуылдардың санын және амалдарын көбейтті. Қақтығыстардың тым көп боп кеткенінде бірқатар себеп бар.

АҚШ бастаған коалиция елдің оңтүстігін бақылау өкілеттігін келесі айда НАТО әскеріне толық тапсырмақ. Міне, осы кезеңде қанды қақтығыстар лезде көбейіп кетті. АҚШ Біріккен штабының бастығы генерал Питер Пейс осы аптада Үндістанда сөйлеген сөзінде талибаншылар бұрынғыға қарағанда көбірек бірігіп жатыр, адам шығыны сондықтан көп деді. Лондонда жұмыс істейтін тәуелсіз әскери сарапшы Ян Кемп мәселенің төркінін басқадан көреді. Ян Кемп Талибан НАТО жасағының өкілеттілігін арттыруға қарсы қоғам пікірін бұрғысы келеді, негізгі себеп осында дейді:

- Қақтығыстардың көп боп кеткенінің бір себебі – Талибан Ауғанстанға көптеп келіп жатқан НАТО әскерлері жағдайды өз қалауымен ұстап тұра алмайды деп көрсеткісі келеді. Екінші себеп – қоғамдық пікірге әсер ету әрекеті. Бұл НАТО-ның көпұлтты жасағына қатысып отырған елдерде қоғамдық пікірге кері нұқсан тигізуді мақсат тұтады.

Міне, лондондық сарапшы Ян Кемп осылай дейді. Ал "Азаттық" радиосының аймақтық сарапшысы Әмин Тарзи қанды қақтығыстар НАТО және АҚШ бастаған коалицияның өсе түскен шабуылдарына қарсы әрекет болып отыр дейді. Себеп екі ұшты, екінші жағынан Талибан шекпенінен жаңа Талибан шығып отыр, бірақ Ауғанстан үкіметі саяси намысқа тырысып, мұны мойындағысы келмейді,дейді Әмин Тарзи:

- Бір себеп – коалицияның дәл қазір шабуылдау жолына көшкенінде. Шілде айында бақылау өкілеттігі НАТО-ға толық өтпек. Осының алдында коалиция жағдайды реттеп, әсіресе Ауғанстан оңтүстігінде жағдайды жөнге келтіріп алмақ. Талибанға көбірек шабуыл жасалып жатыр, міне талибаншылардың кері әрекеттерін көріп отырмыз.

"Азаттық" радиосының аймақтық сарапшысы Әмин Тарзи Талибан белсенділігін Ауғанстан есірткі топтары басшыларының қоздырып отыруы да мүмкін дейді. Үкімет қазір көкнар алқаптарын жою тәсіліне көшкен. "Сенлис каунсил" деп аталатын зерттеу ұйымының атқарушы директоры Эммануель Рейнерт көкнар алқаптарын жою саясаты қарапайым диқандарды ызыландырды, кейбір аймақта Талибан жауынгерлерінің пайдасына ел пікірі өзгеріп жатыр дейді:

- Жергілікті халық орталық үкімет пен коалицияның не әрекет жасап жатқандарына сенуден біржолата қалды. Олар күнделікті тұрмысында еш өзгеріс көріп отырған жоқ. Олар әлі де болса қатты жоқшылықта жасайды. Жағдай тек ғана нашарлап жатыр. Қабулдан оларға күнкөріс көзі - көкнар алқаптарын - жоятын жасақтар ғана келіп отыр.

Сарапшы Эммануель Рейнерт шетел әскерлерінің қимылдарынан қарапайым халықтың арасында адам шығыны жасалады, жұрттың бұған қарсы ашуы да өсе түсті дейді. Ал енді майдан шеңберінен келіп жатқан ең соңғы жаңалықтардың бірі – НАТО және АҚШ бастаған коалиция Талибан ел оңтүстігінде жеңіп жатыр деген мәліметтерді жоққа шығарды. НАТО өкілі Марк Лейти талибаншылар шабуылдарын азайта түсті деді кеше. АҚШ әскерінің өкілі көптеген шайқасты Талибан емес, коалиция әскері бастайды деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG