Accessibility links

Әлемдегі өздерін ең бақытты сезінетін тұрғындар қайсы елде тұрады?


Күлкі - барлық тілде де түсінікті. Бірақ жақында шыққан “Әлемдік бақыт картасына” қарағанда, кейбір халықтар басқаларына қарағанда өздерін көбірек бақытты сезінеді екен.

22-жастағы Венера Қырғызстан астанасы Бішкекте тұрады. Оның өмірі қиын, себебі Венера жақында жұмысынан айырылған және ол тұратын көшедегі үйлерде электр қуаты жоқ. Оның күйеуінің денсаулығы нашар, бірақ ол ақша табу үшін Ресейге кеткен. Өміріндегі барлық қиыншылықтарына қарамастан Венера көңіл-күйін көтеріңкі ұстауға тырысады екен.

“Мен жанымдағы адамдарды көрсем өзімді бақытты сезінемін. Бөпеме қарасам барлық проблемаларды ұмытамын”, - дейді Венера.

Венера өзінің рухын жоғары және бақытты етіп ұстайтын жалғыз Қырғыз емес. Жақында шыққан “Әлемдік бақыт картасына” қарағанда Қырғызстан - Орта Азия ұлттары арасында ең бақытты халық деп бағаланыпты. Бұл – бақыт туралы зерттеу жұмысындағы қызықты жайттардың бірі. Таяуда бүкіл әлем бойынша экономикалық және әлеуметтік жағдайларға талдау жасалып бақыт жөніндегі көп-бояулы карта жарияланыпты. Осы жобаға жауапты Британия психологы Адриан Уайт:

“Бүкіл әлем бойынша 80 мың адамның арасында сауалнама өткізіп, 100-ден аса түрлі зерттеулер жүргізу нәтижесінде осы картаны шығарып отырмыз. Бұл зерттеу жұмыстарын БҰҰ-ы, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы және әртүрлі елдердегі ғалымдар жүргізген болатын”, – дейді.

Осы картаны шығару үшін пайдаланылған мәліметтер адамдардың жақсы тұрмыс көруі үшін маңызды болған үш факторға, яғни адамдардың денсаулығы мен білім деңгейіне және байлығына негізделген екен. Кейбіреулер бақытты тек бір басты нәрселермен қана өлшеп болмайды деп пікір таластырады. Десе де, “Әлемдік бақыт картасында” Дания әлемдегі ең бақытты мемлекет деп көрсетіліпті. Даниялық бір басылымның бас редакторы Том Екерос мұнымен келіспейді:

“Қазір бізде соңғы 25 жылда ең әдемі жаз болып тұр. Сол үшін біз бақытты көрінуіміз мүмкін бірақ жалпы даниялықтар, әсіресе үлкен қалалардағы даниялықтар ашуланшақ болады”.

Екерос Данияның жалпы тұрақтылығы мен экономикалық өркендеуін айта кетіп, мұны нағыз бақыт деп атауға бола ма жоқ па, білмеймін дейді.

“Көп жағдайда сіздер бізді байсыңдар деп атауларыңа болады. Даниялықтардың көбінде әдемі үйлері бар, сондай-ақ, олардың көп нәрсе сатып алуға және басқа елдерді аралауға мүкіндіктері бар. Материалдық табыс жөнінде айтатын болсақ, иә, біз бақытты болып көрінуіміз мүмкін, бірақ бақыт үшін бұл жеткілікті емес деп ойлаймын”, - дейді Екерос.

“Әлемдік бақыт картасында” Даниядан кейін, сондай-ақ, Швейцария мен Австрия елдері тұр. Зерттелген 178 елдің арасында Африканың Бурунди халқы ең бақытсыз деп аталыпты.

Армения, Түрменістан, Беларус және Ресей халықтары да онша бақытты емес елдер қатарына қосылыпты. Ал аймақтағы көңілдері көтеріңкі жүретін халықтар қатарына Өзбекстан мен Тәжікстан және Қырғызстан жатқызылыпты.

Балтық елдерінің арасында Литва халқы ең бақытсыз болып жүретін Латвияның өзін ығыстырып, бірінші орынға шығып отыр. Мұндай нәтиже литвалық журналист Андриус Кунчинаны онша таң қалдыра қоймаған екен.

“Литваның ұлттық әзіл-қалжыңының бірі былай айтылады: ‘Адамға ең үлкен бақыт алып келетін не? Оның көршісінің сиыры өліп қалса!’ Бұл деген литвалықтардың іштері тар көре алмайтын халық екенін немесе өздерінің көңілдерін көтеру үшін олар ешқандай позитивті себептерді іздемейтінін көрсетеді”, – дейді Кунчина.

Литвалықтар ең бақытты халық болмауы да мүмкін, бірақ олар қалжыңдасып жүр ғой! Бұл да бір бастама десе болады.
XS
SM
MD
LG