Accessibility links

Қазақстанда Жалпыұлттық Социал-демократиялық партияны ұйымдастыру комитеті құрылды


Жаңадан құрылатын саяси партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Әміржан Қосанов жаңа ұйымның жасақталуы биыл мерзімінен тыс өтуі мүмкін парламент сайлауымен байланысты болуын жоққа шығармайды. Алайда, басқа сарапшылар кезекті оппозциялық ұйымның құрылуының одан өзге де себептерінің бар екендігін айтып отыр.

«Әділеттілік! Азаттық! Ынтымақ!» Тамыздың 7-сі күні Алматыда ұйымдастыру комитетін құруға жиналған ынталы топ әлі тіркелмеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының идеологиясын осылай белгіледі. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ұйымдастыру комитетінің мүшесі Әміржан ҚОСАНОВ сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына енді алда құрылтай съезін өткізіп, құжаттарды мемлекеттік тіркеу орындарына тапсыру мәселесі тұрғанын айтты:

- Заң бойынша қарастырылған ынталы топтың отырысы өтті. Оған аймақтық ұйым өкілдерінің бәрі қатысты. Яғни, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны құру мәселелері қарастырылды. Тиісті ұйымдастыру комитеті құрылып, оның төрағасы болып Ж.Тұяқбай сайланды. Жергілікті жерлерде бөлімшелер құрылды. Оларға қазіргі «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының облыстағы басшылары жетекшілік ететін болды.

Жалпы ұлттық Социал-демократиялық партиясы президент сайлауы қарсаңында құрылған оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы негізінде жасақталмақ. Бірақ осы ұйым құрамында жұмыс істеген «Нағыз Ақ жол», «Алға» және Қазақстанның коммунистік партиясы дербес саяси ұйым күйінде қалатындықтарын айтып отыр.

Оппозициялық ұйымдардың бірікпей, керісінше, бөлек бірнеше партияға айналуы - сөзсіз Қазақстан оппозициясын әлсіретеді деп есептейді Парламент депутаты, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы мүшесі Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ:

- Әрине, партия көп болғаннан кейін әлсірейді. Бірақ көп партияны бірдей билік тіркемейді ғой. Екі оппозициялық партия бар. Қалғанын адамдарды жинағанымен, түбі тіркетпей қоюы мүмкін. Қаржысы, күші бекер кетіп қалуы ықтимал. Себебі, оның төрағасы – Ж.Тұяқбай болып отыр ғой. Ал ол – оппозиция!

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов жаңа оппозициялық партияның пайда болуын құптайды. Оның ойынша, Жалпы ұлттық Социал-демократиялық партияның тіркеуден өтуіне толық мүмкіндігі бар.

- Жаңа партияның 50 мың дауыс жинайтынына күмән келтірмеймін. Ал оны тіркеу-тіркемеу көптеген басқа мәселелерге байланысты. Сондықтан, ақырын күту керек, - дейді Ораз Жандосов.

Алайда, тиісті құжаттарын өткізгеннен кейін тек 9 айдан соң, 2006 жылғы наурыздың 17-сінде тіркеуден өткен «Нағыз Ақ жол» партиясының облыстағы филиалдарының бүгінде тек тең жартысы ғана тіркеуден өткен. Ал келесі оппозициялық партия - «Алға» саяси ұйымы бұған дейін тіркеуден мүлдем өте алмады. Бірақ бұл партияның ұйымдастыру комитеті қайтадан құрылып, қыркүйектің 2-сінде құрылтай съезін өткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстандағы партия құрылысындағы соңғы жанданулар биыл немесе келер жылы мерзімінен тыс өтуі мүмкін парламент сайлауымен байланысты болуы әбден мүмкін деп есептейді «Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Асылбек Қожахметов.

- Бірақ, оны жүзеге асыру үшін Конституция өзгеруі керек. Сондықтан, оның күзде болатындығына менің де сенімім бар. Бірақ, екінші жағынан, қазір ол сөздер естілмей жатыр. Қалай болғанда да, жақында – биыл ма, келесі жылы ма - ол болатын нәрсе. Демек, партияның құрылғандығы соған да байланысты шығар, - деп топшылайды А.Қожахметов мырза.

Дегенмен, Қазақстанда биыл кезектен тыс парламент сайлауының өту ықтималдылығы бар, бірақ оның мүмкіндігі 50 пайыздан кем, сондықтан, Жалпы ұлттық Социал-демократиялық партия тәрізді жаңа ұйымның пайда болуының түпкі себебі басқада деп есептейді «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов:

- Егер сайлау биыл өтсе, жаңа партия оған дайындалып үлгермейді. Сол себептен, меніңше, партияның құрылу себебі - Жармахан Тұяқбай саяси алаңнан өз орнын іздестіруінде деп түсіндіруге болады.

Ал жаңа саяси ұйымның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Әміржан Қосанов Жалпы ұлттық Социал-демократиялық партияның алда болатын саяси науқанымен байланысты болуын жоққа шығармайды:

- Әрине, қазіргі биліктің қадамдарына қарап отырсақ, таяуда бір электоралды науқан болатын тәрізді. Оған екі түрлі жағдай бар: бірінші – «Отан» мен «Асар» партияларының қосылуы, оның әр жағында белгілі саясаткерлерге қылмыстық істердің қозғалуы... Осылардан соны аңғаруға болады.

Қазақстанның саяси алаңында биыл шілде айында президентшіл «Асар» мен «Отан» партиялары қосылғанға дейін 12 саяси партия болған еді. Ресми түрде тіркелеген партиялардың үшеуі оппозициялық бағытты ұстанады. Ал енді тағы екі оппозициялық ұйым мемлекеттік тіркелуден үмітті болып отыр.
XS
SM
MD
LG