Accessibility links

Қазақстанға қандай конституциялық өзгерістер керек?


Қазақстанда президенттің өкілеттілігін кемітетін, президенттік-парламенттік басқару формасы құрылатын шығар деп есептейді "Отан" партиясы төрағасының орынбасары, президенттің қызы Дариға Назарбаева. Ол басқаратын қоғамды демократияландыру бойынша Мемлекеттік комиссияның жұмысшы тобы бейсенбі күні Қазақстанда алдағы бірнеше жылда жүргізілетін конституциялық өзгерістердің негізгілерін жария етті. Алайда, онда айтылған кейбір ұсыныстарға оппозиция өкілдерінен өзге кейбір президенттік партия басшылары да сын айтып отыр.

Қазақстанда демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және оны жүзеге асыру бойынша мемлекеттік комиссияның азаматтық қоғамды дамыту жұмысшы тобы қазанның 5-і күні Қазақстанда бір палаталы, яғни, мәжілістен ғана тұратын парламент құруды ұсынып отыр. Жұмысшы тобын басқаратын «Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева өзінің осы идеяны жақтайтындығын айтқан. Алайда, әзірге басқа кейбір президенттік партия басшылары бұл пікірмен келіспей отыр. Мәселен, Азаматтық партия төрағасы Азат Перуашев Сенатты сақтау қажет деген пікірде:

- Мысалы, Мәжілістегі депутаттар бір мандаттан түссе, өз аймағындағы сайлаушыларының мүддесін қорғайды. Ал бүкіл елдің атынан сөйлетін, бүкіл халықтың мүддесін қорғайтын жоғарғы палата керек деп ойлаймын.

Азаматтық партияның мұндай позициясын «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова да қолдайды:

- Сенаттың тарқамағаны дұрыс. Мысалы, англияда палатаның үш түрі бар. Сондықтан, Конституцияны соған бола өзгертудің қажеті жоқ.

Дариға Назарбаева басқаратын жұмысшы тобы тек бір палаталы парламент жасап қана қоймай, депутаттар санын арттырып, оның тең жартысын партиялық тізіммен өткен депутаттар құрау керек деп есептейді. Ал, олардың пікірінше, премьер-министр кандидатурасын Мәжіліс сайлауында көп дауыс алған партия ұсынуы тиіс. Азаматтық партия бұл ретте басқарушы екі партия болуы керек десе, «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова Қазақстанда барлық партияларға тең жағдай жасалмаған деп есептейді. Сондықтан, мұндай өзгерістер бір партиялы жүйеге әкеп тірейді президенттік «Руханият» партиясының жетекшісі:

- Әкмішлік ресурс арқылы партиялардың бірін күшейтіп, бірін кемітіп отырған қазіргі жағдай - әлі оған жетпедік деген сөз. «Әділ сайлау болады» деп айтылғанымен, әлі әділ сайлауға жеткен жоқпыз ғой. Бір-екі партия өтіп, премьерін де, басқасын да ұсынуы. Бұл талас емес, бір партиялық жүйеге жақындау. Ал ол - демократиялыққа қайшы!

«Отан» партиясы құрылымда жұмыс істейтін саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек сайлауда жеңіп шыққан саяси партияның билікке келу мүмкіндігі Қазақстандағы жалпы саяси партиялардың жұмысына жаңа серпіліс береді деген ойда:

- Бұл дамыған елдердің бәрінде бар тәжірибе. Енді біз оны өзімізге кіргізейік деп жатырмыз. Ал Қазақстандағы саяси партиялар оған дайын ба, дайын емес пе? Ол – екінші мәселе. Жаңағыдай нормалар қабылданған жағдайда саяси партиялардың топтасуы күшейеді. Себебі, олардың көзі жетеді: ұсақ партиялар еш уақытта Парламентте басымдылыққа ие бола алмайды. Бұл біздегі кейбір жасырын-топтық саясаттан гөрі жария саясаттың қалыптасуына әсер етеді. Бұл дегеніңіз – демократия!

Алайда, Қазақстанда шынайы саяси өзгерістер болмай, партиялардың үкіметті жасақтауы тәрізді бастамалар түбегейлі демократиялық процестерге жеткізбейді дейді «Азаматтық қоғам» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ғалымжан Жақиянов:

- Бұл негізінде дұрыс ұсыныстар. Бірақ, мәселен, парламенттік республиканың премьер-министрін парламент тағайындайтындай болып, ал жалпы елімізде демократия, бостандықи орын алмаса, соттың, сайлаудың әділдігі деген мәселе шешімін таппаса, мұның бәрі бсо сөз, бос әурешілік болып қала береді. Өйткені, ол партиялардың сайлауда қалай өтетінін білеміз, алдыңғы парламенттік, президенттік сайлаулардың қалай өткенінін білеміз, алдағы сайлаулар да дәл сол сценариймен өте ме деген күмән бар. Сондықтан, осылай сайланған парламент, осылай тағайындалған премьер-министр арқылы саяси жүйе бәрібір бұрынғы авторитарлы күйінде түрінде қала беруі мүмкін.

Ал Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов Қазақстанға кейбір конситуциялық өзгерістерді келесі жылдана бастап та енгізе беру керек дейді. Ол мұндай өзгерістер өз кезегінде Қазақстан билігінің ашық болуы, сайлаудың әділ өтуіне әсерін тигізеді дейді:

- Ең бастысы қоғамдағы барлық күштер қазір, бір жылдың ішінде ме, жарты жылдың ішінде ме, негізгі бағыттары жөнінде келісімге келуі керек. Мысалы, Украинада Ющенко «универсал» дегенді ұсынды ғой. Сондықтан, ешкім монархияға немесе кері қарай тоталитарлы жүйеге тартпайтындай боулы үшін барлық қоғамдық күштер «міне, біздің негізгі бағытымыз» деп келісуі керек деп ойлаймын.

Мемлекеттік комиссияның азаматтық қоғамды дамыту бойынша жұмысшы тобы Қазақстанда конституциялық өзгерістер 2008-ші жылдан ерте болмайды, бірақ кейбір заңдарға өзгерістер енгізу келесі жылдан басталады деп есептейді.
XS
SM
MD
LG