Accessibility links

Байқоңырдан ұшқан «Днепр» зымыран тасығышы апатқа ұшырады


Бейсенбіге қараған түні, Астана уақытымен сағат 01-ден 43 минут кеткенде, Байқоңыр ғарыш айлағынан көкке самғаған «Днепр» зымыран тасығышы арада 1 минуттен астам уақыт өткенде апатқа ұшырап, жерге құлаған. «Днепр» бұл жолы ғарышқа Италия, АҚШ, Колумбияның ғарыш аппараттарымен бірге, «БелКА» деп аталатын, Беларуссияның тұңғыш жасанды жер серігін алып шығуы тиіс болған. Оның ғарышқа ұшқан сәтін бақылау үшін Байқоңырға сәрсенбі күні Беларусь президенті А.Лукашенко арнайы ұшып келген еді.

«Днепр» зымыран тасығышының әуеге қалай көтерілгенін бақылағандардың бірі - бейсенбі күні бізбен Байқоңырдан телефон арқылы хабарласқан жергілікті журналист Темірхан Әбзейітов өзі куә болған жайтты баяндап берді. Оның айтуынша, жердегілер зымыранның алғашқы сатысының әуеде қалай бөлінгеннін бақылаған:

- Содан кейін екінші сатысының жанғанын біз көрмедік – ракета жоқ боп кетті. Тәжірибелі адамдар апат болғанын бірден білді. Себебі, екінші саты жанғанда ол жерден анық көрінеді.

- Қай жерге құлаған деп отыр?

- Қармақшы ауданында Тағай деген жер бар, соған жақын жерге құлапты, әйтеуір елсіз жерге түскен екен, адам шығыны жоқ екенін анықтады.

- Белорусь президенті Александр Лукашенко қатысты деп еді, ол кісі қашан келді?

- Сәрсенбі күні түскі сағат үш жарымда Юбилейный әуежайына келіп қонды. Ол осындағы «Протон» құрлысында, Гагариннің мұражайында болды, осы түнде ұшқан «БелКА»-ның тұрған жеін көрді.

Бейсенбі күнгі түнде зымыран тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін Белорусь президенті Отанына аттаныпты. Осы уақытқа дейін мамандар сенімді санап келген «Днепр» зымыран тасығышы - Кеңес үкіметі кезінде Батыс елдерінде «Сатана» деген атаумен белгілі болған атышулы баллистикалық зымыранның негізінде жасалған. Бұл жолы ұшуы сәтсіз болған «Днепр» зымыран тасығышы Беларустің тұңғыш жер серігін және өзге де бірнеше елдің, жалпы саны 18 ғарыш аппараттарын жер орбитасына алып шықпақшы еді.

Беларусь жасанды жер серігінің құны 230 млн рубль деп хабарланған. Сондай-ақ, осы жасанды жер серігін кездейсоқ қауіп-қатерден «Евразия» сақтандыру компаниясында қамсыздандырылғаны туралы бірқатар ақпарат құралдарында ұшу күні қарсаңында жарияланған болатын

Шілденің 27-күні «Азаттық» тілшісінің қойған сауалына, аталған компанияның Алматыдағы кеңсесінің өкілі Қуаныш Дәуітов бұл хабарды растаған да жоқ, жоққа да шығармады.

- Біз сіздің басқа кез-келген сұрағыңызға жауап берейік, бірақ дәл осы мәселеге байланысты сізге ештеңе айта алмаймыз, - деді ол.

Алайда, Қуаныш мырза, өткен маусым айының 18-күні Байқоңырдан ғарышқа ұшырылған Қазақстаның тұңғыш жасанды жер серігі - «ҚазСаттың» осы компанияда сақтандырылғанын растады.

Ол жолы қазақстандық жер серігінің ұшқан сәтін Ресей мен Қазақстан президентері келіп қатысқан болатын. «ҚазСат» негізінен байланыс мақсатында жасалған болса, апатқа ұшыраған «Днепр» зымыран тасығышының үстіндегі «БелКА» жасанды жер серігі ғарыштан картографиялық, геодезиялық және метерологиялық зерттеулерге арналған деп хабарланды.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG