Accessibility links

Қоғам қайраткерлері Қазақстан президентінен «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловке араша түсуді сұрайды


Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы, бұрынғы ірі бизнесмен Болат Әбіловтің үстінен бүгінде 4 қылмыстық іс қозғалып отыр.

Бұл жөнінде оппозициялық көзқарастағы саясаткердің өзі «Азаттық» радиосына былай деген болатын:

- Қылмыстық іс дұрыс емес. Біріншіден - өтірік ақпарға негізделген. Екіншіден, тергелу мерзімі өткен. Астанада отырған кісілер ойлайтын болуы керек, осы Болат тыныш отырмайды, бірдеңені айта береді бізге қарсы, деп. Сондықтан, осындай қылмыстық істер ашып, маған қысым көрсетпекші. Бірақ мен қорықпаймын. Қалай болғанда да күресемін!

Қазақстанның бір топ қоғам қайраткерлері «елдің қаржы полициясы Болат Әбіловке қарсы экономикалық қылмыс жасады деп жалған айып тағып жатқанымен, біз оның шынайы себептері Болаттың саяси қызметі мен азаматтық ұстанымында жатыр деген сенімдеміз» деген мазмұнда Қазақстан президентіне үндеу жариялады. Әбіловке қатысты соңғы кезде жағдай ушығып кетті, сондықтан, президентке осы хатты жазуға мәжбүр болдық дейді хатқа қол қойғандардың бірі Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов.

- Түсінесіз бе, оның төңірегінде орынсыз дүрлігу байқалады. Оған қарсы төрт бірдей қылмыстық іс қозғалған. Барлығы ескі, мерзімі өткен істер. Он жыл бұрынғы оқиғаларды ойлап тауып, адамды саяси қызметі үшін қудалау ақылға сыйымсыз! - дейді Ғани Қасымов.

«Болат Әбілов – қылмыскер» дегенге үндеуге қол қойған «Ауыл» партиясының лидері Ғани Қалиев те сенбейді:

- Депутат кезінде бірге жұмыс істедік. Қазір бір қалада тұрамыз. Адам болғаннан кейін кемшіліктер болуы мүмкін. Бірақ, қателіктер сол қылмыстық іс болып қозғалып, сотталатын деңгейде деп айта алмаймын. Ол осыдан 2-3 жыл бұрын бір милиционерге бір нәрсе айтты деп, сол үшін қудалауға бола ма? Бұл Қазақстан үкіметінің беделіне нұқсан келтіреді.

Болат Әбіловке қарсы қудалауды тоқтатуды сұрап, президентке үндеу жасағандар арасында қазіргі парламент мәжілісінің 5 депутаты бар. Солардың бірі Амалбек Тшан оппозициялық саясаткерге қарсы қылмыстық іс жүргізіп отырған билік орындарына деген наразылығын жасырған жоқ:

- Олар тисем десе, басқалар да жетіп жатыр ғой?! Неге Болат Әбілов?! Мұның бәрі - саяси тірлік, саяси сарынмен жасалып отыр ғой. Әйтпесе, Болаттан өзге «ұры» жоқ па? Қайырбек Шошанович (бұрынғы ішкі істер министрі) айтпақшы, «кез-келген шенеунікті ұстап алып, қамай бересің». Сондықтан, осының бәрі әшейін ойын!

Ал оның әріптесі парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов бұрынғы бизнесмен Болат Әблов ісінің ақ-қарасы жөнінде уәж айту тек заң орындарының құзырында екендігін еске салды:

- Болат Әбілов кезінде компьютер, тамақ, түрлі заттар сатып байыған. Оның мәселесін заңмен шешу керек. Қылмыстық іс болса - сөзсіз оны қозғау керек. Ал егер қылмыстық ісі жоқ болса, оны саясатқа айналдырып, билікке қарсы шыққанын, президентті қолдамағанына бола сөгіс беріп, дұрыс демегенді қоштамаймын.

Қазақстан президентіне үндеу жасаған 9 қоғам қайраткері белгілі қазақстандық саясаткерді қудалау Қазақстанның әлемнің бәсекеге бейім 50 мемлекетінің қатарына қосылу және Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету туралы жоспарына қарсы бағытталған деген пікірлерін жеткізді. Бұған дейін президентке Әбіловке араша болуын сұрап, Қазақстандық бір топ бизнес-элита өкілдері хат жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG