Accessibility links

Америкада «Катрина» дауылының бір жылдығы қарсаңында қайта қалпына келтіру әрекеттерінің әлі жетімсіз екендігі айтылып отыр


Сейсенбі, тамыздың 29-ы күні Американ тарихындағы ең жойқын «Катрина» дауылының бір жылдығы аталып өтілмек. Алайда, дауыл мен су тасқыны болып өткен аймақтарда қайта қалпына келтіру әрекеттері әлі де баяу өтіп жатыр. «Катрина» дауылының салдарын жою әрекеттеріне байланысты Америка Президенті Дж.Бушқа айтылып жатқан сын қараша айында өтетін Конгреске аралық саулау кезінде көрініс таба ма?

«Бізге көмек керек! Бізге көмек керек!»

Жойқын дауыл мен су тасқыны салдарынан қаңырап қалған Нью-Орлеан қаласының тұрғындары өткен жылдың қыркүйек айында осылай деп көмекке шақырған еді.

Ең жоғарғы бесінші дәрежелі дауыл боп белгіленген «Катрина» дауылы 1500 адамның өліміне себепкер болды. Дауыл салдарынан Луизиана және Миссиссипи штаттарында жүздеген мың адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Дауыл келтірген шығын 80 млрд. доллар көлеміне жеткен.

Дауыл соғып өткеннен кейін де американдықтар қапыда қалды. Нью-Орлеан қаласынан дауыл кезінде шығып кете алмаған мыңдаған тұрғын өздерін аш-жалаңаш сезінді, ресми билік оларға ешқандай көмек көрсете алмай, тұрғындардың біразы өлім аузында қалды.

Қаланың әр жерлерінде қолдарына жалау көтеріп, шатырларға шығып алып, құтқарушыларды күтіп тұрған адамдар болды. Олар тележаңалықтар тікұшағын көре салысымен «Бізді құтқарыңдар» деген жазуларды көрсетумен болған. Ал қараңғы батқан кезде оқ атыстары естіліп, ашыққан жұрт жергілікті дүкендерді тонаумен болды.

Дәрігер-күтішулері қашып кеткен Қарттар үйлерінде көмекке зәру егде адамдар өліп жатты. Дауылмен бірге келген су тасқыны жұқпалы аурулардың кең тарауына себеп болды. Өлген адамдардың денесі қаланың әр жерінде суда қалқып жүрген жағдайлар кездесті.

Енді міне арада бір жыл өткенде халық пікірін сұрастыру кезінде американдықтардың 56 пайызы федералды үкімет «Катрина» дауылы құрбандарына тиесілі дәрежеде көмектеспей отыр деп есептейтіндігі анықталды. Көпшілік жұрттың бұл тұрғыда жауапкершілік артқан адамы Президент Буш болды.

Ал таяуда Президент Бушқа «Катрина» дауылы аймағынан күтпеген қонақ келді. Тамыздың 23-інде «Катрина» дауылынан аман қалған Рокки Ваккарелла есімді адам астана Вашингтонға келіп президенттің қабылдауына сұранды. Оны қабыл алған Президент Буш бұдан кейін журналисттерге былай деді:

«Ол өзіне назар аударта алды, өйткені ол Вашингтонға дейін жетті. Ол маған және үкіметтегі басқа да ресмилерге оңтүстік Луизиана және Мексика шығанағы жағалауында көмекке зәру адамдардың әлі де баршылық екендігін жеткізді. Мен оған жағдайды түсінетіндігімізді, федералды үкіметтің жергілікті билікпен ынтымақтаса отырып, сол жәрдемді мүмкін болғанынша тез арада жеткізуге тырысатындығымызды айттым», - деді Президент Буш.

Алайда Вирджиния Университеті Саясат Орталығының жетекшісі Ларри Сабатоның пікірінше, «Катрина» дауылы «Джордж Буш үшін бәрін өзгертті». Луизиана мен Миссиссипиде қаншама адам үкіметтің қарауынсыз, өз беттерімен қалған бір апта бүтін халықтың Президент Бушқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертті дейді ол.

«Президенттің сүрінген жері осы болды. Өткен жылдың барысында ол көптеген шараларды қолға алған болуы да мүкін, алайда жұрт енді оған назар аударып отырған жоқ... Оның халық алдындағы имиджі қайта қалпына келмейтіндей дәрежеде жапа шекті», - дейді бұл талдаушы.

Талдаушылардың айтуынша, бұл жағдай қараша айында өтетін Конгресске аралық сайлау кезінде көрініс табатын болады.

Ал бұл екі арада, Президент Буштың өзі «Катрина» дауылының бір жылдығы қарсаңында аймаққа сапармен аттанды.
XS
SM
MD
LG