Accessibility links

Журналист Гонгадзені өлтіру ісі толық ашылатын емес


Украинада журналист Георгий Гонгадзенің өлтірілгені елдің жаңа тәуелсіз кезеңінде ең атышулы саяси қылмыс болып отыр. Интернет-журналист Георгий Гонгадзе осыдан алты жыл бұрын ұрланып, өлтірілді. Бірақ істің анық-қанығы осы күнге шейін ашылмады, бұл Украинадағы көптеген жұртты алаңдатып отыр.

Журналист Гонгадзе 2000 жылы қыркүйек айында өлтірілгенде халық наразылық танытып, көшеге шыққан. Ел астанасы Киевте орын алған қанды қақтығыстар Украинада 1917 жылғы Қазан революциясынан бері болмапты. Ереуілшілер кісі өлтіруді президент Леонид Кучма тапсырды деп айыптап, оның қызметінен кетуін талап етті. Полиция демонстрацияға шыққан халыққа күш қолданды. Сол 2000 жылы қараша айында қылмысқа президент Кучманың қатысы бар деген құпия аудиожазба шықты. Аудиотаспаны президент Кучманың оққағарларының бірі Мыкола Мельниченко жазған деп айтылады. Онда Кучманың дауысына ұқсаған дауысы бар адам ішкі істер министрі Юрий Кравченкоға Гонгадзені "ұстап алыңдар, ұрып-соғып, чешендерге лақтырып жіберіңдер" деп бұйырған.

2004 жылы президент Кучма қызметтен кетіп, желтоқсан айында демократиялық революция жасалған соң, Гонгадзенің ісі енді ашылатын шығар деген үміт жанданды. Бірақ ол үміт ақталмай отыр. Бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Кравченко 2005 жылы наурыз айында прокуратураға шақырылды. Алайда ол прокуратураға баратын күні өлі күйінде табылды, ол өз басына өзі екі рет атып, өзін өзі өлтірді деп айтылады. Юрий Кравченко "Кучманың интригаларына түсіп қалдым" деп қағаз жазып кетіпті. Кейбір адамдар, бәлкім, Юрий Кравченко өлтірілген шығар, ол Гонгадзені өлтіруге кім бұйрық бергенін айтып қоймасын деп өлтірілген шығар дейді.

Осыдан шығып тұрған жорамал, - деп жазады "Азаттық" радиосының сарапшысы Роман Купчинский, - қазіргі президент Виктор Ющенко Гонгадзенің ісін пайдаланып, Леонид Кучмамен 2004 жылы құпия келісім жасауы мүмкін делінеді. Яки Кучма дауға айналған президенттік сайлаудың үшінші айналымын өткізуге келісім береді де, Ющенко үшінші раундта бәсекелесі Виктор Януковичті жеңеді де, президенттік билікке келеді-мыс. Бұдан кейін Ющенко Кучманың тергеуге тартылмауына жағдай жасайды-мыс. Дегенмен, Ющенко да, Кучма да мұндай келісім болмаған дейді.

Гонгадзенің ісі қаншалықты баяу жүріп жатса да прокуратура кейбір айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Гонгадзені ұрлап кетті және өлтірді деген айыпен былтыр тамыз айында полицияның үш аға офицері сотқа тартылды. Бұлар – Валерий Костенко, Мыкола Протасов және Олександр Попович. Бұл үшеуі айыптарын мойындады, бірақ қылмысты ішкі істер министрлігінің генералы Олекса Пукачтың тікелей бұйрығы бойынша жасадық дейді. Олекса Пукач болса Израильге баяғыда қашып кеткен, қанша экстрадиция әрекеті жасалса да, оны Израильден қайтарып алу мүмкін болмады. Украина арнайы қызмет тобы да Израильге жіберілген болатын, алайда олар Олекса Пукачты ұрлап алып келіңдер деген бұйрықты орындай алмады. Олекса Пукач – Украина үкіметі қолға түсіргісі келетін бірінші кезектегі тұлға болып тұр.
XS
SM
MD
LG