Accessibility links

Адамды заңсыз еркінен айырып ұстап, еңбегін қанағаны үшін айыпты деп тауып, сот Павлодарлық фермерді 5 жылға бас бостандығынан айырды


Қыркүйектің 7-сі күні Павлодар облысы Лебяжий аудандық соты еңбегін қанау мақсатында адамды заңсыз еркінен айырған деген айыппен, Қылмыстық кодекстің 123- бабы бойынша "Шығыс" жеке шаруа қожалығының бұрынғы басқарушысын 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Павлодар облыстық ішкі істер басқармасынан белгілі болды. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мұндай қылмыстардың ашылып, сотқа жету фактісі сирек. Себебі, бұл қылмыс түрі Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлықпен тығыз байланысты дейді сарапшылар.

Биылғы жылдың ақпан айында Павлодар облысының ішкі істер басқармасына 46 жастағы ер адам өзін жарты жыл бойы Павлодар облысы Лебяжий ауданындағы «Шығыс» шаруа қожалығында күшпен ұстағанын айтып шағымданып келген дейді Павлодар облысының ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінен өзін Анар деп таныстырған қызметкері жұма күні «Азаттық» радиосына.

- Сол күні Лебяжий ауданына бірден тергеу-жедел тобы аттанды. Сол жерден полицейлер тағы да әбден арып-ашыған 3 ер адамды тапты. Олар: ағайынды Меңдібаевтар және Ресейдің Омбы қаласында туып-өскен Дахир Әбдіразақов есімді адам. 2005-ші жылдың жазынан бері олар қожайынға тегін жұмыс істеген. Сонымен бірге оқиға болған жерден құрық табылған. Сірә, сонымен оларды ұрып-соққан болуы керек. Олардан өзге тағы екі адам болған, бірақ олар өліп қалған. Мәйіттері сол маңға жерленген. Ақыры, осы жайтар бойынша «Шығыс» шаруа қожалығының басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, істі қараған Лебяжий аудандық соты қыркүйектің 7-сі күні оны айыпты деп тауып, Қылмыстық кодекстің 126-шы бабының 3-ші тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды,- дейді Павлодар облыстық ішкі істер басқармасының қызметкері.

Адамды күшпен ұстап, оның еңбегін қанаған азаматқа мұндай жазаның берілуін адам құқығын қорғаушы заңгер Айна Шорманбаева жеткіліксіз деп есептейді. Дегенмен, әдетте мұндай істердің ашылу қиындығы бір басқа, олардың сотқа жетіп, кінәлілердің жаза тартуы одан да қиын дейді ол. Сондықтан, Қазақстанда адамдарды күшпен ұстап, оның еңбегін пайдаланушының заң алдында жауап беруінің өзі жетістік дейді маман:

- Өйткені, бұл қылмысты ең алдымен дәлелдеу қиын. Екіншіден, зардап шеккендерді сотта қорғау қиын. Өйткені, олар құқықтық жағынан сауатсыз және әлеуметтік жағдайлары төмен. Жақсы адвокат жалдауға қауқарсыз. Сондықтан, олар өздерін-өздері қорғай алмайды.

Бұған дейін белгілі болғандай, бұл қылмыстық іс еш жерде тұрақты мекен-жайы жоқ Юрий Качалабаның арызы бойынша қозғалған. Оны полиция қызметкеріміз деп таныстырған белгісіз адамдар былтырғы жылдың жазында күшпен алып кетіп, фермада мал бақтырып қойған.Қазақстанда шығатын «Око» газетінің кейбір нақтыланбаған мәліметтеріне қарағанда, жауапқа тартылған адамның туысқандарының Павлодар полициясына тікелей қатысы болған. Жалпы адамдарды күштеп ұстау және жұмысқа салу оқиғаларының сотқа жетіп, жәбірлеушілерге қатысты үкімнің сирек шығатындығының бір себебін мамандар осы қылмыс түрінің сыбайласқан жемқорлықпен байланыстығымен түсіндіреді. Өйткені, адам сату әлемде қару-жарақ, есірткі сатудан кейінгі ең бір табысты қылмыстың түрі болып есептеледі дейді Ақтөбедегі «Үміт» қоғамдық ұйымының төрайымы Айгүл Дүйсенова:

- Бұл - үлкен ақша! Одан ешкім де айырылғысы келмейді. Құқық қорғау орындарының қызметкерлері болады сондай адамдармен бірге жұмыс жасайтын. Көп қаржысы болғандықтан, судьяларды сатып алады. Адвокаттарды жалдай алады. Іс қозғалса да, оның әрі қарай дамуына мүмкіндік жоқ!

Мәселен, оның айтуынша, Ақтөбеде шілде айында жергілікті полицейлер өзбекстандық 14 азаматты күшпен ұстап, ұрып-соғып, зорлап, жұмысқа салып отырған адамдарға қарсы қылмыстық іс қозғаған. Бірақ, ол іс өте баяу жылжуда. Себебі, күдіктілер ауқатты, таныстары мол адамдар болса, жәбір көрушілер өз құқықтарын нашар білетін, әлеуметтік жағынан қорғалмаған адамдар дейді адам құқығын қорғаушы.

- Бірақ олар айғақтар жинап, оларды тасымалдаушы әйелді ұстап, отырғызды. Ол болса, төрт бірдей адвокат жалдады. Адвокаттары біресе оны қолхатпен қамаудан шығарып алуды сұрайды, біресе оның уақытша қамау орнынан басқасына неге ауыстырылды деп сотқа арыз жазады. Осындай іс-шаралар істі тежейді. Ал осында түсініктеме беріп жатқан жәбірленушілердің жүргеніне 1 жарым ай болады. 2-3 айдан кейін олардың отбасыларына оралғылары келеді. Олар қанша қорлық көріп, моральдық-материалдық шығынын өтеп алғысы келсе де, ұзақ уақытқа қалғылары келмейді. Әдетте, мұндай істердің сотқа жетпейтіндігі осындайдан туады, - дейді Айгүл Дүйсенова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, тамыздың 26-сы күні Павлодар облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетіне Павлодар облысындағы Баянауыл ауданы Қапал ауылындағы шаруа қожалығынан қашып шыққан бір азамат арызбен шағымданған. Оқиға болған жерге жеткен заң адамдары сол жерде еркінен тыс жалшылық жұмыста жүрген тағы 3 адамды табады. Алайда, ол істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қабылдап алған Павлодар облыстық ішкі істер басқармасы факті дәлелденбегендіктен, әлі қылмыстық іс қозғалған жоқ дегенді айтып отыр.
XS
SM
MD
LG