Accessibility links

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты Алматы облыстық сотының шешіміне жәбірленуші жақ риза еместіктерін білдіріп отыр


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары болған Бауыржан Байбосынның туыстары тергеу ісі әрі қарай қайта жалғасуы керек деп есептесе, Сәрсенбайұлының жүргізушісі болған Василий Журавлевтің жесірі Ольга "Азаттық" радиосына өзінің шарасыз халде отырғанын айтты.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге қаза болған оның жүргізушісі Василий Журавлевтің жұбайы Ольга өзінің күйеуінің өліміне қатысты сот үкімін Алматыдағы үйінде отырып, теледидардан кешкі жаңалықтардан естіпті. Менде сот әділ шешім шығарады деген азғантай үміт болған, бірақ оным да ақталмады, деді Ольга «Азаттық» радиосына:

- Мен мұндай ешімге таң қалған жоқпын, тек қана тағы да көз жасым төгіліп, бойымды күйініш биледі. Сот үкіміне қанағаттанған жоқпын. Бәрі солай шығатынын, сотта әділеттілік болмайтындығын басында-ақ, тергеу материалдарымен танысып жүргенімде, соттың алғашқы отырыстарына қатысқанымда анық байқағам. Дегенмен, кішкене үмітім болған еді, бірақ, енді ол да өшті. Енді әрі қарай не істейтінімді білмеймін. Бір нәрсеге сенуден қалдық, - дейді марқұм Василий Журавлевтің жесірі Ольга.

Ал Бауыржан Байбосынның қарындасы Жанат тауы шағылмағандығын, ағасының өлімі бойынша әділеттілікке қол жеткізу үшін әрі қарай күресетіндігін жасырмайды:

- Біз аппеляциялық шағым береміз деп ойлаймыз. Ал сот үкімі дұрыс болған жоқ сияқты. Бәрін әділ ашқан жоқ деп ойлаймын. Басқа кісілерді де тарту керек еді. Тергеу ісін тағы да жүргізу керек!

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Жеңісбек бұл сот ісі көз алдау үшін шығарылды, сондықтан, ендігі міндет - көпшілікке шындықты жеткізуге атсалысу деп есептейді:

- Ертең қаншама қатаң жаза деп алдаса да, ертең ана жаққа өткеннен кейін өз қолдарында барын жасайды. Бәлкім, шығарып ала ма? Меніңше, бүгінгі елді қалпына түсіріп, жоғарғы жақта мақтанып айту үшін ғана керек. Әйтпесе, автомат шығарып берген Қасымовқа неге 3 жыл береді? Стороженко деген қайда? Ал қылмысты ұйымдастырған адамдарға әлі сот жеткен де жоқ!

Сот үкімі шыққанымен, бұл іске қатысты заңды тұлғалар және қоғамдық ұйымдар тарапынан шаралар жалғасатындығын айтады Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссия төрағасы, бұрынғы бас прокурор, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Жармахан ТҰЯҚБАЙ:

- Ең бастысы – сотта шығарылған үкімге наразылық білдіріп, арыз жазылады. Екіншіден, біздің соттың үкімін бұзуға шамамыз келмейді. Сондықтан, маңыздысы – осы қылмыс бойынша, оның саяси астары жайында, оған қатысы бар, мүмкін деген азаматтардың ол іске қатыстылығын анықтауға өз қолымыздан келгенше күш саламыз.Сонымен бірге қоғамдық комиссия да оған қатысты хабарламаларын беріп тұрады.

Оның айтуынша, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасы негізінде қозғалған қылмыстық іс бойынша шығарылған Алматы облыстық сотының үкімі құқық қорғау орындары тарапынан жарияланған болжамның күмәнді екендігін көрсетті:

- Егер сот қылмысты ұйымдастырған, оған дем беруші, тапсырыс беруші Өтембаев десе, неге онда оны ату жазасына кеспей, 20 жылмен шектеледі?! Оны 20 жылға жіберу соттың да қылмысқа тапсырыс беруші Өтембаев екендігіне күмән келтіретінін білдіреді. Сондықтан, бұл іске нүкте қоюға әлі ерте. Бұл істі қайта қарап, тергеу жүргізіп, сонан кейін ғана шешім шығаруға болады.

Қылмыстық істің басты ұйымдастырушылары да, бұл іске қатысы бар деген күдікті жоғарғы лауазым иелері де сот ісіне тартылған жоқ. Сот төрешілері де бұйрықты тыңдап, соны жүзеге асырушылар тәрізді әсер қалдырды дейді, осы іс бойынша бірнеше сот мәжілістеріне тыңдаушы ретінде қатысқан Жоғарғы соттың бұрынғы судьясы Өтеген ЫҚСАНОВ:

- Ұйымдастырушыға 20 жыл берген, ауыр қылмысты орындаған адамға өлім жазасын берген. Әрине, өлім жазасы бізде қолданылмайды, мораторий жарияланған. Яғни, үкім күшіне енетін болса, Ибрагимов өмір бақи түрмеде отыруы тиіс. Бұл адамдардың кінәсі жоқ деп ешкім айта алмайды. Бұл адамдардың іске қатынасы бар. Бірақ қылмысқа тапсырыс берген, негізгі кінәлі адамдар тартылмай қалды. Сот оны анықтауға өз тарапынан ешқандай шара қолданбады. Яғни, бұрынғы ҰҚК-нің төрағасын немесе Сенат төрағасын шақыруға да ұялған кісідей шарасыз қалды.

Тамыздың 31-і күні Алматы облыстық соты қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысты айыпты деп танылған 10 адамға өз үкімін шығарған болатын. Оның ішінде осы қылмысқа тапсырыс беруші деп айыпталған Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев сот үкімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмысты негізгі іске асырушы деп танылған ішкі істер қызметінің бұрынғы офицері Рустам Ибрагимовты сот өлім жазасына, Ибрагимовтың қасында жүрген оның жүргізушісі Виталий Мирошниковты 20 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.
XS
SM
MD
LG