Accessibility links

Европа үкіметтері АҚШ-тың Орталық барлау басқармасымен астыртын ынтымақтастыққа барған деген тың есеп жарияланды


Европа үкіметтері лаңкестер деп күдіктелгендерді бір-біріне заңсыз беру және ғаламдық торшарда құпия кедергілер қою турасында АҚШ-тың Орталық барлау басқармасымен астыртын сөз байласқан. Мұндай мәлімдеме Европа кеңесінің сәрсенбі күні жарық көрген есебінде жасалып отыр. Оның авторы Дик Марти осындай жасырын ынтымақтастыққа барып, оның құпия сақталуына кемінде 14 ел қатысып, ол үшін жауапты болған дейді.

Европа кеңесінің адам хұқтары және заңдылық комитетінің Париждегі кездесуде жариялаған бұл баяндамасы алты ай бойына жүргізілген тексеріс пен зерттеудің нәтижесі. Европа кеңесі Парламенттік ассамблеясының швейцариялық мүшесі Дик Марти бұл айыптауларға байланысты тексеру жүргізген.

Ондағы бірінші сауал: Орталық барлау басқармасы Европада құпия қамау орындарын ұстады ма? Және ол туралы Европа мемлекеттері білді ме немесе Орталық барлау басқармасының лаңкестер деп күдіктелгендерді жасырын ұстап, азаптау мен қинау көрсеткен елдерге апаруына көмектесті ме?

Оның, демек Мартидің анықтауына қарағанда, Орталық барлау басқармасының мұндай операция, әрекеттеріне Европаның 14 елі қатысқан немесе ол туралы біле тұрып, оған көз жұма қараған.

- Мен бұл болған шындық жайттың бергі беті ғана екеніне сенімдімін. Біз оның мейлінше көбірек элементтерін ашқан сайын, ол туралы көп адам айтқысы келетін болады. Менің ойымша, бұл жақсы нәрсе, ал біз өзіміздің зерттеуімізді әлі аяқтаған жоқпыз.

Мартидің айтуынша, әсіресе жеті ел, оның ішінде Македония да бар, өз жерлеріне күдіктелгендерді орналастыруға рұхсат берген. Осының өзі оларға адам хұқтарының бұзылуына жол бергені үшін жауапкершілік жүктейді.

Марти сондай-ақ тұтқындарды ұстайтын құпия қамау орындарының болғандығының дәлелдері екі елдің де ондай жерлер бізде жоқ деп шыр-пыры шығуына қарамастан, Румыния мен Польшадан да табылғандығын айтады.

Сондай-ақ, мұндай айыптаулар тағылған елдердің қатарында Түркия мен Кипр де бар. Ал тағы бір топ ел, атап айтқанда - Ирландия мен Португалия, Грекия күдіктелгендерді ұстайтын жасырын орындарға апара жатқан жолдағы аялдама болған делінеді.

Дегенмен де бұл айтылғандармен қатар Мартидің есебі қандай да бір нақты дәлел-деректерді ұсынбайды. Алайда, оның айтуынша, Орталық барлау басқармасының түрмелері болғандығын білдіретін жайттар жеткілікті.

Парламенттің голландиялық мүшесі Коталайн Боутенуек былай дейді:

- Мен бұған соншалықты таң қалмаймын. Европа парламентінде біз де өзіндік тексеріс жасап жатырмыз, біздің де тұжырымдарымыз осыған ұқсас бағытта.

Коталайн Боутенуек Европа парламентінің осы мәселе бойынша шұғылданып жатқан уақытша комитетінің мүшесі. Ол бірқатар Европа елдері адам хұқтары конвенцияларының талаптарын бұзған елдер қатарында деп атап көрсетедi:

- Адам хұқтарының бұзылғандығы белгілі болғанда сіз оған бей-жай қарай алмайсыз. Егер тіпті оның дәлелі ретінде бейнетаспа болмаса да , бұның көрініс бергендігі анық, ал кейбір істе бізде дәлелдер бар, сонда да болса Европа үкіметтері үнсіздік танытуда, сөйтіп олар адам хұқтары конвенциясын бұзып отыр.

Мұндай айыптауларға Польша тарабы бұл дерексіз, дәлелсіз жабылған жала деп жауап берді. Әзірге АҚШ-тың бұған жауап берері және жауап берсе, қалай деп берері нақты айқын емес. Бұдан бұрынырақ Вашингтон басқа елдерде құпия қамау орындарын ұстау саясатын қорғаған болатын. Желтоқсан айында АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың бұл даулы мәселеге байланысты берген жауабы төмендегідей болған еді:

- АҚШ тұтқындалғандарды бір елден екінші елге азаптау мен қинау арқылы жауап алу мақсатында тасымалдаған емес. АҚШ бір елдің әуе кеңістігін не әуежайын да ұсталғандарға зорлық-зомбылық көрсетуге апару үшін қолданған емес. АҚШ ешкімді азаптау мен қинаулар көрсету үшін бір жерден екінші жерге апарған емес және апармайды да.

Сонымен бұл даулы жайтқа дәл осы жерде нүкте қойылған, қойылмағаны белгісіз. Ал Мартидің есебі осы айдың аяқ кезінде, нақты айтқанда маусымның 27-де Европа кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында талқыланатын болады.
XS
SM
MD
LG