Accessibility links

Ақтөбеде «Таблиги жамаат» ұйымының ұсталған 7 мүшесіне қатысты істі сот полицейлерге қайтарып берді


Ақтөбе қаласында "заңсыз миссионерлік жұмыспен айналысты" деген айып бойынша, діни бағыттағы "Таблиги жамаат" діни ұйымының 7 мүшесін ұстап, істі сотқа табыс еткендерін хабарлады, жұма күні «Азаттық» радиосына Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының экстремизм және терроризммен күрес бөлімінің басшысы қызметін атқарушы Нұртай Нұғаев. Ал адам құқығы бойынша Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина болса, діни уағыз жасағаны үшін тұтқындау діни бостандық жөніндегі халықаралық және қазақстандық талаптарға сай емес дейді. Сондай-ақ жұма күні Ақтөбе әкімшілік соты да діни уағыз айтушыларға тағылған күдіктің толық ашылмағандағын айтып, істі полицейлерге қайтарып берген.

Ақтөбеге Қарағанды облысынан келген «Таблиги жамаат» ұйымының 7 мүшесін қаладағы орталық мешітте ақшам намазынан кейін, яғни, кешкі сағат 9 жарымда қолға түсірдік дейді Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының экстремизммен, сепаратизммен және терроризммен күрес тобының басшысы қызметін атқарушы Ертай Ноғаев:

- Қарағандыдан олар біздің мешітке келу керек деген кезде 25-ші шілдеде шығарып алдық. Өздері діндәр адамдар тәрізді ұзын көйлек киген, сақал жіберген. Бастарында тақиялары бар. Бірақ бұлар экстермистер емес, «таблиги жамааттар». Яғни, олар дауғат айтады, дінді адамдарға насихаттайды.

Оның айтуынша, ұсталғандар - 19 бен 29 аралығындағы жастар. Діни сауаттары төмен, оқымаған, еш жерде жұмыс істемейді. Сондықтан, оларды кез-келген уақытта экстермистік, сепаратистік ұйымдар өз мүдделеріне пайдаланып кетулері мүмкін дейді полиция қызметкері:

- Басты қауіп те сонда! Олар қандай насихат жүргізулері мүмкін? Олардың өздері айтады: біз дінге еш жерде оқымадық. Бізге дәріс берген - мешіттегі ұстаздарымыз, -деп.

«Табилиги жамаат» діни ұйымының ұстанымдары көбіне-көп жалпы ислам қағидаларымен сәйкес келмейді. Сондықтан, оларды тәртіпке шақыруды қолдайды Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының баспасөз қызметкері Оңғар қажы Өмірбек:

- Заңға сүйеніп, барлығын біздің аямызда ғана ұстаса, әрине, ол жақсы! Халық анаған-мынаған бөлініп, ырың-жырың етпейді. «Хизбуты» - бір, «уахабиі» - бір, «ахмадиі» - тағы бар, секта-мекталары да көп. Солардың бәрін осындай көзқараспен қарап, бәрін бір ізге түсіріп, елдің ынтымағынан қарай алып келсе, әрине, жақсы!

Ақтөбелік полицейлер Әкімшілік кодекстің 375 бабының 3-ші бөлімі бойынша, яғни, тіркелмеген діни ұйымның атынан заңсыз миссионерлік жасады деген күдікпен істі сотқа берген. Ақтөбе облыстық ішкі істер басқармасының экстремизммен, сепартизммен және терроризммен күрес тобының басшысы қызметін атқарушы Ертай Ноғаевтың айтуынша, еш жерде тіркелмеген «Таблиги жамаат» ұйымының қызметі Қазақстанда заңсыз. Сондықтан, оның уағыздаушылары әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс:

- Бұл ұйым Қазақстанда тіркеуден өтпеген. Олардың қолында төлқұжаттан басқа ештеңе де жоқ. Таңертең сотқа апарып, әкімшілік жауапкершілікке тартуға әрекет жасап жатыр. Бәлкім, оларға айыппұл салып, Ақтөбе облысынан шығарып жіберуге шешім шығаратын шығар.

Бұл адамдар Қазақстанда облыстарды аралап, ислам және Құран туралы өздерінің көзқарастарын түсіндіруді мақсат тұтқан. Бұл – миссионерлік қызмет емес, діни білімді уағыздау деп аталады, дейді адам құқығы жөніндегі Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина.

- Діни ілімді уағыздау – халықаралық және қазақстандық заң талаптары бойынша діни сенім-наным мен ар-ождан бостандығының ажырамас бөлшегі. Кез-келген адам көшеге шығып, уағыза айта алады. Ал полицейлер болса, олардың діни бостандыққа деген құқығын бұзып қана қойған жоқ, сол үшін оларды тұтқындап отыр! Біз күзде әлем діндерінің съезін өткізбекпіз, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткіміз келеді, ал өзіміз бағзы совет еліндегідей өмір сүріп отырмыз! - дейді Нинель Фокина.

Ал жұма күні ішкі істер басқармасы өткізген хаттамада «Таблиги жамаат» ұйымының 7 мүшесіне тағылған күдікті толық ашпаған, сондықтан, істі қайтарып бердік, деді Ақтөбе қалалық әкімшілік сотының төрағасы Әбдіәлі Дәмеш «Азаттық» радиосына:

- 636-шы бап бойынша хаттаманы толтыруға ішкі істер бөлімінің құқысы жоқ! Бұл жөнінде істі тек прокурор ғана қозғай алады. Сонан кейінгі кемшілік: хаттамада «миссионерліктің» мәні ашылмаған. Олар кімге уағыздады? Кімдер болды? Хаттама бойынша бірде-бір адамның аты жазылмаған. Сондықтан, осы кемшіліктерді жою мақсатында хаттаманы ішкі істер бөліміне қайтардық.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 72 діни ұйым жұмыс істейді. Олардың 43-і - мұсылмандық ұйымдар.
XS
SM
MD
LG