Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.05.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз Шымкентте ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар саны 72-ге жеткендігі туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов миллиардер Лакшми Митталды сотқа бергісі келетіндігіне мән берсе, газеттердің бірқатары қате басылған теңгелердің қолданысқа шығуына қарсылығын білдірген.

Оңтүстік Қазақстан облысында қатерлі ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар саны 72-ге жеткендігі туралы мақала «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде басылыпты. «Ресей дәрігерлері бұл эпидемияны кезінде Элиста қаласында тіркелген осындай жағдаймен салыстырып отыр. Сол кезде Ресейдің бірнеше аймағын қамтыған СПИД эпидемиясы 274 балаға қатерлі инфекция жұқтырған еді. Қазіргі таңда Шымкентте жергілікті мамандармен қатар Ресей және Украинадан келген дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Ресейлік психолог-маман Елена Ведмедтің айтуынша, 80-жылдардың аяғында Элиста қаласында эпидемия басталған кезде қатерлі дертті алғашқы жұқтырғандардың көбі дұрыс ем қабылдамағаннан көз жұмған. – Біздің бұл мәселемен айналысып жүргенімізге 18 жыл болды. Дұрыс көрсетілген көмектің арқасында сол кезде инфекция жұқтырғандардың көбі қазіргі таңда бала сүйіп отыр, - деді ресей маманы. Элиста қаласындағы эпидемия кезінде қатерлі дертті жұқтырған 274 баланың 110-ы тірі қалған» деп жазды «Комсомольская правда: Казахстан» газеті.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына шалдыққан алтыншы бала көз жұмғандығы «Экспресс К» газетінде айтылыпты. «Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулықсақтау департаменті таратқан ресми деректер бойынша, көз жұмған бес айлық бала Мақтарал ауданынан келген. Шымкент қкаласында ВИЧ инфекциясынан осы жылдың маусым айында үш бала қайтыс болған еді. Ал тамыз айында екі айлық бала осы кеселден көз жұмған. Қыркүйек айының орта шамасында қатерлі дерттің құрбаны бесеуге жетті. Мақтаралдық сәби ВИЧ инфекциясынан көз жұмғандардың алтыншысы атанып отыр» делінген «Экспресс К» газетіндегі мақалада.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы эпидемиямен күресу үшін арнайы қор құрылғандығы «Время» газетінде жазылыпты. «Қазірдің өзінде қатерлі дертке шалдыққандарға көмектесу үшін жүздеген адамдар қаржы бөліпті. Қор ашылған он күннің ішінде бес миллион теңгеден астам қаржы жиналыпты. Бұл акцияға Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік компаниялар да қосылып отыр. Америкалық кәсіпкер Брайан Севидж өзінің отандастарымен бірге Шымкенттегі балаларға көмектесу үшін 1 миллион доллар жинап беретіндігін мәлімдеді» делінген «Время» газетіндегі мақалада.

Қазақстанның оңтүстігі қатерлі эпидемиямен күрес жатқан кезде қарағандылық шахтерлер «Миттал Стил» компаниясы басшылығын жалақыны көтеруге мәжбүр еткендігі «Литер» газетінде баяндалыпты. «Миттал Стил Теміртау» компаниясының Бас директорлығы қызметіне жаңадан кіріскен Нарендра Чоудхари жұмысшылармен арадағы еңбек қақтығысы аяқталғандығын, шахтерлердің жалақысы көтерілетіндігін мәлімдеді. Оның айтуынша, бәтуәнің шарттарына барлық тараптар риза. Келісім бойынша қазанның 1-нен бастап жұмысшылардың жалақысы 20 пайызға, ал келесі жылдың ақпанында 10 пайызға көтеріледі» деп жазды «Литер» газеті.

Бұл уақытта Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов үнді миллиардері Лакши Митталды сотқа беретіндігі туралы мақала «Айқын» газетінде басылыпты. «Ерасыл Әбілқасымов өзінің осындай шешімін Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында жария еткен. «Миттал мырза ең «шұрайлы» шахталарды сатып алды да, оның 15-тен астамын жауып тастап, мыңдаған қазақстандықты жұмыссыз қалдырды. Сондықтан бәріміз Митталдың өзін халықаралық сотқа беруіміз керек!» деді депутат. Алайда бірқатар депутаттар Ерасыл Әбілқасымовты сабырға шақырды» делінген «Айқын» газетіндегі мақалада.

Бейсенбі күні жарық көрген бірқатар басылымдар қате басылған теңгелердің айналымға шығарылуына қарсылық білдіріпті. Мәселен, «Ана тілі» газеті қате банкноттарға «сақау теңге» деген ат беріпті. «Жас Алаш» газеті болса «халықты қатесі бар теңгемен есеп айырыстыруға мәжбүрлеген шенеуніктер жауапсыз» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG