Accessibility links

Будапештте наразылық демонстрациясы одан ары жалғасып жатыр


Будапешт қаласында қақтығыстар үш түн қатарынан өтті, демонстрация бүгін де жалғасып жатыр. Қақтығыстардың салдарынан 200 шақты адам жарақат алды, олардың көбі полиция қызметкерлері. Ереуілге түрткі болған жағдай – Венгрия бас министрі билеуші партия елдің экономикасы туралы жалған ақпарат бергенін растаған, билеуші партия сайлауды жалған мәліметтің арқасында ұтқанын мойындаған. Оппозиция қолдаушылары парламент үйінің жанында шатырларын тігіп, наразылық акциясын ұзақ жүргізетіндерін көрсетіп тұр.

Бас министр, Социалистік партия өкілі Ференц Дюрчан сәуір айындағы сайлауды жалған экономикалық мәлімет айтып ұтқандарын мойындағаны елде наразылық тудырды. Оппозиция бас министр Ференц Дюрчан қызметінен кетсін дейді. Бас министр қызметімнен кетпеймін дейді. Үкімет оппозициялық партияларды бүгін келіссөз өткізуге шақырды, алайда оппозиция көнбеді. Жексенбі күні Будапештте саяси митинг өткізілмек болған, дегенмен оппозиция қауіпсіздік алаңдаушылығын ескеріп, митингті өткізбейміз деп отыр. Ал бүгін түнде болған ереуілге шамамен он мың адам жиналды, демонстрация тәңертен де жалғасты. Оннан астам адам жараланды, олардың көпшілігі көзден жас ағызатын газдан зардап шекті. Үкімет қақтығыстарға жол бермейміз, тонаушылық орын алса қатаң шара қолданамыз дейді.

Сонымен Будапешттегі жағдай Қырғызстан, Украина және Грузиядағы "түрлі-түсті" революцияларға ұқсап кетті. Лондонда орналасқан Еуропа реформалары Орталығының сарапшысы, Еуропа істері жөнінде маман Катинька Барыш Венгриядағы жағдай Еуропадан сырт қарағанда түсінікісіз көрінеді, себебі Венгрия ардайым тұрақты мемлекет деп қабылданатын дейді. Расында да Будапешт көшелері кейбір бұрынғы советттік елдердегі демократиялық революцияларды еске түсіреді. Дегенмен, сарапшы Катинька Барыш Венгриядағы жағдай өзгеше дейді. Мәселен, Украина революциясындағы талаптарға қарағанда Венгрияда демократиялық институттар баяғыда құрылған, сондықтан екі елде орын алған талаптар бір бірінен алшақ, дейді Катинька Барыш:

- Украина халқы он жыл бойы асқынған коррупция жағдайында өмір сүрді, мемлекет басындағы саяси элита цинизм танытып отырды. Венгриядағы жағдай өзгеше. Бас министр қоғамға өтірік айтқандарын мойындаған соң Венгрияда үкіметтен көңіл қалу жағдайы орын алуы мүмкін. Бірақ мұнда саяси шайқалудың белгісін көрмей отырмын.

Венгрияда ағылшын тілінде шығатын "Будапешт сан" газетінің журналисі Кестер Эдди де Венгрия мен Украинадағы саяси толқулар бір біріне ұқсас болғанымен, олардың табиғаты әр түрлі дейді.

Енді бір айдан соң, қазан айының 23-де Венгрия революциясының 50-жылдығы аталмақ. Венгрия халқы 1956 жылы совет өктемдігіне қарсы көтеріліп, совет әскері көтерілісті күшпен басқаны аян. Совет Одағы өзге социалистік елдерге қарағанда Венгрияда әлде қайда еркін экономикалық жүйе орнатуға мәжбүр болған. "Адам келбеті бар социализм" деген ұғым осыдан шыққан. Дегенмен, Венгрия ресми өкілдері қазіргі көтеріліс 1956 жылы болған революцияға қарағанда мүлдем басқа құбылыс, ереуілшілер жауапкершілігін сезіну керек деді. Мұны венгриялық журналист Кестер Эдди айтып отыр:

- Мәселен, тіпті ел президентінің өзі қақтығыс туғызған адамдар істеп жатқан шаруалары үшін жауапқа тартылатындарын түсінуге міндетті деп айтты. "Біз 1956 жылғы революцияның ұрпақтарымыз" деп олардың айтатындары бар. Президент олардың істері 1956 жылғы оқиғаға мүлдем ұқсамайды деді.

Дегенмен, Венгриядағы жағдай Еуропа Одағының кеңею мәселесі жағынан қарағанда алаңдаушылық туғызып отыр. Еуропа Одағы осыдан екі жыл бұрын кеңейгенде Венгрия одаққа қосылуға аса қатты дайын деп қабылданған. Енді міне Венгрия аяқ астынан әлсіздігін көрсетіп алды. Бұл Еуропа Одағының кеңеюіне қарсы топтарға қосымша дәлел береді, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG