Accessibility links

Әлемдік газеттер қауымдастығы Ресей мен ТМД елдерінде баспасөз еркіндігінің дамуы мардымсыз дейді


Әлемдік газеттер қауымдастығының жылдық конгресіне қатысу үшін жер-жерден келген басылымдар басшылары бұл күнде Мәскеуде бас қосты. Дүйсенбі күні конференцияның ашылуында Әлемдік газеттер қауымдастығының жетекшісі Гавин О.Рейлли Ресей президенті В.Путинге қарата айтқан сөзінде, Ресей баспасөзінің қорғаныссыз екендігіне назар аударды. Ал бұрынғы Совет одағында болған елдерде бүгінгі таңда баспасөздің ахуалы қандай? «Азаттық» радиосының тілшісі осы сауал төңірегінде Әлемдік газеттер қауымдастығының баспасөз бостандығы директоры Кайзер Торнротпен сұхбаттасқан еді.

Кайзер Торнрот ханымға қойылған алғашқы сұрақ былай болған еді:

- Ресейдегі баспасөз еркіндігінің қазіргі жағдайына конгрестің ашылуында сөйлеген сөзінде Газеттердің әлемдік қауымдастығының басшысы өзінің алаңдаушылығын білдірді. Ал бұл орайда Әлемдік қауымдастық осындай алаңдаушылық танытатын басқа да бұрынғы Советтік елдер бар ма?

- Біздің үнемі назарымызды аударып, көңіл бөліп, қатты алаңдаушылық туғызып отырған ел бұл ретте Беларус деуге болады. Бұнда наурыз айындағы президенттік сайлау барысында тәуелсіз басылымдар жаппай қудалауға ұшырады. Оның бір дәлелі, наразылық шерулері кезінде Минск газетінің редакторы ұсталды. Сонымен қатар Беларуста шетелдік журналистерге қысым жасалды. Мұнда сондай-ақ Чернобыль апатының 20 жылдығы аталып өтіп жатқан уақытта осы Беларусқа келмекші болған Польшаның бірнеше журналисін шекарадан кері қайтарып, елдің ішіне кіргізбей қойды. Өзгедей елдердің қатарында Түркменстан бар, мұнда баспасөз бостандығы мүлде жоқ деуге келеді. Өзбекстанда да өткен мамыр айындағы Әндіжан оқиғасының алдында, одан кейін, тіпті бүгінге дейін баспасөздің жағдайы мүшкіл.

- Әлемдік газеттер қауымдастығы Қытай мен Эритерияда, Беларуста баспасөздің қысым мен қудалауға душар болуына наразылық танытты. Мұндай наразылыққа не әсер етті?

- Бұндай наразылық біздің басқарманың түрлі елдердегі редакторлар мен баспасөз қызметкерлерінің жағдайын салыстырып, таразылай келе жариялаған баяндамасының нәтижесінде жасалды. Онда біздің басты негізге алған жайтымыз - Беларуста тәуелсіз басылымдардың қудалануының жалғасуы, жалпы жағдайдың жақсылыққа қарай өзгермеуі, президент Лукашенконың мерзімді басылымдарды қатты қысымға алып, олардың өзіне қатысты сыни тұрғыда пікір айтуына жол бермей отырғаны сияқты жайттар.

- Соңғы бірнеше жылда бұрынғы Советтік үш республика - Грузия, Украина және Қырғызстанда батысқа бейімдеу жетекшілер билік басына келді. Осыған байланысты бұл елдерде баспасөз саласында ілгері дамушылықты байқадыңыздар ма?

- Әрине, мұнда, әсіресе соңғы жылда Қырғызстанда жақсы үміт байқалды, бірақ, біздің кейінгі есебімізге қарағанда, Қырғызстанда тәуелсіз басылымдар жағдайында ешнәрсе өзгере қоймаған сыңайлы, дегенмен де өзгерістер болатындай.

Украинада, егер кейбір адамдар мұнда жағдай соншалықты алға жылжи қойған жоқ десе де, менің ойымша, тіпті революцияға дейін мұнда баспасөз орасан көп жұмыс атқарды. Сол себепті де мұнда анау айтқан өзгеріс бола қоймаса да, бірақ әзір Украинаны проблемалы аймақ ретінде көріп тұрған жоқпыз. Грузияда бірқатар ілгері жылжушылық бар деп айтар едім, мұнда аздаған болса да қадамдар жасалды. Мұнда бірен-саран тәуелсіз басылымдар бар, өз ойларын айтып, саясатын жасап, еркін баспасөз хұқын пайдалана алатын. Сонымен менің ойымша мұнда түпкілікті нәтижелер, өзгерістер бар деп ойлаймын. Өкіншіке қарай, бұрынғы Совет одағы республикаларындағы көптеген елдердегі баспасөздің жағдайы мұндай емес, еш өзгере қоймаған.

- Сіздің ойыңызша, бұл аймақтарда еркін және тәуелсіз баспасөзді қалыптастыруда интернет қандай роль атқара алады?

- Еркін баспасөзді тәрбиелеп, сөз бостандығын қалыптастыруда интернет шешуші роль атқара алады. Бірақ, бұл ретте бұрынғы Советтік республикалар мен әлемнің басқа да көптеген елдеріндегі басты проблема сол - интернетке елдің бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Интернетке жетсе де, кейбірі қажетті ақпаратты қалай іздеп табуды білмеуі де мүмкін. Сөйтіп, интернеттің мүмкіндігі өлшеусіз болса да, әзірге ол басты роль атқара алмай отыр.
XS
SM
MD
LG