Accessibility links

Араб елдері лигасының делегациясы Ливанда азамат соғысы өріс алуы мүмкін деп алаңдаулы


Араб лигасы елдерінің сыртқы істер министрлері делегациясы БҰҰ-ың Қауіпсіздік кеңесін Израил әскерлері Ливаннан шығарылып, қақтығыстар тоқтамаса, мұнда азамат соғысы етек алып кетуі мүмкін деп ескертті.

Сейсенбі күні Қауіпсіздік кеңесінің алдына барған делегацияның үш мүшесі Израил мен Хезболла жасақтары арасында төрт аптадан астам уақыттан бері жалғасып жатқан шабуылдарды тоқтатуға бағытталған АҚШ пен Франция қарарының жобасына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Қатардың сыртқы істер министрі Шейх Хамад бин Жассим бин Жабр әл-Тани егер қарарда Израилдың әскерлерін Ливаннан шығару талап етілмесе, бұл операциялардың салдарлары Ливан үшін оңай болмайды, тіпті азаматтық соғыс оты да тұтанып кетуі мүмкін екендігін айтып, ескертті.

Ливан үкіметі де аталған қарар дауысқа салынбас бұрын Израил әскерлерін Ливан жерінен шығару талабы оның мәтініне жазылсын деген болатын.

Араб елдері лигасының осындай наразылығынан кейін АҚШ пен Франция қарар жобасын қайта қарай бастады. Хабарларға қарағанда ең ерте дегенде бұл қарар жобасы бойынша дауыс беру ертең, тамыздың 10-ы күні болуы мүмкін.

Ливанның сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Тарик Митри Араб елдері лигасы өкілдерінің сынына өз көзқарас-пікірін қосты.

- Жобада біздің көбіміздің заңды өтініштеріміздің көрініс таппағаны, әрине, өкінішті, бұл сондай-ақ халықаралық қауымдастық қандай да бір нәтижеге жетеді деген сенім де ұялатпайды.

Митри өз алаңдаушылығын түсіндіре келіп, қарар жобасында тек қана Израил шабуылдарын тоқтатсын деп жазылған, ал бұл дегеніңіз мүлде жеткіліксіз деп атап көрсетеді.

- Біз бәріміз де білеміз, Израил өзінің Ливандағы қимылдары қорғаныс бағытындағы әрекеттер емес екендігін ешқашан мойындамайды. Біздің елімізде Израил бастаған барлық соғыс мәлімдеулерге қарағанда өзін-өзі қорғау болған. Бұл ретте қарар жобасы Ливан жағдайын өте әлсіздендіріп, Израил пайдасын көздеген болып шығады.

Митри сондай-ақ Израилдың Ливандағы шабуылдары жүздеген адамды өлтіріп, мыңдаған кісіні жарақаттап жатқанда, Қауіпсіздік кеңесі бұл әрекеттерге жалқаулық, енжарлықпен қарап, уақыт оздырды дегенді айтты.

- Біз 27 күн бұрын оқ атысуларды тоқтату жөнінде сұраған едік. 900-ден астам адамның өмірі қиылмас бұрын біз өтінген болатынбыз. 3 мыңнан астам бейбіт тұрғын жараланбас бұрын шабуылдарды тоқтатуды сұраған едік.

БҰҰ-ғы Израил елшісі Дэн Гиллерман Митридің Израил бейбіт тұрғындарды әдейі көздеп, нысанаға алуда деген айыптауларына орай жауап қайтара келіп, Хезболла қарапайым тұрғындарды өздеріне қалқан ретінде пайдалануда, ал Израил болса, өздерін қорғау әрекеттерін жасауда деп атап көрсеткен.

- Мен Ливан халқы осы апталардың бәрінде қайғы мен қасіретті бастан кешіре отырып, Хезболланың өз себептері үшін соғысу арқылы ешнәрседен тайынбай, тұрғындарға қарамай қару қолданып отырғанын көріп отыр деп ойлаймын.

Гиллерман сондай-ақ Израил Ливанмен жанжалдасып отырған жоқ дей отырып, бұл шабуыл тероршыларға қарсы жүргізіліп жатыр деген.
XS
SM
MD
LG