Accessibility links

Вашингтонда Қазақстанның Тәуелсіздік монументі ашылды


АҚШ-қа ресми сапармен келген президент Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда Қазақстанның Тәуелсіздік монументін ашты. Бұл шара қыркүйектің 28-і күні Қазақстан елшілігі жанында өтті. АҚШ энергетика министрі Самуэл Бодманның мәлімдеуінше, бұл монумент “достық қарым-қатынастағы екі елдің ортақ мақсатта” екендігін еске салып тұрады.

АҚШ астанасында Қазақстан тәуелсіздігіне арналған ескерткіш ашылды. Бұл шараға АҚШ-та ресми сапарда жүрген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Вашингтондағы елшісі Қанат Саудабаев және АҚШ өкілдері қатысты. Назарбаев өзінің сапары нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты.

Ал өз кезегінде АҚШ энергетика министрі Самуэл Бодман былай деп мәлімдеді:

“Біздің одағымыз көптеген мәселелер бойынша сенімді ынтымақтастыққа негізделіп құрылуда. Біз барлық мәселелер бойынша келіспейміз бірақ көбінше ортақ ұстанымды ұстанамыз”.

Бодманның айтуынша бұл ескерткіш достық қарым-қатынастағы екі елдің ортақ мақсатта екендігін еске салып тұрады.

Ресми мәлімдемелерден кейін Қазақстан елшісі қонақтарды елшілікке шақырды. Сөйтіп Қазақстанның Тәуелсіздік Монументі ресми түрде ашылды. Қоладан жасалған, биіктігі шамамен төрт метрлік бұл монументті жасау үшін қанша уақыт кетті деген сұраққа осы ескерткіштің мүсіншісі Клара Сэвер былай жауап берді:

“Білесіз бе, мұндай жұмысты жасау үшін нақты бір мынанша уақыт кетеді деп айта алмаймын, себебі оны бір сәтте бастайсың, бірақ ол ұзақ уақыт бойы жалғаса береді. Бұл монументті мен шамамен бір жарым жылда аяқтадым”.

Осындай монумент Қазақстанның Алматы қаласында да орнатылған, бұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған сақ жауынгері бейнеленген.
XS
SM
MD
LG