Accessibility links

Бесландағы қантөгіске Ресей әскері жол ашқан деген баяндама шықты


2004 жылы Беслан мектебінде болған трагедияның мәселесінде 28 тамыз күні тағы қарамақайшылық пайда болды. Ресей Мемлекеттік думасының комиссиясы Бесланда адамдарды кепілдікке алу дағдарасын зерттеп жатқаны аян. 28 тамыз күні "Новая газета" және "Голос Беслана" газеттерінде комиссия баяндамасының үзіндісі жарияланды. Онда комиссия мүшесі Юрий Савельев Бесландағы қантөгіске жол ашқан алғашқы екі жарылысты партизандар емес, Ресей арнайы жасақтары жасады, қантөгіске үкімет әскері айыпты дейді.

Солтүстік Осетияның Беслан мектебінде 2004 жылы 1 қыркүйекте мыңнан астам адам кепілдікке алынып, олардың көпшілігі мектеп спортзалына қамалған болатын. Партизандар көршілес Чешенстанда соғыс тоқтатылсын, Ресей әскері шығарылсын деп талап қылған. 3 қыркүйек күні спортзал маңында екі жарылыс естілген соң Ресей арнайы жасағы шабуыл бастап жіберді де, арада қанды қақтығыс бұрқ ете түсті. Ресми жорамал бойынша қақтығысқа түрткі болған алғашқы екі жарылысты партизандар жасады. Мемлекеттік Думаның комиссиясы Беслан дағдарысы баяндамасын қыркүйекте жариялайды деп күтіліп отыр.

Бірақ комиссия мүшелерінің бірі, жарылыс заттар бойынша сарапшы Юрий Савельев өз баяндамасын жариялап жіберді. Савельевтің жорамалы ресми сипаттамадан алшақ. "Правда Беслана" газетінің бас редакторы Марина Литвинович Савельев 3 қыркүйекте болған алғашқы екі жарылыстың мән-жайын ашып отыр дейді:

- Юрий Петрович Савельев өз баяндамасында спортзалға алғашқы оқтар нақты қандай қарудан атылғандарын көрсетті. Бірінші оқ жаяу әскердің РПО-А реактивті огнеметінен, не осыған ұқсас қарудан жасалған, бұл қарудың термобарикалық эффектісі болады. Екінші жарылыс РШГ-1 гранатасымен жасалған.

Сарапшы Юрий Савельев алғашқы екі жарылыс партизандардың қолдан жасалған жарылғыш заттарынан шығуы мүмкін деген жорамалды тексердім алдымен дейді. Бірақ бұл жорамалға ешқандай ғылыми дәлел жоқ, аман қалған аманат тұтқындары алғашқы жарылыстар мектеп сыртында жасалды деп айтады, - дейді Савельев. Юрий Савельев билік өкілдері шабуылды еріксіз аштық, партизандар нақты қимыл бастаған соң шабуылды бастауға мәжбүр болдық деп көрсеткісі келеді дейді. Юрий Савельев адамдарды кепілдікке алу дағдарасының қантөгіспен аяқталғанына Ресей әскері айыпты дейді.

Сарапшы Юрий Савельев, сол сияқты, Чешенстан полициясы партизандардың Бесланға шабуыл жасайтындарын үш сағат бұрын білген, бірақ Солтүстік Осетия заң орындарына хабарламаған дейді. Юрий Савельев шабуыл жасаған партизандардың саны ресми жорамал айтатындай 32 емес, 60-70 болуы мүмкін дейді. Савельевтің баяндамасы Беслан дағдарысы мәселесінде пікірталасты көбейтіп отыр. Беслан дағдарысын зерттеген Солтүстік Осетия парламенттік комиссиясы алғашқы екі жарылыстың неден болғанын анықтай алмаған. "Беслан аналары комитетінің" өкілі Элла Кесаева Савельевтің баяндамасы біздің қортындымызбен салыстыруға келетіндей, үкімет орындарына арыз түсіргелі отырмыз дейді. Бесланда тұратын журналист Мұрат Құбоев Савельевтің баяндамасы жайында былай дейді:

- "Беслан аналарының комитеті" мен "Беслан дауысы" ұйымдары Савельев шынында да анығына жетеді деп үміттенді. Көптеген аманатқа түскендердің ажалына арнайы қызмет мекемелері кінәлі екендерін бұрыннан білеміз. Олар мұны әдейі жасады ма, байқаусызда жасап алды ма - әңгіме онда емес. Бірақ бас прокуратура оқиғаны өз көзімен көргендердің нақты айтатын сөздерінен үзілді-кесілді бас тартып отыр.

Дегенмен кейбір басқа тұлғалар Юрий Савельевтің жорамалдарын жоққа шығарады. Мемлекеттік Дума комиссиясының мүшесі Аркадий Баскаев Савельев жеке пікірін айтып отыр, нақты жағдайды қамтымай отыр дейді, мәселен. Беслан дағдарасында 332 адам қаза тапты дейді ең соңғы ресми мәлімет. 16 тамыз күні Беслан құрбандарының тағы біреуі дүниеден өтті, ол дағдарыс барысында алған жарақаттарынан қайтыс болды.
XS
SM
MD
LG