Accessibility links

Алмалы аудандық соты «Central Asia Monitor» газетінен парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың пайдасына 5 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды


Шілденің 24-і күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық соты парламент мүшесі Ерасыл Әбілқасымовтың пайдасына "Central Asia Monitor" газетінен 5 миллион теңге өндіріп алу жөнінде шешім шығарды. Сот дауына "Central Asia Monitor" газетінде былтырғы жылы жарық көрген "Ерасыл Әбілқасымов - адам-жоба" деген мақала негіз болған. Ал сот шешімімен келіспеген "Central Asia Monitor" газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин шілденің 25-і күні "Азаттық" радиосына берген сұхбатында, Жоғарғы сотқа дейін шағымданатындарын жеткізді.

Сейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне бперген сұхбатында, Парламент мәжілісінің депутаты, былтыр Қазақстанда өткен президент сайлауына үміткер ретінде түскен Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ “Central Asia Monitor” газетіне қарсы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында жарты жылға созылған сот процесінде жеңіп шыққандығына қуанышты екендігін жасырған жоқ:

- Көрдіңіз бе соттың қанша айға созылғанын?! Түбі не керек, жеңдім! 1 миллион теңге газет құрылтайшыларынан, 1 миллион теңге мақала авторы Саят Мусиннен, 3 миллион - Бигелді Ғабдуллиннен. Бигелді Ғабдуллин сияқты адамдарды тәртіпке шақырғаныма қуанып отырмын!

Ал “Central Asia Monitor” газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин болса, газетке барлығы 5 миллион теңге моральдық шығын өтеуге сот шешімі шыққанын шетелде жүріп естіді. Ол әрі қарай Жоғарғы сотқа дейін шағымданып, түбі жеңіске жететіндіктеріне сенімді:

- Бізде ешқандай қобалжу жоқ! Қайда, қай жерде жүрсек те, біздің жазғанымыз - жазған! Ешқашан ол депутатқа сөз тигізген жоқпыз. Сондықтан, 10 күн ішінде біз аппеляциялық шағым береміз. Жоғарғы соттың әділеттілігіне сенеміз!

Оның сөзіне қарағанда, сотқа негіз болған «Танылмаған жеке тұлғалық объектілер» деген айдармен берілген «Ерасыл Әбілқасымов – адам-жоба» деген мақалаға орай екі рет сот-сараптамалық қорытынды жасалған.

- Біріншісі – тәуелсіз сот сараптамасы, екіншісі - Әділет министрілігінің сараптамасы. Екі сараптама да «депутат Ерасыл Әбілқасымовтың ар-намысына тигізген сөз жоқ» деп тапты. Соған қарамай, сот сондай шешім шығарса, менің күлкім келеді. Это не серезный процесс! – деді Б.Ғабдуллин мырза.

Істі жүргізген Алмалы аудандық сотының судьясы Ермековке хабарласқанымызда, оның хатшысы «іске қатысы жоқ тараптарға ешқандай ақпарат берілмейтіндігін» мәлімдеді. Депутат Ерасыл Әбілқасымовтың өзі болса, мақалада келтірілген сөздердің лингвистикалық мағынасын емес, саяси мазмұнына мән беру керек деп отыр. Сол кезде ондағы ар-намысқа тиетін тұстар аңғарылады дейді депутат:

- «Неопознанный личностный объект» деген сөзге былай қарасаңыз, намысқа тиетін ешнәрсе жоқ. Филологиялық емес, саяси жағынан үңілсе, бұл сөзді саясаткерге, президенттікке үміткерге қаратып айтса, ар-намысқа тиеді. Әлгі президент сайлауының біткеніне 2 апта өткен соң мені «неопознанный личностный объект» дейді. Әй, айналайын, мені депутат ретінде жұрт танитын, ал президенттікке үміткер ретінде тіпті білетін болды. Солай намысқа тиюге болмайды ғой?! Немесе «адам-жоба» дейді. Біреуге бұл сөз, «Отан» партиясында, биліктің астында жүрмін деу мақтаныш шығар, ал менің абыройыма нұқсан келтіреді. Мен ешкімнің де жобасы емеспін!

Мақала мәтініне сараптама жүргізген ұйымдардың бірі – «Әділ сөз» ұйымының ақпараттық даулар бойынша тәуелсіз сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова бұл сот шешімі өздері үшін күтпеген шешім болғанын айтады:

- «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген сияқты. Өйткені, осы күні судьялар моральдық нұқсанды миллиондаған ақшамен белгілемейді! Әрі кетсе, бірнеше мыңға қалдырады. Шын мәнісінде кінәлі деп тапса... Ал бұл жерде ешқандай кінә жоқ! Өйткені, біз сараптама жүргіздік. Сонда ар-намысқа тиетін ешнәрсе табылмады!

Оның сөзіне қарағанда, газеттен 5 миллион теңге талап ету газет пен журналистің әрі қарайғы тағдырына кері әсер етуі мүмкін:

- Бұл ақша енді газетті мүлдем құртып жіберуі мүмкін. Ал журналисті өмір-бақи өзінің отбасына емес, біреуге жұмыс жасатып қояды. Бұл қазіргі демократиялық процестерге, сөз бостандығына, тіпті бар ғой, қазіргі «БАҚ туралы» заңға да қайшы!

Газеттен 50 миллион теңге өндіріп алуды көздеген Ерасыл Әбілқасымов соттың моральдық шығын ретінде белгілеген 5 миллион теңге немесе 42 мың долларды аз дейді. Дегенмен, бұл қаржыны қолдау көрсеткен Қазақстанның Халықтық коммунистік партиясын күшейтуге жұмсаймын дейді Парламент депутаты, бұрынғы президенттікке үміткер Ерасыл Әбілқасымов.
XS
SM
MD
LG