Accessibility links

Әлем жетекшілері Үндістандағы террорлық шабуылды айыптап отыр


Сейсенбі күні Үндістанның ірі қаласы Мумбайда болған лаңкестік оқиғаларды әлем жетекшілері қатаң түрде айыптап отыр. Полицияның хабарлауынша, қала маңына қатынайтын пойыздар мен темір жол бекеттерінде болған бірнеше жарылыс кезінде 190-ға тарта адам құрбан болып, 600-дей кісі жарақат алған. Бұл әрекеттер үшін жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ.

Қуатты бомба жарылыстары кемінде жеті пойызда, түскі қарбалас уақытта болған. Оқиға орнынан әлем ақпарат бұлақтары арқылы тарай бастаған хабар көпшілікке былтыр Лондондағы автобус пен метрода болған жарылыстарды, сондай-ақ, 2004 жылы Мадридте болған пойыздағы жарылысты еске салды.

Үндістанның ең ірі қаласы боп табылатын Мумбайдағы қала маңына қатынайтын пойыздар жүйесі әлемдегі осындай ең ірі теміржол қатынас жүйесі боп табылады. Күнделікті бұл пойыздар арқылы алты миллион адам қатынайды.

Мумбайдағы лаңкестік оқиғаларды әлем жетекшілері қатаң түрде айыптап отыр. Американ Мемлекеттік Хатшысы Кондолиза Райс бұл тұрғыда ресми Вашингтонның көзқарасын былайша танытты:

"Бұл қорқынышты террорлық әрекетті біз толығымен айыптаймыз. Құрбан болғандар мен жарақат алғандардың отбасыларына көңіл айтамыз".

Британ үкімет басы Тони Блэйр шабуылды "масқара" әрекет деп атаса, Ауған Президенті Хамид Карзай "жанжалды әрі жиренішті" әрекет деп атады.

Үндістанның егелгі бақталасы боп табылатын Пәкістан да өз тарабынан көңіл білдірді.

"Әлбетте, біз мұны айыптаймыз. Және әлемді обадай орап бара жатқан терроризм мәселесінің бар екенін айтамыз. Терроризмге қарсы күреске Пәкістан үкіметі өз үлесін қосып отыр. Бұл оқиғаны қатаң түрде айыптаудан басқа айтарымыз жоқ", - деп мәлімдеді Пәкістан Сыртқы İстер Министрі Махмуд Касури.

Бұл әрекеттер үшін жауапкершілікті ешкім өз мойнына алған жоқ. Ал оны кім ұйымдастырғанын толық тергеп тексеруге біраз уақыт кетуі мүмкін.

Үндістан, оның ішінде Мумбай қаласы үшін террорлық әрекет жаңа нәрсе емес. Оқиға болғаннан кейін негізгі күдік осыдан бір жылға жетпес уақыт бұрын Нью Делиде 60 адамның өліміне алып келген шабуылды ұйымдастырған Кашмир жікшілдеріне түсті.

Алайда, Кашмирдегі Үнді билігіне қарсы күресіп келе жатқан негізгі қарулы топ Лашкар-и-Таиба Мумбайдағы шабуылдарға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Ресми Нью Дели елдегі бірқатар қарулы сепаратистік қозғалыстармен, оның қатарында көрші Непалдағы экстремисттермен байланысы бар Маошыл топпен де соғысып келеді.

Мумбайдағы соңғы әрекет қаладағы ұйымдасқан қылмыстың жасаған ісі де болуы ғажап емес. Қалада болған ең ірі террорлық әрекетті дәл осы Мумбай мафиясы ұйымдастырған болатын. 1993 жылғы бұл оқиға кезінде қаланың түрлі жерлерінде қатар-қатар болған 13 бомбалық жарылыста 250-ден астам адам құрбан болған еді.

Бұл екі арада, Үндістан үкімет басы Манмохан Сингх Мумбайдың 13 миллион халқы террористерге мойынсұнбайды деп мәлімдеді.

Жарылыстар болғаннан кейін ақпарат құралдары жарақат алғандарға жергілікті халықтың қалай көмектесіп жатқан жөнінде хабар таратты. Мұсылмандар үнділерге, үнділер мұсылмандарға көмектесіп жатты.

Ал сәрсенбі күні қала маңы пойыздары әдеттегідей толы болған. Осындағы әйгілі үнді киноларын түсіретін Болливуд киностудиясы өз жұмысын жалғастырды, қаланың қаржы орталығы қайта ашылып, жұрт өз жұмыс орындарына әдеттегідей барып, қызметтеріне кірісті.
XS
SM
MD
LG