Accessibility links

Сириядағы АҚШ елшілігіне шабуыл жасалды.


Сейсенбі күні Дамаскідегі АҚШ елшілігіне шабуыл жасаушылардың үшеуін қауіпсіздік күштері өлтірді деп хабарлады, Cирияның Ішкі істер министрлігі. Бұл шабуыл Сирияда орналасқан қарулы топтар мен олардың ресми Дамаск үкіметімен күрделі байланысын көрсетіп отыр.

Бүгінгі шабуылды Дамаскідегі АҚШ елшілігінен бірнеше шақырым жердегі Халықаралық Банк ғимаратының балконынан көрген бір шетелдік азамат Азаттық радиосына болған жағдайды былай суреттеп берген.

“Ол жерде артилериялық атыстар болды, түтін, қара түтін АҚШ елшілігінен немесе оған жақын жерден шығып жатыр. Біз елшілікке жақынбыз, бірақ не болып жатқанын анық көретіндей сондай қатты жақын емес. Біздің естігеніміз атыстар мен жарылыс болды”- дейді, Азаттыққа берген сұхбатында атын атағысы келмеген азамат.

Ал, Сирия Ішкі Істер министрлігінің хабарлауынша, қауіпсіздік күштері шабуыл кезінде үш шабуылшы қарулы жауынгерді өлтірген. Генерал Бассам Абдел Мажид Дамаскідегі Құрама Штаттар елшілігіне болған бұл шабуылды “террорлық операция” деп түсіндірді.

АҚШ мемлекеттік департаменті ол елшіліктегі барлық дипломаттарының аман екенін айтты. Бұл шабуылдың егжей-тегжейлі мәліметтері әлі анықталмай отыр.

Бірақ, Батыстық ақпарат агенттіктері шабуылды көрген басқа адамдардың сөздерін келтіріп, онда оқиға куәгерлері шабуылшылардың елшілікке көліктерімен кіріп келіп, ғимарат алдында тұрған сириялық қауіпсіздік күштеріне оқ ата бастағанын айтқан. Елшілік қарауылшылары да оларға қарсы оқ атқан қақтығыстан соң, шабуылшылар өздерінің көлігін жарып жіберген. Бұл шабуылдарға жауапкершілікті әлі ешбір топ алған жоқ. Бұл шабуыл тағы да Сирияда қарулы топтардың бар екенін және олардың ресми билікпен нашар қарым-қатынаста екенін назарға алып отыр.

Бұл тұрғыда Берлинде орналасқан Халықаралық және Қауіпсіздік Істері жөніндегі германиялық институттың директоры Волкер Пертес, Сирия өз билігіне проблема жасап әсер етуі мүмкін елдегі исламшыл топтарды басып келді деп отыр. Бірақ, Пертес Сирияда Құрама Штаттар бастап Ирақты басып алғаннан кейін қатты белсенді болып кеткен жаңадан шыққан әл-Қаиданың бөлімшелері пайда болған.

Осы ретте Уашингтон да бірнеше рет Дамаксіні қарулы топтардың Сирия шекарасы арқылы Ирақтағы бүлікшілерге жауынгерлерін жіберуге мұрсат беріп отыр деп айыптап келген. АҚШ ресмилері сонымен қатар, “Сириядағы кейбір мешіттер қарулы жасақтардың қатарын толықтыру үшін адамдарды өздеріне тартып жатыр”-дейді. Уашингтон мен Ирақ үкіметі осыған дейін Дамаскіні өз шекарасын жауып, қазіргі Ирақта бүлік жасауға қаржылай қолдау көрсетушілердің, оның ішінде Саддам режимінің бұрынғы мүшелерінің жолын кесуге шақырған.

Ал, Уашингтонмен қарым-қатынасы онша жақсы емес Дамаскі болса, Ираққа қарулы жауынгерлер мен қаржы қорларының өтуіне өздерінің қатысы жоқ екенін айтқан.

Бұл мәселеде сарапшы Волкер Пертес, Сирия үшін қарулы топтардың бұл елде болуының тиімді тұсы мен қауіпті жағы сияқты екі беті де бар екенін айтады:

“Сирия үкіметі Сириядан тыс жердегі әсірешіл исламшыл топтарға қолдау танытқаннан бері жіңішке жіптің үстімен келе жатқандай күйде. Оларға қолдау көрсете отырып Сирия үкіметі сол топтардың үкіметке деген қарсылықтарын жоюға немесе бейтараптандыруға тырысты.

Ол сонымен қатар, атап айтқанда Ирақта алғашқы соғыс басталған айларда Ираққа басып кірген АҚШ күштеріне қарсы соғысуға Сирия еріктілерінің көп болғандығын, Сирияның өзіндік одақтастық саясатының болғандығын білдіреді. Бұл арада, менің пікірімше, Сирия үкіметі қазір сол еріктілердің Сирияға қайтып келген кезде, Жихад жасайды деп қорқады”-дейді, Халықаралық және Қауіпсіздік Істері жөніндегі германиялық институттың директоры Волкер Пертес.

Оның айтуынша, соңғы бірнеше жылда Сирия қауіпсіздік Күштері мен қарулы топ арасында бірнеше қақтығыстар болған. Ондай шиеленістер тек Сирияның орталығында ғана емес, ислам көтерілісшілерінің мекені болып табылатын Сирияның солтүстігінде де орын алған.

Соңғы жылдары Сирия үкіметі көбірек мешіт салып консервативті исламшыл топтамен байланыс құруға күш салғанымен, олардың жауынгерлік белсенділігі артып кеткен. Сарапшылар, Сириядан өтіп Ираққа соғысуға барған ашулы жастардың Сирия үкіметінің өзіне қаупі бар ма, жоқ па ол келешекте белгілі болады дейді.

Дегенмен, Сириядағы бүгінгі АҚШ елшілігіне болған шабуыл, қарулы топтың ең жоқ дегенде Дамаскідегі Батыстың мүддесіне қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді.

Бұл сонымен қатар, Сирияны да босаңсуға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, бұл шабуыл елге келетін қажетті инвестицияны да үркітіп, Уашингтонның Сирия террористерге қолдау танытып отыр, оны әлем елдерінен оқшаулау керек деген сөзіне дәлел болады дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG