Accessibility links

Құқық қорғаушы топтар Қырғызстанның бес өзбекті Каримов билігіне тапсырғанын сынға алды


Кеше ресми Бішкек елдің оңтүстіктегі қаласы Оштан бес Өзбек азаматын Өзбекстан билігіне тапсырды. Ол бесеуі өткен жылғы өзбекстандық қарулы күштері басып-жаншыған Әндіжан көтерілісіне қатысты деп айыпталып отыр. Құқық қорғаушы белсенділер ол бес өзбек босқыны елінде жаман азаптауға түсуі мүмкін деген алаңдаушылық танытуда.

Қырғызстанның Ош қаласында ұсталған ол бес өзбек кеше Өзбекстан билігіне берілген. Бұл хабарды Ош қаласындағы сот алдында қамауға алатын мекеме басшысы Сауддин Саттаров “Рейтерс” агенттігіне нақтылаған.

Саттаровтың айтуынша, оларды өзбек шекарасына көлікпен әкеткен. Депортацияланғандардың төртеуі - Жохангир Махсудов, Яқуб Тошбоев, Одилжон Рахимов және Расулжон Пирматовтар БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агентіктің олардың баспана іздеушілер екенін нақтылағанына қарамастан, Қырғызстанда 2005 жылдың маусым айында қамауға алынған. Ал, бесінші Файоз Тожихалилов қыркүйек айында ұсталған.

Құқық қорғаушы топтар Қырғызстанды бұл бес өзбек Өзбекстанда азаптауға душар болуы мүмкін деп оларды экстрадицияламауға шақырған болатын.

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттіктің Қырғызстандағы өкілі Виталий Масловский, ресми Бішкектің шешімі өте қате болды өйткені ол БҰҰ-ның 1951 жылғы босқындар жөніндегі конвенциясына қайшы болды деп айтты.

Масловскийдің айтуынша, осы конвенцияға қол қойған Қырғызстан осы құжаттағы міндеттемелер бойынша, өз елінде өміріне қауіп төнген азаматтарды экстрадицияламауы керек еді. Қырғызстанның сонымен қатар, БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігімен ынтымақтастық құруы міндеттелген:

“Халықаралық заң негізінен алғанда бәрі түсінікті. Бір жағынан алғанда, мемлекет босқындар конвенциясына сәйкес міндеттемелері емес, өзінің саяси мүддесін алға тартуы мүмкін. Әлбетте, көрші елдердің арасындағы қарым-қатынасқа осындай шешімдер әсер етеді. Бірақ, гуманитарлық жағынан алғанда, бұл өте дұрыс емес болды”.

Қырғызстан президентінің Адам Құқықтары жөніндегі комиссиясының басшысы Тұрсынбай Акун, Азаттыққа берген сұхбатында, ол бес өзбекті елдеріне қайтарған Қырғызстан прокуратурасының шешімін сынға алып сөйледі.

“Қырғызстанның бас прокуратурасы бізді қырғызстанды халықаралық қауымдастық алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ол халықаралық нормаларды,конвенцияларды сыйламады. Бас прокурор Қамбаралы Қонғантиев Өзбекстанға жағыну жолдарын іздеді. Осыған байланысты біз Қонғантиев мырзаны сынаған мәлімдеме таратып жатырмыз”.

Бұл Әндіжан босқындары ретінде танылған бес өзбек Қырғызстанның Өзбекстанға қайтарған екінші тобы. Осыдан бұрын бірінші топта төрт өзбек 2005 жылдың маусымында Өзбекстанның Қауіпсіздік қызметіне тапсырылған болатын. Олардың бәрі терроризм бойынша айыпталып, ұзақ мерзімге абақтыға жабылған.

Енді Өзбекстанның тіркелмеген Ерік партиясының хатшысы Отаназар Орипов, Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында, Өзбекстанға берілген бес өзбекті зорлық-зомбылыққа тап болады-ау деген болжамын айтты:

“Қайтарылған адамдар Қырғызстанға қорғану үшін қашып келгендер, бірақ БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агентігінің босқын мәртебесін алған оларды Өзбекстан үкіметінің тілегі бойынша қайтару өте жаман жағдай. өйткені, бүкіл әлем Өзбекстандағы азаптаулар туралы, әділетсіз үкімдер жайында хабардар. Қырғыз үкіметі де ол туралы біледі. Мен сондықтан олардың өзбектерді экстрадициялаған шешімін айыптаймын”.

Ориповтың пікірінше, Қырғызстандық айыптаушылардың шешімі елдегі демократиялық дамуларға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Ол сондай-ақ, бұл Бішкек пен Ташкент арасындағы мықты ынтымақтастықтың белгісі болды деп отыр. Әділет атты құқық қорғаушы топтың басшысы Шолпон Жакупова, Қырғызстанның бұл шешімі осы жылдың аяғына белгіленген президент Құрманбек Бакиев пен Ислам Каримовтардың Қырғыз-Өзбек саммиті алдында жасалып отыр деді.

“Бұл Қырғызстан президенті Бакиевтің Өзбекстанға сапармен барар алдындағы президент Каримовке жасаған арнайы сыйлығы. Оған пікір қосатын ештеңе де жоқ. Бұл түсінікті”.

Қырғызстан 2005 жылдың маусым айында Әндіжандағы қантөгістен қашып шыққан жүздеген босқынның тағдырын шешу мақсатында БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі агенттігі және құқық қорғаушылармен ынтымақтастық жасаған. 2005 жылдың шілдесінде 439 босқын Румынияға апарылып, онда олар Солтүстік Америка мен Еуропа елдерінен босқын мәртебесін алған.
XS
SM
MD
LG