Accessibility links

Өзбекстанда ұсталған екі қазақстандықтан діни-экстремистік сипаттағы әдебиеттер табылған


Өзбекстанның заң орындары Қазақстанның Маңғыстау облысының екі азаматын қазақ-өзбек шекарасына тақау жерде діни-экстремистік әдебиеттермен қолға түсірген. Бұл туралы "Азаттық" радиосына бейсенбі күні Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу ісі жүруде.

Өзбекстандық заң өкілдері діни-экстремистік сипаттағы әдебиеттермен екі қазақстандық азматты қолға түсірді деген бейсенбі күні тараған ақпаратты Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Ислам БЕКІШЕВ «Азаттық» радиосына берген түсіндірмесінде растады:

- Маңғыстау облысының екі азаматы шекарадан алыс емес жерде ұсталған болуы керек. Қолдарында діни-экстермистік сипаттағы әдебиеттер болған дейді. Ал ол қанша және не туралы екендігін білмедім.

Қолдарында қызметіне тиым салынған «Хизб-ут-тахрир» ұйымының үнпарақтары, кітаптары бар екі қазақстандық «Бейнеу-Қоңырат» поезындағы жолаушыларды тексеру кезінде ұсталған деп хабарлайды "Press-uz.info" ақпарат агенттігі Өзбекстанның Мемлекеттік кеден комитетіне сілтеме жасай отырып. Сонымен, бірге олардың қолдарында діни экстермизмді насихаттайтын араб, өзбек, қазақ тілдеріндегі DVD дискілер болған деп көрсетілген әлгі ақпаратта. Алайда, Өзбекстанның Мемлекеттік кеден комитетінің баспасөз қызметінің өз аты-жөнін айтқысы келмеген жетекшісі де, қызметкерлері де тамыздың 10-күні «Азаттық» тілшісіне мұндай ақпаратпен таныс емес екендіктерін және мұндай ақпаратты жарияламағандарын айтты.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Ілияс ОМАРОВ болса, қазір бұл мәселенің мән-жайы бойынша Өзбекстандағы елшілікпен байланысып жатқандарын айтты:

- Әзірге бізге мәлімі - бұл екі азамат Қарақалпақстан аумағында ұсталған көрінеді, одан өзге мәселенің егжей-тегжейін білмейміз. Қазір мен осы орайда елшіліктің жауабын күтіп отырмын...

Ал Өзбекстанда «Хизб-ут-тахрир» ұйымына қатысты қолға түскен азаматтарға қолданылатын жаза өлім жазасымен пара-пар дейді қазақстандық кейбір адам құқығын қорғаушы мамандар.

- Бұл адамдарды жазық даладағы неғұрлым тәртібі қатаң лагерьлерге жібереді. Олар сол жерде саяси және діни негізде ұсталған көп адамдардың қатарын молайтады. Қазақстанда оларға жеңілірек жаза берер еді. Егер мұнда оларға берілген ең жоғарғы жаза 5 жыл болса, Өзбекстанда тек қана «Хизб-ут-тахрир» ұйымының мүшесі болғаны үшін 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын береді. Бірақ, соған қарамастан, бұл адамдарды елге қайтару бойынша Қазақстан үкіметі ештеңе де істемейді деп ойлаймын, - дейді адам құқығын қорғаушы Андрей Гришин.

Оның пікірінше, діни сипаттағы «Хизб-ут-тахрир» ұйымының қызметіне әлемнің барлық елдерінде бірдей тиым салынбаған. Сондықтан, оларды жауапқа тартудың өзі – даулы мәселе дейді маман.

- Мысалы, Ұлыбританияда бұл ұйымның ашық орталығы бар. Себебі, «Хизб-ут-тахрир» ұйымының саясаты бойынша зорлық-зомбылыққа жол берілмейді. Ал Орталық Азия елдері оны өздерінің басты жауларының бірі ретінде жасауының себебі – оларға күш көрсету оңай, осы жұмбақ ұйым арқылы қоғамды қысымшылықта ұстағылары келеді. Мәселен, Өзбекстанда ұсталған екі азамат та немесе олардан табылған әдебиеттерден де сол елге үлкен бір қауіп келер еді деп ойламаймын, - дейді Андрей Гришин.

Діни сипаттағы «Хизб-ут-тахрир» ұйымы экстремистік ретінде танылып, оның қызметіне Өзбекстанмен қатар көршілес Қазақстан мен Қырғызстанда тиым салынған.
XS
SM
MD
LG