Accessibility links

Ұйғыр ұлтының хұқ қорғаушы белсендісі Нобель сыйлығына үміткерлер қатарында


Ұйғыр халқының хұқ қорғаушы белсендісі, 11 баланың анасы Рәбия Кадир 2006 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылғандардың бірі. Дауыс беру нәтижелері жұма күні Ослода жариялануы тиіс. Биыл бұл халықаралық мәртебелі сыйлықпен марапатталуға ұсынылған жекелеген тұлғалар мен үміткер топтардың жалпы саны 191 болады екен.

Рәбия Кадир - Қытайдағы ұйғыр ұлтының хұқтарын қорғаушы белсенділердің бірі десек болады, ұйғырлар Қытайда тұратын ұлттық азшылық екендігі аян.

11 баланың анасы, ұйғыр белсендісін мұндай халықаралық сыйлыққа лайықты деп ұсынып отырған Швеция парламенті. Олар Рәбияның ұйғыр халқының тағдырына алаңдап, әсіресе әйелдер хұқын белсенді қорғап жүрген істеріне осылайша қолдау көрсетпекші екен.

Жалпы өзі миллионер санатындағы 58 жасар бұл кәсіпкер әйел бірнеше немересі бар әже де болатын. Ол адам хұқын қорғау жолындағы белсенді әрекеттері үшін 1999 жылы сегіз жылға түрмеге жабылған. Дегенмен де Қытай үкіметі оны 2004 жылы түрмеден босатқан. Қазіргі таңда ол АҚШ-та тұрады.

Рәбия Кадир өзінің мұндай халықаралық сыйлыққа ұсынылуы Қытайдағы ұйғыр азшылығының бастан кешіп отырған қорлық-зорлық, зомбылығына уақытылы назар аудару деп бағалайды.

- Менің Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылуым - халықаралық қауымдастықтың ұйғыр халқының қазіргі бастан кешіп отырған жағдайын, атап айтқанда Қытай билігінің оларға көрсетіп отырған қысымын мойындауы деп білемін, - дейді ол.

Рәбия Кадир Ұйғыр-американ қауымдастығының президенті міндетін атқарады. Оның баспасөз өкілі Бен Каардус Рәбияның мұндай сыйлыққа ұсынылуының өзі - ұйғыр проблемасын халықаралық деңгейге шығарып, осы мәселеге көбірек көңіл аудартуға ықпал етеді деп ұғатынын айтады. Жалпы бұл проблема әлемнің бір санаулы бөліктерін айтпағанда, көпшіліктің назарынан тыс, ескерусіз қалған, көбіне таныс емес деуге болады. 8-10 миллион шамасында болатын ұйғырларға қатысты алаңдаушылықтар баршылық.

Ұйғырлардың басым көпшілігі Қытайда Синьцзянь-ұйғыр автономиялы ауданында тұрады, бұрын 1933, 1944-49 жылдар аралығында бұл аймақтың бір бөлігі Шығыс Түркістан республикасы деп аталған болатын.

"Әмнести интернашнл" сияқты халықаралық адам хұқтары ұйымдары Қытай билігін ұйғырлар мен басқа да қытай емес ұлттар өкілдеріне қысым көрсетіп отыр деп айыптап келеді. Жүздеген ұйғыр ұлтының өкілдері саяси көзқарастары мен белсенді әрекеттері үшін түрмелерге жабылып, жазаланған.

Нобель сыйлығы үміткерлерінің қатарында Рәбия Кадирдің бәсекелесі - Финляндияның бұрынғы президенті Марти Ахтисари. Сондықтан бұл сайыста Рәбияның жеңіске жетуі де қиын болуы мүмкін. Ахтисари 2005 жылы Индонезия мен Ачех көтерілісшілері арасындағы жанжалды реттеп, басуға арағайындық еткен болатын.

Ахтисари қазір Косово мәселесіне арағайындық ету сияқты тағы бір қиын іске тартылған. Сонымен қатар Нобель сыйлығы бәсекесінде Ахтисаридің Ачех ісіндегі әріптестері Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдхойоно және Ачех азаттық қозғалысы бар.

Биылғы жылғы Нобель сыйлығына ұсынылған басқа да кандидаттардың ішінде Чех республикасының бұрынғы президенті Вацлав Гавел мен Ирландияның рок жұлдыздары, Африканың кедей еліне көмек қолын созған Боно мен Боб Гелдофтар бар.

2005 жылғы Нобель сыйлығы ядролық қаруды соғыс қимылдарына қолданудың алдын-ала білген Халықаралық атом қуаты агенттігі мен оның басшысы Мұхаммед Ел-Барадейге берілгендігі белгілі.

Нобель сыйлығы - бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын швед өндірісшісі Алфред Нобель өз қаржысына тағайындаған бірнеше сыйлықтың бірі. Сыйлық медицина, химия, экономика, физика және әдебиет саласында жеткен жетістіктер үшін де беріледі.

Биылғы жылы американдық ғалымдар бірнеше сала бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Ең соңғы мәліметке қарағанда, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы түрік жазушысы Орхан Памукке беріліпті.

Сыйлықтың әрқайсысының қаржылай көлемі 1,3 миллион доллар, оны тапсыру салтанаты 10 желтоқсанда Стокгольмда өтеді.
XS
SM
MD
LG