Accessibility links

Терроризмге қарсы соғыс жақын арада аяқталмайды


11 қыркүйек шабуылдарынан соң АҚШ президенті Джордж Буш терроризмге қарсы ғаламдық соғыс науқанын бастады. Америка Құрама Штаттары науқанға осы бес жылда шамамен 430 миллиард доллар жұмсады. Қай жағынан қарасаңыз да терроризмге қарсы соғыстың соңы көрінбейді. Бұл соғыс - АҚШ әкімшілігі тап болып отырған ең қиын соғыс. Бұл соғыс Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі мықты елдердің әскерлерінің қақтығысы емес. Бұл қырғи-қабақ соғысы кезіндегі бақталас экономикалық жүйелердің текетіресі емес. Сонда терроризмге қарсы соғыс дегеніміз не?

"Азаттық" радиосы 11 қыркүйек шабуылдарының тақырыбына тізбекті хабарларды дайындағанда Энтони Гордесман деген америкалық сарапшының пікірін сұрады. Энтони Гордесман АҚШ сыртқы істер министрлігінде және қорғаныс министрлігінде барлау мәліметтерінің сарапшысы болған, қазір Вашингтонда орналасқан Стратегиялық және халықаралық зерттеулер Орталығында халықаралық қатынастарды зерттейді. Энтони Гордесман бұл соғыс қаншалықты созылуы мүмкін екенін ешкім айта алмайды, бұл ең бастысы – ислам ішіндегі идеологиялық текетірес мәселесі, нақты айтқанда Таяу Шығыста орын алып отырған идеологиялық текетірес мәселесі дейді.

Америка Құрама Штаттары осы текетірестің негізгі нысанына айналды деп көп айтылады, шынтуайтында, ислам қозғалыстары Америка Құрама Штаттарын бақылауды қарастырып отырған жоқ, олар ислам мен ислам елдерін, әсіресе араб әлемін бақылағысы келеді, дейді Энтони Гордесман.

Энтони Гордесман Ирақта және Ауғанстанда науқан табысты болды, осы аймақтардағы мемлекеттерге терроризмге қарсы қызметке көрсетілген көмек те табысты болды дейді. Бірақ бұл соғыс идеологиялық текетіресті не болмаса исламшыл экстремистік ұйымдарды әлсіреткен жоқ, дейді Энтони Гордесман:

- Міне қазір көтеріліс мәселесінде көбірек проблемаға тап болдық, сүннитер мен шииттердің араздығын, бәлкім Иран бастап отырған терроризмді қолдау әрекетті, "Әл-Қаиданың" артында тұрған топтарды көріп отырмыз.

Энтони Гордесман исламшыл экстремистік ұйымдарға қарсы соғыстың барысы тек Батыс елдерінің әрекетіне тәуелді емес, көптеген нәрсе араб және ислам әлеміндегі саяси басшылардың қимылдарына тәуелді дейді.

Көптеген нәрсе осы исламшыл ұйымдардың өздерін өздері әшкерелеуіне тәуелді. Исламшыл ұйымдар ислам және ислам елдеріндегі араздыққа, осы жерде бар проблемаларға сүйеніп отыр. Бірақ исламшыл ұйымдар дәріптейтін идеялар іс жүзінде мемлекеттерді басқаруға қабілет танытпайды, нақты өмірде қолдануға келмейді, исламшыл ұйымдар тиімді экономика құра алмайды, дейді Энтони Гордесман:

- Олар әсіре экстремизм ұстанып, өздері аса үлкен ықпал жасағылары келетін Сауыд Арабия сияқты мемлекеттерде қолдауларынан көбінесе айырылып қалады.

Энтони Гордесман араб және ислам мемлекеттерінің саяси басшылары өз халықтарына мемлекет жүйесінің жақсырақ формалар ұсына алса, экономикалық және әлеуметтік үміт бере алса исламшыл ұйымдар өздері-ақ құриды не аз дегенде өздерімен өздері қалады дейді. Ал араб және ислам мемлекеттерінің саяси басшылары мұндай қимыл жасамаса исламшыл ұйымдар күшейіп, көбірек қауіп төндіруі мүмкін. Не болмаса олар ақыр соңы көрінбес мерзім бойы проблемаға айналады, дейді америкалық сарапшы Энтони Гордесман.

Сарапшы Энтони Гордесман терроризмге қарсы соғыс тез арада біте қоймайды, оңайшылықпен біте қоймайды дейді. Әлемде араздық тым көп екенін түсінуіміз керек, бай мен кедейлердің арасында алшақтық тым көп, ғаламдық экономика аясына бір-біріне ұқсамайтын көптеген мәдениеттер қатыса бастады. Терроризмнің кейбір түрі, кейбір идеологиялық қауіп, кейбір көтерілісшіл қозғалыстар болашақта да болады, дейді Энтони Гордесман. Әлем өзгереді, қауіп қатер түрі де өзгереді, жақсы нәрсе баяу келеді және ол эволюциялық жолмен келеді, дейді осы сарапшы.
XS
SM
MD
LG