Accessibility links

Ауғанстан үкіметі шекара күзетіне жеке қарулы топтарды жалдауы мүмкін бе?


Ауғанстан үкіметі ел оңтүстігінде шекара күзетіне кейбір жеке қарулы топтарды қатыстыруы мүмкін деген жоспар елдегі реформаның барысы жайында алаңдаушылық тудырды. Президент Хамид Қарзай қауіпсіздік қызметіне жеке жасақтардың тұтастай келгендерін қаламаймын, жеке жауынгерлерді ғана өз жағымызға тартуымыз керек дейді. Сарапшылар жеке жасақтарға қандай да өкілеттік беру әрекеті, не оларды жалдап, қызметін бұру әрекеті жеке әскерлерді тарату мақсатымен жылдар бойы жасалып келе жатқан жұмысты жоққа шығарады дейді.

Президент Қарзай осы аптада Пәкістанмен шекара аймақта мекендейтін пуштун тайпаларының басшыларын аралап, жеке жауынгерлерді Ауған ұлттық полициясына тартуға әрекет жасады. Ауғанстан қорғаныс министрі Рахим Валдақ бұл қимылды жеке әскерлерді тарату бағдарламасына кедергі келтіру деп түсінуге болмайды, заңсыз қарулы жасақтарға өкілеттік беру туралы әңгіме жоқ дейді. Радиомызға берген сұхбатында Рахим Валдақ кейбір аудандарда полиция қызметкерлері жетпей жатыр, сондықтан жергілікті тұрғындарды көбірек алуды көздеп отырмыз, оларды алдымен дайындықтан өткіземіз, полиция қатарына біртіндеп қосамыз дейді.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Абдұл Манан Фарахи қызметке шақырылатын жеке жауынгерлерге қару бермейміз, олардың қару-жарағы онсызда бар дейді. Керісінше, дейді Абдұл Манан Фарахи, қару-жарақтарын тіркеп, тәртіп сақтауға көмектесетін жеке жауынгерлерге ақы төленетін болады. Талибан қозғалысын зерттеп, кітап жазған сарапшы, Пәкістанда тұратын журналист Ахмед Рашид Ауғанстан үкіметінің бұл жоспарын сенімсіздікпен қабылдайды. Жеке әскерлерді таратуға жүздеген миллион доллар жұмсалды, Қарзай оңтүстікте кез-келген пуштын жасағына өкілеттік берсе, онда басқа аймақтағы ұлттық топтар да осыны талап етеді, солтүстікте өзбектер, сол сияқты тәжіктер де соны жасайды, - дейді Ахмед Рашид. Сөйтіп, жеке қолбасшыларға қарайтын әскерлер қайта шыға келеді, - дейді Ахмед Рашид.

Ахмед Рашид Ауғанстан үкіметі Хельманд провинциясының бұрынғы әкімі Шер Мұхамед Ахонзадаға бағынатын 500 жауынгерді қазірдің өзінде жалдады деген мәлімет бар, үкімет оларға ай сайын 200 доллар төлейді деген мәлімет алаңдаушылық туғызады дейді. Мұндай алаңдаушылықты радиомыздың сарапшысы Әмин Тарзи де айтып отыр. Тарамай жатқан жеке жасақтарға өкілеттік беру олардың ықпалын өсіре түседі, жаңа тайпалық әскерлердің пайда болуына әкеледі, - деп болжам айтады Әмин Тарзи.

Жапония, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Америка Құрама Штаттары жеке жасақтарды тарату жоспарына ақша жұмсап жатса – үкімет көбірек жеке жасақтарға жол бермек. Бұл өте өрескел қимыл. Мемлекет билігі күшейтілудің орнына мемлекет беделі құртылып жатыр, - дейді сарапшы Әмин Тарзи. Ауғанстан үкіметінің жеке жасақтарды полиция қызметіне тарту орынсыз деп радиомызға НАТО өкілі Марк Лайти де айтты.
XS
SM
MD
LG